АБАЙ КІТАПХАНАСЫ СИРЕК КІТАПТАР ҚОРЫН ТОЛЫҚТЫРАТЫН МАРАФОН БАСТАДЫ
-
Шымкент қаласы, Абай ауданы
Шымкент қалалық Абай атындағы орталық кітапханасы 2023 жылдан бастап сирек кітаптар мен қолжазбалар қорын толықтыру мақсатында «СИРЕК КІТАПТАР СӨРЕСІ» атты ерекше марафонды іске қосқан болатын. Күні бүгін өтіп жатқан аталған кітапхананың 70 жылдық мерейтойына орай, «Сирек кітаптар сөресі» марафоны жалғасын тапты.
Кітапхананың 70 жылдық мерейтойына орайласқан марафон дәстүрі аясында кітапхана қорына жаңадан 40-тан астам сирек кітаптар қосылған. Олардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының 1948 жылы шыққан алғашқы нұсқасы, «Абай» кітабы және Бауыржан Момышұлының қолтаңбасымен шыққан «За нами Москва» кітабы бар.
– Сирек кітаптар – кітапханамыздың асыл қазынасы. Алдарыңызда тұрған, назарыңызға ұсынылған кітаптар қатарында Абай Құнанбайұлының шығармалары мен кітаптарынан бастап қойылған. Жалпы, біздің Абай атындағы кітапханада 560 мыңнан астам кітап қоры болса, соның бір мыңнан астамы осы құнды кітаптар қоры құрап отыр,-дейді кітапхана қызметкерлері.
Бұл бастама кітапхана қорындағы сирек кітаптарды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу үшін маңызды қадам болып табылатыны сөзсіз. Кітапхана оқырмандарын сирек кітаптар қорын толықтыра түсуге шақырады.