«НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ – ТАРИХ ЖӘНЕ ТҰЛҒА»
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы

«Нұртас Оңдасынов – Тарих және Тұлға». Осылай аталған республикалық ғылыми-практикалық конференция Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қабырғасында өтті. Бұл жиын қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған. Конференцияны ұйымдастыруға Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мұрындық болды.
Таң азанымен жиылған зиялы қауым, ғалымдар, мәдениет қызметкерлерінен құралып, жиылған қауым М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бас оқу корпусының қасбетіне Н.Оңдасыновқа арналып орнатылған ескерткіш тақтайшаның ашылу салтанатына қатысты. Ескерткіш тақтайшаның бұл орынға орнатылуының және ғылыми-практикалық конференцияның дәл осы университет қабырғасында өтуінің де өз себебі бар. Батыс майданда қайнап жатқан соғысқа қарамай, 1943 жылы Қазақ техникалық институтының Шымкент қаласынан ашылуына, және оның қиын-қыстау кезеңде жабылып қалмауына еңбегі сіңген азамат осы Нұртас Оңдасынов болып, септігі тиген екен.
Н.Оңдасыновқа арналып ескерткіш тақта ашылды
Ескерткіш тақтаның бетіндегі ақ жамылғы ашылған соң, университет қабырғасында Нұртас Оңдасынов атындағы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Одан кейін іле-шала конференцияға жиылған қауымның назарына «Ұлт қайраткері – Нұртас Оңдасынов» деректі фильмі көрсетілді.
Еліміздің ардақты тұлғасы, мемлекет жіне қоғам қайраткерінің мәңгілік мұрасын жаңғыртып, ұлттың дамуына қосқан үлесін насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан конференцияға қазақ қоғамында өзіндік орны бар ғалымдар мен қайраткерлер қатысты. Алғашқы болып сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың құттықтауын жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Екінші болып мінбеге көтерілген М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы Ғани Әбзелбекұлы Бесбаев Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып, Нұртас Оңдасыновтың қайраткерлігі мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі екені туралы жинақы баяндама жасап өтті.
«Нұртас Оңдасынов – Тарих және Тұлға» кітап көрмесі
Конференцияның мінбесіне кезектесіп сөзге шыққан айташы шешендер қатарында өңіріміздің дамуына өз үлесін қоса алған З.Тұрысбеков, Қ.Айтаханов секілді азаматтар, шығыстанушы ғалым И.Жеменей, әдебиет зерттеуші А.Қалшабек, «Нұртас Оңдасынов» қоғамдық қорының президенті С.Тәукебаев, нұртастанушы журналист Г.Оразалиевалар сөз алып, естеліктерін, тұлға туралы білген-түйгендерін ортаға салып, баяндама жасады. Сөйлеушілер Нұртас Оңдасыновтың Үшқайық ауылында туған сәтінен бастап, балалар үйінде жүргені, Тәшкендегі орман шаруашылығы техникумында оқуы, Шығыста, Батыста, Алматыдағы жұмыстары, Теміртауға атау беруі, Д.Қонаевтың жас шағында тұлғалық қасиетін танып, Орталық басқару органдарына тартуы, зейнет жасына толмай зейнеткерлікке шығарылуы, өмірінің соңында Мәскеудегі үш бөлмелі пәтерінде жатып ғылыммен айналысқанына дейінгі кезеңдерді тілге тиек етті. Әлбетте, қоғам болғасын, әрі көпшілік алдында сөз сөйлегісі келіп тұратын кісілердің қатары мол болатыны түсінікті. Эмоция мен қызыл сөзді алға тартып, ұзағынан мінбеден қол сермегісі келетін қасиет бұрынғы басшылық қызметте болған ағалар арасынан кездесіп тұруы заңдылық та шығар. Десе де, конференцияның атауында тұрған «ғылыми-практикалық» деген айқындауыш сөз тұрғасын, берілген уақытты тиімді пайдаланып, парықты сөз сабақтаған ғалымдардың айтқандарына құлақ түрмеске болмас. Шығыстанушы Ислам Жеменей ағаның Нұртас Оңдасыновтың Мәскеуде жүріп жазған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі» мен «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі», қазақ тіліне сіңген араб-парсы сөздерінің төркіні, сөздіктердің қазақ ғылымындағы бағасы туралы сөйлеген баяндамасы конференцияның деңгейін салмақтандыра түсті.
Мінбеге шыққан айташы шешендердің көбі Н.Оңдасынов айтыпты дейтін «Ешкімнің ешқашан жаны мен қанын мойныма артқан жоқпын – арым таза! Ешкімнің ешқашан руын, жүзін сұраған емеспін – жүзім таза! Ешкімнен ешқашан пара алған емеспін – қолым таза!» дейтін ар алдындағы анттық сөзін еске алуды жөн санады. Осы тұрғыда Ақжол Қалшабектің осы «Үш таза» концепциясын қазіргі мемлекеттік қызметшілердің ұстанымы болатындай ар-намыс кодексіне айналдыру қажеттігі туралы сөзі кім-кімді болса да ойландыратыны сөзсіз.
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Нұртас Оңдасынов – Тарих және Тұлға» деп аталған ғылыми-парктикалық конференция тек Шымкент қаласында ғана емес, Қазақстанның 7 ірі қаласында: Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау, Ақтау, Шымкент, Түркістан қалаларында жалғасып келеді. Шымкенттен кейін ертеңіне Н.Оңдасыновтың туған өңірі, Түркістан қаласында, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың мәжіліс залында жалғасты. Әлбетте, мұндай ғылыми-практикалық конференцияның жоғары оқу орындардың қабырғасында өтуі, оған сондағы студенттер қатысып, айтылған мәнді естеліктер мен ғылыми тұжырымдар студенттердің құлағында қалуы – тамаша дәстүр, дәріпті дәріс болары сөзсіз.
«Тағдыр маған ел басқаруды, халық үшін қам жеуді сыйлапты. Ондай сый алған адам өз отбасының мүддесінен гөрі ел, халық мүддесін жоғары қою керек. Ел басқару білгенге – мехнат, білмегенге қанағат». Бұл сөз – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Халық комиссарларының Кеңесінің Төрағасы (қазіргі Қазақстан Республикасы Үкіметінің Премьер-министрі) 13 жыл (1938-1951 ж.ж.) басқарған Нұртас Оңдасыновтың айтқан сөзі. Әдебиетші ғалым А.Қалшабектің айтатынынындай бар, Н.Оңдасыновтың ұстанымын мемлекеттік қызметке жаңадан кірген жас маманның бойына әбден сіңірсе ғой, шіркін…
![]() |
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ |
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі, 2019 жылдан бері «Қызмет» республикалық қоғамдық апталық газетінің тілшісі, openkazakhstan.kz туристік-ақпараттық сайтының редакторы |