«Бір қала – бір кітап» жобасы: АҚЫНДАР САЙЫСЫ КІТАПХАНАДА ЖАЛҒАСТЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласының кітапханаларында «Бір қала – бір кітап» жобасы жүріп жатқаны белгілі. Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің өткізіп жүрген «Жеребе жүйрігінің» сериясының алтыншы айналымы бұрынғыдан ерекше өткені туралы сол мектептің фейсбуктегі парақшасы бөліскен. Бұл жолы «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде емес, Әл-Фараби кітапханасында өткен.
Ақындарды құшақ жая қарсы алған мәдени ордада «Бір қала – бір кітап» жобасы жүріп жатқан еді. Бұл кешті ұлылар мекеніндегі ұлы ақын Қаныбек Сарыбаевтың шығармашылығын дәріптеу мақсатында жас ақындармен шеберлік сағатына арнапты. Той үстіне той болып, жүлде үстіне жүлде қосылып ақындар да ашыла түсті.
Айтпақшы, айтыста қыздар азайып кетті деп уайымдайтындар болушы еді, бұл жолы төрт қыз қосылып, доданың сәні кірді. Нәтижесінде, Нұрғали Әнапия ақынның арнайы жүлдесі және 3-ші орын Шымкенттік Ақжан Шермахан мен Жетісайлық Балнұр Құрышбекке, Анар Жаппарқұлова ақын апамыздың жүлдесі және 2-ші орындар Бақтияр Айша мен Зарина Пердебайға, Әл-Фараби кітапханасының сыйы және 1-ші орындар Аян Ниязбек пен Исламхан Мұхамедханға бұйырды. Ал, алтыншы айдың үздігі, «Қарашаның жеңімпазы», «Жеребенің жүйрігі» – Нұрдәулет Өмірбек болды.
«Қаратау» дәстүрді өнер мектебі ақындарға қолдау білдірген кітапхана басшысы Анар Жаппарқұлова ханымға және дәстүрге айналған жыр додасын үздіксіз қолдап келе жатқан «Кереге-груп» құрылыс компаниясына үлкен алғысын жеткізгісі келеді.