АҚЫННЫҢ 75 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ШАРАЛАР «ХАН ҚЫЗЫНДАЙ ХАНБИБІ» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШПЕН ТҮЙІНДЕЛДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгін, яғни 29-шы қараша күні «Түркістан» сарайында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкері, «Барыс» орденінің және «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына арналған мәдени, әдеби және ғылыми іс-шаралардың легін қорытындылайтын «Хан қызындай Ханбибі» атты шығармашылық кеш өтті.

Осылайша, 2 күнге созылған, 28-29 қараша күндері бойы өткен мәдени іс-шаралар қорытындыланып, баяғының хандарының қыздары ғана өткізетін «отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізген» дейтіндей суреттеумен Ханбибі апамыздың абыройын асыра аспанға көтерген Шымкенттің жұртшылығы мерекелік шаралар шеруі легін түйіндеді. «Түркістан» сарайында өткен қорытынды іс-шараның, жалпы барлық кезеңдерінде ұйымдастырушы ретінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мамандары жүрді.

Кешке қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы сөз алды. Ол:

–  Поэзия әлемінде қайсарлық пен адалдықтың символы болған Ханбибі Есенқарақызы қазақ әйелінің бейнесін айқындаған «Жібек» повесті арқылы проза жанрында да айрықша із қалдырды. Қаламыңыздан шыққан «Алтынай», «Нурикамал», «Қадиша» сынды әндер халық арасында кең таралды. Сіз ұлт мұрасын дамыту жолында аянбай тер төктіңіз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи шындықты қалпына келтіру жолында үздіксіз қызмет еттіңіз. «Қазақ тілі» қоғамында мемлекеттік тілдің кең ауқымда қолданысқа енуіне үлес қостыңыз. Бұл рухани тұтастық пен ұлт болмысын сақтаудағы маңызды қадам деп білемін,-деді қала әкімі Ғабит Әбдімәжітұлы.

Шара барысында ақынның қаламынан туған жырлар оқылып, әндер орындалды. Кештің тізгінін ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Бауыржан Жақып ұстап, Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығы туралы терең мазмұнды әңгімелер қозғады.

Шараға «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары мен «Қазына» би ансамблі өнер көрсетті.