ЕСІРТКІНІ ОНЛАЙН САУДАЛАУ ӨРШІП ТҰР
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы

Мамандардың айтуынша бүгінде есірткі сатумен байланысты қылмыстың тең жартысы интернет арқылы жасалады екен. Ақпарат алу құралы деп жүрген әлеуметтік желі, мессенджер мен интернет сайттарда есірткі сатудың жүздеген амалы бар. Есірткі бизнесі толығымен кибер салаға көшкен. Есірткіні «телеграмм-боттар» немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатыр. Сол арқылы жастарға курьер, хабарландыруларды тарату сынды жұмыстар ұсынуы да мүмкін. Сондықтан да мұндай есірткі тұзағына көбіне жастар түсіп жатады.
Мысалы, өткен жылы елмізде тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы – интернет арқылы сатумен байланысты болған. Үкімет отырысында тиісті ведомство басшысыы «біз мұндай инкогнито интернет-дүкендерді жауып жатырмыз. Осыған дейін 604 есірткі сайтын жаптық. Бірақ бұл шара мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені жаңа сайттарды ашу тез. Ал оны анықтауға ұзақ уақыт кетеді. Ұйымдастырушыларды анықтау – одан да күрделі. Себебі олар шетелдерде орналасқан. Мұндай заңсыз «контентті» тоқтату үшін заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтар қажет», — деп есеп берген болатын.
Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген еді. Негізгі мақсат – есірткінің қоғамға аса қауіпті түрлері, әсіресе синтетиканың жолын кесу, нашақорлыққа тәуелділікті ерте анықтау, есірткіні қолданатындарды анықтау, уәкілетті органдардың құзыреті мен мәртебесін арттыру, материалдық-техникалық жағдайды жақсарту. Кешенді жоспарда әлеуметтік желілер немесе сайттар арқылы есірткінің таралуын анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік беретін тиісті құралдармен қамтамасыз ету көзделген. Сондай-ақ, жасырын түрде есірткі саудасымен айналысатын сайттар ашылған жағдайда, оларды онлайн түрде бұғаттайтын «Кибернадзор» жүйесі де қарастырылған. Яғни, жасанды интеллект әлгіндей сайттарды өзі анықтап, оған дереу тосқауыл қояды. Сонымен қатар сайтты ұйымдастыратын және оны пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда онлайн есірткі саудасына қатысты мұндай жұмыстар тұрақты түрде өз жалғасын табуда.