Қазіргі Шымкент қаласының аумағында әлі де ашылмай жатқан тарих және мәдениет ескерткіштері, тарихи орындар мен киелі орындардың қатары мол. Оның ішінде қарапайым былайғы жұрт тұрмақ, тарихшы мамандар біле бермейтін, назардан тыс қалып келе жатқан археология нысандары да бар. Бұл туралы «Қызмет» газетінің беттерінде айтып та, таныстырып та жүрміз. Сол дәстүрімізге басып, тағы бір ерекше тарихи ескерткіш жайлы сөз қозғауды мақсат етіп отырмыз. Оқырман назарына бұл жолы ЖЫЛАНБҰЗҒАН ҚАЛАЖҰРТЫ туралы мәліметтерді жеткізсек дейміз.
Жыланбұзған. Атының өзі елең еткізіп, біраз жайдың басын қозғайтындай. Бұл маң туралы халық аузында мистика мен ғажайыпқа толы түрлі аңыздар бар. Әлбетте, халық ауыз әдебиетінің аңыз-әпсаналар тақырыбы саласын зерттейтін ғылым саласы бар. Дегенмен, осы бір ауызша айтылған әңгімелердің астарын құнды тарихи дерек жасырынып жатуы ғажап емес. Кез-келген елдің тарихы аңыздардан бастау алатыны бар. тарихтың атасы – аңыз.
Соңғы кездері қазақ ауыз әдебиетіндегі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қобыланды», «Алпамыс», «Оғыз қаған», «Қорқыт ата» сияқты эпостық жырлардың кейіпкерлері мен сюжеттерінен көне тарихтың түрлі замандарына жататын тарихи қатпарлар анықталып жатыр. Тіпті, фольклоршы және тарихшы ғалымдар бірлесіп, «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегілерінен де өте ерте кезеңдердің тарихи құбылыстарын сөз ете бастады. Бұл Тәуелсіздік алған жылдар ішінде қаралып жатқан тақырыптар. Бұл үрдістің бастауы Кеңес заманында-ақ, О.Сүлейменов «Аз и Я» кітабында орыс ертегілерінің Змей Горыныч, Кощей, Баба Яга секілді кейіпкерле астарынан тарихтағы түркілік кезеңдерге қатысты бір талай деректеме тапқан болатын.
ОРДАЛЫ ЖЫЛАН ТУРАЛЫ АҢЫЗ АСТАРЫНДА НЕ БАР?
«Жыланбұзған» аңызын білетін боларсыз. Әлбетте, аңыз картинасы ертегі секілді сипатталады. Аңыз желісінің басты-басты тірек сөздерін еске ала отырып қысқаша тоқталсақ есіңізге түсер: ерте замандағы ешкі сауатын кемпір, күнде кешке сауған сүтінің таңертең жоқ болып кетіп орнында алтын теңге жататыны, сол алтын теңгелердің әсерінен кемпірдің демде байып шыға келуі, хан сарайына кемпірді шақырып баю сырын күштеп айттыруы, хан нөкерлерін жіберіп алтын теңге тасығыш жыланның інін қазуы, мол қазынаға жолығуы, одан соң ордалы жыландар кектеніп ханның сарайы орналасқан қалаға ойран салуы, қаланың бұзылуы, қаладан қашқан тұрғындардың артынан оқ жыландардың іздеп баруы, соңында кетпеннің ортасындағы тесіктің пайда болуы, жеті шелпек пісіру дәстүрінің пайда болу себебін түсіндірумен аяқталады. Содан бері ертеде өмір сүрген аты ұмытылған ханның ордасын ордалы жылан бұзғандықтан, сол көне қаланың орны «Жыланбұзған» аталыпты деседі. Бұл аңыз туралы 2018 жылы жарық көрген «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы» дейтін жинақта да кішірек тоқталған.
Енді, осы аңыздың астарына үңіліп көрейікші. Ерте орта ғасырда, ІХ-ХІ ғ.ғ. қазіргі қазақ жерінің солтүстік, орталық жағында Қимақ қағандығы өмір сүріп, оның құрамындағы қыпшақ елі ХІ ғасырдың бас жағында билікке ие болып, Қыпшақ қағанаты пайда болды. Осылайша, қазіргі қазақ жері ғана емес, Орта Азия мен Шығыс Еуропа аралығындағы елдердің тарихына әсер еткен көшпелілердің мемлекеттік дәрежедегі үлкен әскери-саяси құрылымы қалыптасты. О.Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабында ежелгі славян жылнамасына, өмір салтына, тарихына, тіпті ертегісіне дейін әсер еткен Қыпшақ жұртының басты төтемдерінің бірі – жылан немесе айдаһар болғанын айтады. Оған дәлел ретінде Змей-Горыныч дейтін кейіпкерді келтіреді. Жалпы, тарихшылар Қыпшақ хандығының билігінде болған хандардың тегі Ұран (Қайы) деген рудан шыққанына тоқталады. Мысалы, тарихшы Ж.Сәбитов «Қыпшақ хандарының әулеті» дейтін мақаласында (https://abai.kz/post/50237 ) Теркен қатын, Алып-Қара, Шаруқан, Боняқ секілді ел билеген Қыпшақ хандары Ұран тайпасынан шыққанын сөз етеді. Ал, әдебиет зертеушісі Т.Жұртбай болса, қазіргі қазақ тілінің қолданысында жүрген «ұран» сөзі көне қыпшақтың төтемдерінің бірі болған «Ұран» дейтін ұғымнан басталады дейді. Оның түсіндіруінше ескі қыпшақтар «ұран» деп қазір біз «жылан» деп жүрген жәндікті айтқан екен. Сөзжасам тарихына қарасақ, түбі «оралған аң» деген екі сөзден бірігіп, «ұран» деген формаға жұмырланған. Түркі халықтарында кезігетін ораңғай, ұранқай, уранхай дейтін этнонимдердің түп-төркіні сол қыпшақтың төтемі боған «ұранда» жатыр дейді ғалым. Айтпақшы, Түркістан маңындағы Ораңғай дейтін ауылда қазір де қыпшақтың бір атасы мекен етпей ме?
Қыпшақ пен жылан тақырыбын неге сөз етіп кетті дейсіз бе? Көшпелі халықтар, оның ішінде біздің де ата-бабаларымыз өзінің құрмет тұтқан қасиетті нәрселерін, сондай-ақ атын атауға батпаған әлдебір жануарлардың атын тікелей атамай, жанама атын қолданғаны белгілі. Мұндай жанама атау беру дәстүрі адам, жануар, өсімдік, жер аттарымен қоса, кейде халық аттарында да пайдаланылады екен. Сондай мысал ерте ортағасырларда өмір сүрген Қыпшақ еліне де қолданылған сияқты. Славян халқы Змей Горыныч, оғыз елі Жылан деп жанама атаумен сөз ететін аңыз-ертегі кейіпкері – біз сөз етіп отырған қыпшақтар болған. Оған нақты тарихи дәлел – Оғыз қағанатының (VІІІ-ХІ ғ.ғ.) құлауы. Оғыз мемлекетінің астанасы – Сырдың төменгі ағысында орналасқан Жаңакент (Янгикент) қаласы болғаны белгілі. Осы Жаңакенттің бұзылуы туралы халық арасында айтылатын «Бегім сұлу» туралы аңыз бар. Аңыз желісінде Қарабура әулие қызы Бегім сұлуды оғыздың Санжар хан деген ханына ұзатып, соңында ханның бір әрекетінен Қарабураның қарғысына ұшырайды да Санжар ханның ордасын жылан қаптайтыны суреттеледі. Ал, нақты деректерде Оғыздың Жаңакент қаласын Қыпшақ ордасы құлатып, оғыздардың оңтүстікке қарай ойысуына себеп болады ғой. Демек, «Бегім сұлу» аңызындағы қаптаған жыландар – төтеміне жылан мен айдаһарды белгілеп алған Қыпшақтар екені өздігенен түсінікті бола түседі. Шамасы, Қарахан мемлекеті (аңыздағы Қарабура кейіпкерін еске алыңыз) мен Қыпшақ хандығы одақтаса Оғыз мемлекетін ығыстырған тарихи дерек аңыз болып жетіп отырған сияқты.
Көне Сайрам мен Шымкент қаласының маңы ежелден сауда жолдарының тоғысқан, егіншілігі өркендеген, қонысы құт дарыған мекен болды. Бұл жер үшін нешеме елдер бір-бірін шауып, қақтығыстар орын алды. Ерте орта ғасырларда бұл маңда Араб халифаты, Самани, Таң империяларынан бөлек, өзара туысқан саналатын түркі тектес Түркі, Батыс Түркі, Түргеш, Қарахан, Оғыз, Қыпшақ, Қарлық мемлекеттерінің иеліктері болып жатты. Мұндай әскери-саяси өзгерістер ірі қақтығыссыз орын алмағаны белгілі. Сыр бойы мен Арал маңын ордасына айналдырған оғыз жұрты дәуірлеген кезінде өршіп, Арыс пен Келес, Шыршық пен Әнгрен аңғарларына дейін өрбіген. Мүмкін, Сайрам маңындағы өзбек тілінің оғыз диалектісінде (Иқан-Қарабұлақ диалектісі) сөйлейтін түркі тілдес халықтардың түбі сол ерте орта ғасырларда шарпыған оғыз елінің қалдықтарына ұласуы да ғажап емес. Бұлай деуіміздің себебі, Қарабұлақ пен Иқан қыстақтарының айналасында оғыз тілінде сөйлейтін бір де халық жоқ, болса да сонау Хорезм жері мыңдаған шақырым қашықта, бұлар болса жеке арал сияқты кейіпте тұр. Соған қарағанда, аталған қыстақ тұрғындарының ата-бабасы бір кездері бір жақтан ауып келген, немесе айналасындағы халықтан жырақ қалып, өз алдына оқшауланып қалған болар. Оған қоса, Сырдың төменгі ағысындағы Жаңакентке қатысты айтылатын «Бегім сұлу» туралы аңызбен сарындас тағы бір аңыз Жыланбұзғанға қатысты тағы қайталанып тұр. Мұнда да қаптаған ордалы жылан, мұнда да хан ордасы, мұнда да қаланың талқандалуы бар. Соған қарағанда, қаланы жылан бұзу туралы аңыз сарынын осы маңды мекен еткен оғыз жұрты әкелуі мүмкін. Тіпті, қыпшақ-оғыз қақтығысы көне Сайрам жеріне дейін шарпып, оғыздардың бір бөлігінің соңғы аяқ тіреген тірегі бүгінгі Жыланбұзған қалажұртының орнындағы бекініс болған болар.
ЖЫЛАНБҰЗҒАН ҚАЛАЖҰРТЫНЫҢ ӨМІР СҮРГЕН УАҚЫТЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Жыланбұзған қалажұртына қайта оралайық. Бұл археология ескерткіші зерттелмеген. Аумағы үлкен бола тұра, археологтардың назарынан тыс қалып келеді. Мысалы, неге екені белгісіз, 1994 жылы жарық көрген «Свод памятников истории и культуры Казахстана» дейтін жинаққа енбеген. Оған іргелес тұрған, немесе одан кіші археологиялық ескерткіштер бар да, Жыланбұзған қалажұрты енбей, есепке алынбай қалып кеткен. Бір қызығы, 2021 жылы жинақталған Шымкент қаласының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағына да енбей қалыпты.
Ендеше, осы олқылық орнын толтыру үшін біз өз хәлімізше ғылыми анықтама беріп көрелік. Қазіргі Жыланбұзған қалажұрты орналасқан аймақ 2014 жылы Шымкент қаласының Еңбекші ауданына өткен. Қалажұрт Бадам өзенінің сол жақ бетіндегі биік қырдың үстінде, өз атымен аттас Жыланбұзған тұрғын алабының батыс жақ шетінде тұр. Орналасқан жерінің географиялық координаты 42°12’18.0″N, 69°47’47.0″E. Ескерткіштің оңтүстігінде 200 метр қашықтан Бадам каналының арнасы өтеді. Айналасына осы заманғы жаңа жеке тұрғын үйлер түсіп, ескерткіштің қорғау аймақтарына ене бастаған. Соған қарағанда, тұрғындар алабы алдағы уақытта тарихи ескерткіштің сақталып тұруына қауіп төндіруі мүмкін.
Қазіргі таңда Жыланбұзған қалажұртының ішкі қорғаны, цитаделі мен шахристанының орны жақсы сақталған. Қалажұрттың сақталған формасы ромб пішінді, 115х120 метр шамасында. Төрт бұрышында төрт қарауыл мұнарасының, қамал қабырғасының ізі, Батыс, Шығыс және Оңтүстік қақпаларының орындары байқалады. Қамал ішіндегі цитаделдің формасы шаршы пішінде, өлшемі 35х33 метрдей. Қамал бекінісінің қабырғасы биіктігі батыс жағында 3-4 метр болса, шығыс жағында 5-6 метрдей биік. Айналасы үлкен ормен қоршалған, бекінісі мығым қамал болғаны байқалады. Қалажұрттың ортасында құдықтың, әлде қауыздың орны терең шұңқыр болып тұр. Қамалдың сыртында 5-6 гектар алқапта рабат орны байқалады. Қалажұрт маңайында ежелгі суландыру жүйелерінің іздері бар. Қала сыртынан су жүйесімен келген ауыз су бекініс ішіндегі қауызға жиналып, қаланы сумен қамтыса керек.
Қаланың қай кезеңдерде өмір сүргенін нақтылау үшін орналасқан жері мен формасы, құрылымдарына қарай өзге қалажұрттармен салыстырғанды жөн санадық. Мысалы, бұл қалажұртқа формасы жағынан келетін ең жақын қалажұрт Түлкібас ауданындағы Шарафкент ауылы жанында орналасқан Төрткүлтөбе қалажұрты десек, археологтар оның өмір сүрген уақытын VІІІ-ХІІ ғасырларға жатқызады. Жыланбұзған қалажұрты да қайнарын VІІІ ғасырдан бастау алады десек, қателеспейміз. Бұл – бір. Екінші, археолог Б.Байтанаевтың «Денежное обращение в Южном Казахстане в III-XV в.в.» деген еңбегінде осы Жыланбұзған қалажұртынан табылған теңгелерді VІІІ ғасырдағы Түркеш қағанаты дәуіріне жатқызады. Тағы бір жанама дерек ретінде жақын орналасқан Сұлтанрабат қалажұртына (VІІІ-ХVІІ ғ.ғ.) қатысты деректі пайдалануға да болады («Свод памятников истории и культуры Казахстана», 1994 ж.). Олай дейтін себебіміз, Жыланбұзған қалажұртын суландыруға арналған су жүйелерінің бастауы Сұлтанрабат қалажұртының тап іргесінен бастау алады. Мұны спутниктік картадан-ақ байқауға болады.
Жоғарыда Жыланбұзған қалажұртының сыртқы формасы туралы тоқталдық. Қаланың өзен жағасында емес, биік қырат үстінде орналасқанын да айттық. Ортағасырларда мұндай үлкен көлемдегі және биікте орналасқан қаланы сумен қамтамасыз ету және су көзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үлкен жүйе жұмыс істеген. Арнайы арықтар қазылып, су құбырлары тартылып, кәріз жүйесімен қамтылған. Мұндай ірі қаланың су жүйесін қамтамасыз ету үшін негізгі қалаға қосымша серіктес екінші қала немесе мекен қызмет еткен. Онда су мұраптар, жүйенің жүмысын ұдайы қадағалап отыратын мамандар, жұмысшылар тұрды. Бұл екінші серіктес қала да стратегиялық маңызы болғандықтан оның да айналасы берік қамалмен қоршалып, қауіпсіздік үшін арнайы әскер ұсталған. Мұндай мысалды Сауран және оның серіктес қаласы Міртөбе, Тәшкент пен оны сумен қамтуға жауапты Ниязбек бекінісі, алысқа бармай-ақ, Шымкенттің жанындағы Алуакент қалажұрты пен оған баратын Қарасу каналының бастауында болған Қосдиірмен мекенжұртын алсақ та түсінікті болар. Осындай су жүйесі орта ғасырларда Жыланбұзған қалажұрты тұрған қалада да болған. Қаланы сумен қамтамасыз етуші серіктес қала – қазіргі Сұлтанрабат қалажұрты болған сияқты. бүгінгі таңда Бадам өзенінен басталып, Бадам суқоймасына су апаратын канал орнында ескіде Жыланбұзғанға су жеткізетін арық болды. Ол арықтың басында Сұлтанрабат мекені болып, сумұраптық қызмет атқарған. Ал, Жыланбұзған қалажұрты өмір сүруін тоқтатып, оған баратын арық бұзылып кеткен соң, су басындағы Сұлтанрабат қалажұрты өмір сүруін ары қарай жалғастыра берген, дамып, ұлғая түскен. Олай деп тұжырымдауымызға Сұлтанрабаттың өзен жағасында орналасу жағдайы және ХІХ ғасырдағы Қоқан кезеңіндегі деректерде аты аталып қалуы себеп болды. Жыланбұзған қалажұрты қай кезеңде өмір сүруін тоқтатты десек, ол сауалға «Жылан бұзған» аңызы жауап болатын сияқты. Яғни, ХІ ғасырдағы оғыз-қыпшақ қақтығысы салдарынан өмір сүруін тоқтатты деп болжамдауға болады. Ендеше, Жыланбұзған қалажұрты шамамен VІІІ-ХІІ ғасырлар арасында өмір сүрді деп топшылап отырмыз.
ДАХКЕТ – ТАУ ЕТЕГІНДЕГІ ҚАЛА
Қалажұрттың «Жыланбұзған» деген атауын шартты түрде алып отырғанымызды түсінген боларсыз? Ал, өз дәуірінде бұл қала қалай аталғаны нақты белгісіз. Бұл қала орны туралы ең алғашқы жазбаша дерек танымал ғалым В.В.Бартольдтің 1897 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью» дейтін еңбегінен жолықтырдық. Мұнда ғалым «Холм Илан-бозган, окола Сайрама. В нескольких саженях к северу от главного возвышения находятся два небольших холма неправильной формы» деп анықтама беріпті.
Археолог Б.Байтанаев Жыланбұзғанды ортағасырлық араб саяхатшыларының жазбаларында кездесетін Дахкет, Адахкет, Азахкент, Захкет деген атаумен кездесіп қалатын қалаға шендестіреді. Ал, бұрынғы Кеңес дәуірі мен өзбек тарихшылары Дахкет қаласы қазіргі Ангрен қаласының орнындағы Дукент дейтін мекенге сәйкеседі деп нақтылайды («Тошкент» энциклопедияси. 2009 ж., https://shosh.uz/dahket/). Бұл ойды Ю.Буряков «Историческая топография древних городов Ташкентского оазиса» дейтін еңбегінде В.Жуковтың жұмысына сілтеме жасай отырып қуаттайды.
Дегенмен, біз отандық ғалымның дерегін басшылыққа алғанды жөн санадық. Б.Байтанаевтың «Древний и средневековый Испиджаб» дейтін еңбегінде «Вопросы локализации Дахкета» дейтін тармақ бар. Бұған қоса, осы автордың 2012 жылы жарық көрген «История Шымкента. 2200 лет по археологическим источникам» дейтін еңбегінде атақты ғалым М.Е.Массонның Дахкет туралы ойларын сараптап, ортағасырларда бірнеше Дахкет болғанын, оның бірі Испиджаб алқабында болғанын сөз етеді. Оған дәлел ретінде Х ғасырда өмір сүрген араб жазбагері әл-Мұқаддасидің жазбасында Испиджаб өңіріндегі Дахкет қаласы Дақакес, Азахкес деген атпен аталғанын алға тартқан. Б.Байтанаев қала атауының мәнін түркінің тағ – тау, парсының кет – қала деген сөздерінен іздеп, оның қалыптасу себебін қазіргі Жыланбұзғанның айналасын Қазығұрт, Өгем, Батыс Тянь-Шянь тау жоталары қоршай жатқанынан іздейді. Бұған қоса, Б.Байтанаев Дахкет – Жыланбұзған екенін нақтылай түсу үшін әл-Мұққадасидің Дахкетті Нуджикетке жақын, әрі ірі өзеннің ағарында орналасқан дейтін сөзін де тілге тиек етеді.
Мақұл делік. Б.Байтанаевтың Дахкетті Жыланбұзғанға теліп, локализациялағанына сендік делік. Бірақ, бір ғана автормен тарихи атауды шегелеп тастай салу қиындау. Сондықтан, әлі нақтылауды қажет ететін дерек бұл. Десе де, шамамен ХХ ғасырдың орталарында сызылған топокарталарда (loodmap.net) қазіргі Жыланбұзған мекенінің батыс жағында Байтық, әлде Байтақ деген жер аты кездеседі. Осы Байтық (әлде Байтақ) топонимінде баяғы Дахкеттің атауы (тақ-дах) сақталып қалуы мүмкін бе? Егер, олай болуы мүмкін десек, Б.Байтанаевтың іздеп жүрген қала атауына дәлел көктен емес, жерден табылғандай болар еді.
Жыланбұзған қалажұрты аумағында ғылыми археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан да көне қаланың датировкасы әлі қойылмаған. Кешенді қазба жұмыстары жүргізілер болса, қаншама сауалдарға жауап табылар еді.
P.S.: Шымкент қаласының аумағы – көне тарихтан жеткен небір құпияларды бауырына басып жатыр. Бұған «Қызмет» газеті оқырмандарының назарына ұсынып келе жатқан материалдарымыз дәлел. Бүгін де, халық аузындағы аңыз астарынан тарихи дерек суырып, археологиялық мұраларды алға тартып, ғалымдардың пікірлеріне шынтақ қойып дегендей, біршама қызық материал жасадық деп ойлаймыз. Бұл үшін қанша еңбекті парақтап, интернет көздерін шарладық, жиналған мәліметтерді сараптадық, сапырдық.
Алдағы уақытта да осы дәстүрімізбен Шымкент пен оның айналасынан талай тарихты алдыңызға тосатын боламыз. Жиғанымыз мол, түйгеніміз де бар. Қапы қалмаңыз.
Сілтемелер:
1) О.Сүлейменов. «Аз и Я». Алматы, 1992.
2) Ж.Сәбитов. «Қыпшақ хандарының әулеті». https://abai.kz/post/50237
3) Т.Жұртбай. «Дулыға» жинағы, ІІ том. Алматы, 1994.
4) Свод памятников истории и культуры Казахстана, Южно-Казахстанская область. Алматы, 1994 ж.
5) Спутник карта, google.com/maps.
6) Б.Байтанаев, П.Петров, А.Брагин. «Денежное обращение в Южном Казахстане в III-XV в.в.». Книга І. Алматы. 2020.
7) «Тошкент» энциклопедияси. 2009 ж., https://shosh.uz/dahket/
8) Ашық электронды энциклопедияның (wikipedia.org) «Дахкет» мақаласы. https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%94%D1%83%D0%BA%D0%B5%D0%BD%D1%82%D1%81%D0%B0%D0%B9
9) Ю.Буряков. «Историческая топография древних городов Ташкентского оазиса», Ташкент, 1975.
10) Б.Байтанаев. «Древний и средневековый Испиджаб», Алматы, 2008.
11) Б.Байтанаев. «История Шымкента. 2200 лет по археологическим источникам», Алматы, 2012.
12) Топокарта loodmap.net
13) Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы, ІІ том. Алматы, 2018.
14) Б.Байтанаев. «Вопросы локализации Дахкета». Маргулановские чтения – 2011. Материалы международной археологической конференции. Астана, 20-22 апреля 2011 г.
15) В.В.Бартольд. «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью». С.-Петербург, 1897 г.
С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Шымкент қаласы