НИКОЛЬСКИЙ СОБОРЫ – ШЫМКЕНТТЕГІ ОРЫС СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ ЖАРҚЫН ӨКІЛІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы ең ескі және ең көркем сәулет ескерткіштерінің бірі – Никольский соборы. Ол ескерткішінің құрылысы ХХ ғасырдың басында, 1912-1914 жалдары салынған. Сәулетшісі И.А. Маркевич, инженері Н.Н. Ботвинкин, Р.М Качор. Сәулет ескерткіші Шымкент қаласының ескі бөлігінде, Патшалы Ресей заманында Николай көшесі деп аталған қазіргі Қазыбек би көшесінің бойында (№34 үй мекен-жайда) орналасқан.

Бір кездері алғаш құрылған уақытта «Кең баба» этнопаркі саябағы «Собор бағы», кейіннен «Пионерлер саябағы», «Балалар саябағы» деп аталған болатын. Никольский соборы сол саябақтың солтүстік-батыс бөлігі аумағында орналасқан. Қазір ол ғимаратта қалалық Қуыршақ және жасөспірімдер театры орын тепкен. Алғашқы «Собор бағының» негізгі аллеясы арка кіреберісінен басталып, храмның оңтүстік жағындағы қасбет бүйірі тұсында аяқталатын. Собордың батыс жақтағы негізгі қасбеті Қазыбек би (Никольская, Советская) көшесіне бағытталған. Собор ғимаратын бойлай қабаттасқан саябақтың сыртқы қоршауынан храмға тікелей апаратын тағы бір сәулетті кіреберіс жобаланып, орнатылған. Қала ішінен Собор салынатын жер құрылыс жобаланып, салынғанға дейін көп уақыт бұрын таңдалып қойған еді. Қалалық собор салынады деп жоспарланған Собор бағы 1901-1902 жылдары бұзылды (А.И. Добросмыслов), бақты бұзу арқылы жоспарда жобаланған қажетті алаңды қалдырды (Ю.А. Йолгин). Осылайша, Шымкенттегі Никольский соборы сәулет, қала және бау-бақша ландшафты синтезінің үлгісіне айналды.

Ескерткіш туралы алғашқы дерек жазба әдебиеттерде 1912 жылдан, құрылысы әлі басталмай тұрып-ақ кездеседі (А.И. Добросмыслов). Нысанның тарихи-сәулеттік зерттелуі салыстырмалы түрде жақында ғана, 1980-ші жылдардың басында басталған. Оның өзі Қазақ КСР-нің тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағын басуға әзірлеу және төлқұжаттандыру ісімен байланысты болды. Алғашында ол іс ескерткішті тіркеу және бастапқы сипаттаумен ғана шектелді. Осыдан кейін тарихнамалық мәліметтер базасының негізі қаланып, зерттеудің екінші кезеңі басталды. Бұл зерттеулер соборды ішінара қалпына келтіру және оны Облыстық қуыршақ театрына бейімдеу жобасын әзірлеу жұмыстарымен (іске асырылмаған) жалғасты. 1980-ші жылдардың бірінші жартысы мен ортасы аралығында собор туралы архив материалдары зерттелді. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі «Қазпроектреставрация» институтының қызметкерлері (Е.Х.Хорош, Е.Г. Малиновская және т.б.) собордың бастапқы көрінісі, жабылғаннан кейінгі ғимараттың сақталуы және ескерткіштің құрылу тарихына қатысты барынша сенімділікпен қайта қалпына келтіруге мүмкіндік беретін бірқатар құжаттар, ресми хат-хабарлар, бірнеше жобалық сызбаларды (негізінен Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архиві. Ташкент қаласы. қорларынан) тапты. 1990-шы жылдардың бірінші жартысында ескерткіштің стильдік ерекшеліктерін қамтитын, оның Қазақстан сәулет өнері тарихындағы орнын айқындайтын тарихи-сәулеттік сипаттағы мақалалар жарияланды (Е.Г. Малиновская, Ю.А. Ельгин). Ал, 2007 жылы ғимаратты Шымкент қаласының тарихи музейі мен көрме залына беру туралы мәселе көтерілді. Ол үшін қайта жаңғыртудың жаңа жобасын жасау қажет болды. Осыған орай, ескерткішті өзбекстандық мамандар (тарихшы В.А. Германов, сәулетші-реставратор В.И. Артемьев) зерттеді. Жоба жүзеге аспады. Алайда, ол жоба туралы еңбектер жарияланбаған, архивке өткізілмеген.

 

600 адамға арналған приход шіркеуінің жобасын (оның сәулеттік-көркемдік бөлігін) және оның құрылысының сметасын 1908 жылы Сырдария облыстық басқаруындағы Құрылыс бөлімшесінің кіші сәулетшісі И.А. Маркевич жасаған. Жобаны Бас штабтың Инженерлік комитетіне (Санкт-Петербург) бекіту үшін жолдайды. Инженерлік комиссия 1910 жылға қарай И.А. Маркевичтің жобасын бекіте отырып, құрылымның құнын төмендету және оның сейсмикалық төзімділігін арттыру үшін темірбетон конструкцияларды қолдану жөнінде ұсыныстар берді. И.А. Маркевич жобаны ұсыныстарға сәйкес жетілдіруден және оны жүзеге асырудан жалтарған. Жобаны аяқтау және храмды салу туралы бұйрықпен Құрылыс бөлімшесінің кіші инженері Н.Н. Ботвинкинге тапсырылады. Ботвинкин темірбетоннан жасалалатын іргетастың, жабынының және күмбезді барабанның құрылымын дайындады. Ол, сондай-ақ, И.А. Маркевич жобалаған бастапқы жобадағы собор ғимараты мен қоңырау мұнарасы, капелла арасын көлденең ось арқылы жалғап тұрған часовня мен галереяны алып тастау арқылы храмды сәл аша түсетін кейіпке келтірді. Бұл сәулетшінің жоспарына кедергі келтірместен жобаны оңайлата түсті.

1912 жылдың 16 қыркүйегінде собордың іргетасы қаланды. Құрылысты басқару Н.Н. Ботвинкинге тапсырылды. Темірбетон констуркциялары жұмыстарының атқарылуын қадағалауды Ортаазиялық құрылыс серіктестігінің инженері Р.М.Качор жүргізді. Құрылыс мердігері болып ташкенттік Қожа-Хан Хидоят-Ходжаев болды. 1914 жылдың күзінде ғибадатхананың құрылысы аяқталды. Ескі Сергий Радонежский шіркеуінің қоңырауы жеткізіліп, орнатылды. 22 қараша күні әулие Николай Угодниктің құрметіне Черняев қаласындағы (1914 жылдың қыркүйегінен 1918 жылға дейін Шымкент солай аталған) жаңа соборға атау беру рәсімі өтті.

Никольский соборы өзінің алғашқы жұмысқа кіріскен кезінде шаршы пішінді композияцияда жобаланған приход шіркеуінің бір түрі болды. Храмда үш неф, бір престол, бір күмбез, бөлек тұрған қоңырау мұнарасы (сақталмаған) болды. Ғибадатхананың айналасындағы бақ атауынан көрініп тұрғандай, қала тұрғындары оны собор ретінде қабылдағанын көреміз. Түркістан өңірінің ең әдемі де маңызды православ храмдарының қатарына жатқызылатын сәулеттік-көркемдік артықшылықтарына, сондай-ақ, оның құрылысына отаршыл әкімшілік тарапынан ерекше маңыз беріліп, назар аударылуына қарағанда, бұл ғимаратты Шымкент қаласының собор храмы деп санауға мүмкіндік береді.

И. А. Маркевичтің сақталып қалған жобалық сызбалары, 1993 ж. Оңтүстік Қазақстан облыстық музейі қорынан табылған собордың қасбетінің фотосуреттері ескерткіштің революцияға дейінгі сыртқы келбеті туралы түсінік береді. Ғимарат стандартты, сол заманда «патша кірпіші» деп аталған 27х13х6-5 см өлшемді кірпіштен әк ертіндімен қаланған. Жабыны темірбетон. Қасбетінің қаптамаларын қайта соғу және толықтыру кезінде 25х12х6 см. өлшемді стандартты «кеңестік» кірпіштер пайдаланылған. Жаңадан қаланған кірпіштер сыртқы қабырға бетінің 60-79% алады. Бастапқыда собор құрылысының жоспары шаршы пішінді болды. Оның шығыс жағынан алтарьдің жартылай шеңберленген апсидалы дөңесі және батыс жағынан кең притвор іргелес орналасқан. Ғимараттың с.б. бұрышынан біршама қашықтықта қоңырау мұнарасы орын тепті. Орталық күмбезінің астындағы кеңістік текше (четверик) көлемді болып, цилиндр пішінді биік барабан үстіндегі күмбезі пиязтәріздес кейіпте түйінделген. Қасбетінің архитектурасында декоративті бөліктерінің көптігі мен әртүрлілігі ғимарат композициясын пластикалық тұрғыда байыта түскен. Ғимараттың негізгі бөлігін күмбезбен байланыстарытын үш қабатты дулыға тәріздес кокошниктердің құрылысы ерекше жарасымдылық береді. И.А. Маркевичтің жобасы 1880-1890 ж.ж. «орыс стилінде» жасалды. Қасбет архитектурасында ол XVII орт.-аяғындағы орыс культтік сәулетінің сәндік элементтерін біріктірді. Сол заманға тән белгілер ретінде храмның дулыға тәрізді кокошниктер қабаттарымен түйінделуін айтуға болады. Қайта соғу кезінде жойылып кете жаздағандықтан, қазіргі уақытта собордың интерьерін бағалау қиын. Қабырғасының әрлеуі, шойын торлары және басқалары толық жойылған. Қазіргі ғимараттың вестибюлесінде модерн стиліндегі өрнекті метлах плиталарымен қапталған собор еденінің бөліктері сақталған.

Ескерткіштің қазіргі таңдағы жағдайында төртбұрышты жоспарға негізделген аз бөлшекті призмалық көлемі бар. Жоспар өлшемі: 29,9х19,25 м. Ғимарат екі қабатты болды. Қосымша «мансардты» қабат – ғимараттың ортасын айнала оңтүстік, шығыс және солтүстік жағынан үш деңгейлі көлеммен орнатылған кокошниктер қоршап тұрған әйнекті галерея болды. Храм болған кезде кокошниктер негізгі бөлік черветнигінен күмбездің цилиндр пішінді барабанына өтетін қызмет атқарды. Ол бүгінгі таңға дейін сақталып, жетіп отыр.

Ғимараттың ішкі кеңістік құрылымы оның соңғы функциясына қарай өзгертілген. Мұнда 1983 ж. бастап қазіргі уақытқа дейін қуыршақ театры (Облыстық Мемлекеттік қуыршақ театры, Қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры) жұмыс істеп келеді. Бірінші қабаты кең фойе залына айналдырылған. Екінші қабаттың жоспарлы орталығы сахнасы бар көру залы болған. Ғимараттың жаңа мақсатына орай, фойе де, көру залы да айнала сыртқы қабырғасының периметрі бойынша шаруашылық, қызметтік және қосалқы бөлмелермен қоршалған. Ал, әйнекті галерея қайта жоспарланбаған, межеленген статусы жоқ.

Бұрынғы собордың келбеті осы заманғы ғимараттың кең көлемді композициясына айналған. Көптеген қайта құрылымдау және түзету-толықтыруларға қарамастан, собордың бойлық-осьтік композициясын әлі де шамалауға болады. Мұны кейін соғылған элементтер және И.А. Маркевич жоспарлаған декоратив бөлшектер қатар тұрғандықтан, архитектуралық пластикасы мен қасбет қабырғасының кірпіштік әрленуінде айқынырақ көруге болады. Кейінгі кезеңде салынған терезелерге қарағанда ескі ғимараттан қалған терезелердің көптігі маңызды рөл атқарады. Қазіргі қуыршақ театрының бүйір қасбетіндегі негізгі көлденең жоспарланған осі четвериктің екінші деңгейінде (театрдың екінші қабаты) жиі орнатылған үш тереземен айшықтала түскен. Терезе ойықтары жартылай шеңберлі доға түрінде жасалған. Олардың жақтаулары көркем ойылған ұстындарға ұқсайды. Оларға терезе үстіндегі аркалар бекітілген. Терезе сөрелері орнатылған. Четвериктің тәж секілді карнизінен терезе аласа аркатуралық белдеуге бөлінсе, четвериктің бірінші деңгейіндегі терезесінен тікбұрышты филенка орнатылған. Терезелердің бүйірлеріне жартылай бағаналар түрінде капителі бар пилястралар қойылған. Пилястралар сақталып қалған ғимаратқа тігінен үйлесімділік береді. Аркатуралық белдеу, тәжді және қабат аралық карниздер оның қаптал қасбетінің көлденең бөлінуін белгілейді. Сыртқы қабырға архитектурасының ішіндегі ең көркем декоры – жылжымалы үш терезе трифорийі. Бұрынғы соборда бұл әсер оңтүстік қасбет жағынан порталды етіп жасалған қосымша кіреберіс арқылы нығая түскен еді. Кейін ол декоры жоқ, арқалық төбелі четвериктің бірінші деңгейіндегі (бірінші қабаттың қазіргі кейпіндегі) терезе сияқты терезеге айналды. Трифорийдің екі жағында да тура орталықтағыдай, бірақ жақтау тақтайшалары жоқ терезелер қойылған. Осыған ұқсас композициялық түйін собор қасбетінің 1908 ж. жобалық сызбасында көрсетілген еді. Алайда, ол кейінгі қайта құрылымдау кезінде жабылып кетті. Қазіргі уақыттағы ғимараттың батыс жақ беті 1950 ж.ж. орт. собордың негізгі бөлігіне жүргізілген қайта құрылымдау жұмыстары кезінде әр қабатында үш терезесі бар үш қабатты құрылым ретінде қалыптасты. Осыған байланысты, четвериктің терезелерінің сызбасы мен өлшемдерін бірінші және екінші қабаттарда қайталауға талпынған. Үшінші қабатта бұрынғы ғимараттың сәулетіне қатысы мүлдем келмейтін қарапайым тікбұрышты терезе ойықтары жасалды. Ғимараттың батыс жақ қасбетінде четвериктің екінші деңгейіндегі (қазіргі ғимараттың екінші қабаты) терезенің жартылай шеңберлі түйінделуі, бір-бірінен аз ғана қашықтықта қайта орнатылуы сияқты детальдар оның әртүрлі кезеңдер жапсырмаларының қабаттала түскенін білдіреді. Собордың бұрынғы арка тәрізді порталы жоғалды, ғимаратқа кіреберісі қасбет қабырғасының тегіс бетінде орналасып, сәулеттік жағынан маңызды көрінбейтін болған. Оған қоса, бұл жерде кірпіш қалау фактурасы да негізгі көркемдік құрал қызметін атқарады.

Сәулеттік пішін пластикасы мен жарасымды әрленуі жағынан биік екпін берілген Никольский соборының мақсаты белгісіз шағын архитектуралық көлемге айналуы ескерткіштің сакральдік қасиетінің жоғалуынан кейінгі сақталу тарихымен тікелей байланысты болды. 1925 жылы собор мен қоңырау мұнарасынан крестер алынып, жауып тасталды. Ғимарат біраз уақыт бос тұрды. Одан соң оған кітапхана мен ОблБҒБ жайғастырылды. 1930 жылдары бас. Собордың бірінші қайта құрылымдалуы басталып, ауыл  шар. техникумының оқу корпусына берілді. 1930-1932 жылдары шамасында храмның күмбезі бөлшектеліп, алтарі бұзылды, бұрыштық бөлмелердің биігі көтерілді, ғимараттың батыс бөлігінде көптеген қайта құрылымдау жұмыстары істелді, жаңа терезе ойықтары ойылды. Нәтижесінде, тікбұрышты етіп жоспарланған екі қабатты ғимарат пайда болды. Мұнда 1943 жылы Облыстық Пионерлер сарайы жайғасты. 1954 жылдың соңына қарай Пионерлер үйінде өрт болып, қабатаралық жабын жанып кетті. 1955-1960 жылдары ғимаратта жөндеу және қайта құрылымдау жұмыстары жүрді. Собордың қазіргі кейпіне келтірген (сақталмаған) реконструкция жобасын «Южгорсельпроект» институты жүргізді. Сол кезде темірбетонды қабатаралық жабын (жанып кеткенінің орнына), орталық бөлігі ғимаратының ішіне темірбетонды баспалдақ құйылды. Жоғарғы бөлігіне бұрынғы күмбез барабаны негізінде оңтүстік, шығыс және солтүстік жағынан кокошниктер айнала қоршап тұратын әйнектелген галерея жасалды. Ақырында ғимарат үш қабатты болды, батыстан шығысқа қарай бағытталған төртбұрышты призма пішінді кейіпке енді.