Сайрамның қос порталды сәулет ескерткіштері: ИБРАҺИМ АТА ЖӘНЕ ҚАРАШАШ АНА КЕСЕНЕЛЕРІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Көне Сайрам мен оның айналасы ежелгі заманнан халық санасында қасиетті жер саналып келеді. «Сайрамда бар сансыз баб…» дейтін тіркес те бекерге айтылмаған. XVII ғасырдың соңы–XVIII ғасырдың басында жазылды деп мерзімделіп жүрген «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелері хақындағы трактаттар» дейтін еңбекте қазіргі Сайрам аумағында ғұмыр кешкен, осында жерленген әулие адамдар жайында кеңінен таныстырылады.

Сайрам тұрғын алабында бірнеше сәулет ескерткіштері бүгінгі таңға сақталып, аман жеткен. Қазіргі кезде олардың көп бөлігі зиярат ету және діни туризм нысаны болып, жыл сайын мыңдаған туристер мен саяхатшылардың баратын тарих және мәдениет ескерткіштері көшін бастап тұр. Оның үстіне, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бармас бұрын, Сайрамдағы оның ата-анасының басына зияраттап шығу керек дейтін жазылмаған заңдылық та Сайрам кесенелерінің бағасын арттырып тұр.

Осы тұрғыдан алғанда, Сайрамдағы Ибраһим ата кесенесі мен Қарашаш ана кесенелеріне жекелей тоқталып, олардың құрылымы, сәулеттік ерекшелігі, зерттелу тарихы, қайта жаңғыртылу кезеңдеріне арнайы тоқталуды құп көрдік. Назар бұрып көріңіз.

 

ИБРАҺИМ АТА КЕСЕНЕСІ

Ибраһим ата кесенесі XII ғасыр – XIX ғасырдың екінші жартысында салынған деп шамаланады. «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелері хақындағы трактаттарда» (XVII ғасырдың соңы–XVIII ғасырдың басы) Ибраһим ата кесенесінің «…ежелгі бекіністің етегінен болмашы қашықтықтағы жерде» орналасқандығы жөнінде айтылған. Мұны Сайрамның солтүстік-шығыс бөлігінің шетіндегі, Манкентке барар жолдағы (Ибраһим көшесі) «биік беткейдің шетіндегі» (М.Е. Массон), үлкен төбенің үстіне салынған ескерткіштің нақты орналасқан жерімен қаншалықты салыстыруға келетінін айту қиын. Сайрамның көрікті жерлерінің бірінде тұрған кесененің оңтүстік-батыс бұрышы көз тартарлықтай көрінеді.

Кесененің сакральді дәстүрі Хазірет Ибраһим ата есімімен байланысты. Ол осы есіммен аталатын төрт әулиенің бірі болғандығы туралы «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелері хақындағы трактаттарда» «оның қабірі сақталған» деп айтылады. Оған арналған XVII ғасыр аяғы–XVIII ғасыр басындағы жазба деректер мен XIX ғасыр–XX ғасырдың басындағы фольклорда Қожа Ахмет Ясауидің әкесі екендігі бірауыздылықпен айтылады. Бір топ аңыздарға сәйкес, Ифтихардың ұлы Махмұдұлы Ибраһим – ХІ ғасырдың екінші жартысында Сайрамда (Испиджабта) өмір сүрген түргеш тайпасының ұрпағы, жергілікті түріктерден шыққан сопы шейхы. Оның Сәдір шейх және Ахмет Қожа атты екі ұлы болады. Екінші ұлына түріктің ұлы ақыны және сопылық дана болу тағдыры жазыпты. Екінші бір аңыз шежіре нұсқасы бойынша Ибраһим ата Ысқақ баб әулетінің 4-ұрпағына жатса, Мұхаммед пайғамбардың немере бауыры мен күйеу баласы тақуа Әли халиф әулетінің 15-ұрпағы болып табылады. Ибраһим ата Қожа Ахмет жеті жаста болған кезде қайтыс болады. Аңыздар бойынша ол – мыңдаған мүриттердің ұстазы. Ол көрегендік қасиетке ие болған. Кейінгі уақыттағы фольклорда ол өсімдіктермен түрлі ғажайыптар жасайтын бақшашы немесе диқаншы ретінде бейнеленеді. Ол Қожа Ахмет Ясауидің ең жақын туыстары – сайрамдық әулиелер тобын басқарады. Оның кесенесіне бару, зиярат ету рәсімі – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне мінәжат етумен басталады.

Алғаш суреттеген П.П. Иванов (1925 жылы), содан кейін М.Е. Массон (1928 жылы) өздерінің тарихи-археологиялық очерктерінде Ибраһим ата туралы агиографиялық мәліметтерді қозғайды. 1963 жылы Шымкент облыстық музейінің тапсырысы бойынша Облыстық құрылыс және сәулет істері бөлімі архитектуралық өлшеу жұмыстарын жүргізеді (Т. Поднебесная). 1983 жылы ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарына байланысты бұл өлшемдер тәптіштеледі. Сол кезде кесене Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізіледі (Н.Н. Мұхамедиева). 1980 –ші жылдардың екінші жартысы – 2000-ші жылдардың басында Ибраһим ата кесенесі бірқатар жариялымдарда екі порталды кесене генезисі мен композициялық ерекшеліктерімен байланысты аталып өтеді (Б.А. Байтанаев, Ю.А. Ёлгин). 2000-ші жылдардың басында Сайрам тарихы бойынша жазба деректерді зерттеуге байланысты Ибраһим атаның агиографиялық мәселелері қозғалады (Ж.М. Тулибаева, Девин ДиУис).

Кесененің бірінші ғимараты жайында нақты мәліметтер жоқ. XII ғасырдың бірінші жартысында Ибраһим ата қайтыс болған соң (1096 жылы ?), оның қабірінің үстіне мемориалды құрылыс – кесене тұрғызылған (кесене қарахандар дәуірінің мәдени қабатында тұр) деп есептеледі. Одан әрі XII–XIV, XVII ғасырлар, XX ғасырдың басында қайта салынғаны айтылады. Бұл кезеңдеулер болжамдар төңірегінде ғана жүреді. П.П. Ивановтың кесене 1880-ші жылдары салынған деп дәлел келтіруі шыңдыққа жанасуы мүмкін. 1950-ші жылдары жер сілкінісі нәтижесінде күмбезі қираған соң, кесене металл жабындымен жабылады. 1990-шы жылдардың басында Манкентке барар жол ескерткіштен батысқа қарай 20 метр жылжытылып, ал төбенің негізі топырақ үйіндісімен күшейтіледі. 2012–2013 жылдары түбегейлі қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ескерткіштің ережелік кескіні қайта жаңартылады. Цилиндрлі барабаны үстіндегі сфероконустық күмбезі толығымен қалпына келтіріліп, порталдарындағы пилондары мен аркалары қайта ауыстырылып, көптеген ойықтары мен сызаттары жойылып, кейінгі уақыттарда пайда болған қабаттары (темір жабынды, сылақ және ақтау) тазартылады. Порталды-күмбезді кесене. Көлемдік кеңістіктік композициясы қатаң түрде төртбұрышты жоспардағы қабірханасы негізгі кубтық көлеммен, цилиндрлі барабандағы сфероконустық күмбезбен және екі порталмен бөлінеді. Ғимарат (көлемі 7,3х7,15 метр, қалпына келтіргенге дейінгі биіктігі 6,8 метр) ганчхак (ғаныш) ерітіндісінде текше пішіндегі кірпіштен (21x21x5 сантиметр) тұрғызылған. Бастапқы күмбезі екі қатарлы болған. Ішкі күмбезі қираған соң, жоғарғы жағы күмбез секілді 4 жақтамалы құлама қиғаштықта темір қаңылтырмен жабылған. Ескерткіш 2010-шы жылдардың басына дейін осындай күйде болады. Күмбез астындағы құрылымы өте қарапайым, төртбұрышты жоспардағы көрханадан күмбездің дөңгелек негізіне өту қабырға интерьеріндегі сүйірлі аркаларға сүйенген қалқанша желкендер арқылы жүзеге асырылған.

Порталды-күмбезді кесенелердің ерекше түріне жатқызатын композициялық ерекшелігіне ғимараттың солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс фасадтарына сәйкес рәсімделіп, бұрыш жасап орналасқан маңыздылығы бірдей екі порталының болуы жатады. Аталған ерекшелік кесенедегі әулие қабіріне табынудың сопылық салтынан шыққан қасиетті мазмұнымен байланысты. Мұндай жағдайда кесенені, сонымен бірге ортасына емес, көрхана қабырғасының батыс нишасына (өте терең) кіргізіліп қойылған құлпытасты айналып шығу (таваф) мүмкін болмайды. Сүйірлі аркалар жасалған порталдар классикалық пештак кескінін сақтап қалған. Пилондардың беткі жағына әдеттегі сүйір, тікбұрышты және төртбұрышты нишалар емес, жеке-жеке енсіз тік нишалар жасалынған. Оңтүстік-батыс порталында жоғарғы жағындағы жарық түсетін ойығы тормен (панжара) жабылған кіретін есік орналасқан. Оңтүстікбатыс порталының айқышты қабырғасына панжарасы бар терезе жасалынған.

Интерьеріндегі қабырғалар сыланған. Солтүстік қабырғасынан 1960-шы жылдары басына дейін араб әрібінде жазылған жазулардың қалдығын көруге болатын еді. Еденіне төртбұрышты жұқа кірпіштер төселген. Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. Ескерткіш 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауында. Қазіргі таңда зиярат ету және діни туризм нысаны қызметін атқарып тұр.

 

ҚАРАШАШ АНА КЕСЕНЕСІ

Қарашаш ана кесенесі XII ғасыр–XIX ғасырдың ортасында салынған. Сайрамның орталығында, Жүсіп Сайрами және Әмір Темір көшелерінің қиылысынан 100 метр қашықтықта, ескі зираттың шетінде, биік жерде орналасқан, оның оңтүстік фасады Әмір Темір көшесіне қараған.

Қарашаш ана кесенесінің киелі дәстүрі Қожа Ахмет Яссауидің анасы болып, ол қайтыс болғаннан кейін осы жерге тұрғызылған деген аңызға айналған әңгімелерге сүйенеді. Жазба деректер бойынша, ең бастысы «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактаттар» (XVII ғасырдың соңы–XVIII ғасырдың басы) мен XIХ ғасыр–ХХ ғасырдың басындағы фольклорға негізделеді. Сол уақытта ескерткіштің қазіргі атауы пайда болған – аңызәңгімелер бойынша кесене күмбезінің ұшар басына Қожа Ахмет Яссауи анасының бір бұрым қара шашы байланған, осылайша оның лақап есімі мен кесененің аты – «Қарашаш ана» пайда болады. Оның шын есімі Айша бибі (Айша қатын). XVII ғасырдың аяғындағы аңыз-әңгімелер бойынша ол – Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһим атаның ең танымал шәкірттерінің бірі болған Мұса шейхтың қызы. XVII ғасырдың аяғындағы аңыз-әңгімелерде оны XIII ғасырдың соңында Ташкенттің «әулиесі» болған Омар Бағыстани шейхтың қызы, қарындасы немесе немере қарындасы болған дейді (Девин ДиУис). Деректер мен аңыздарда Айша бибі қарахандықтар кезеңінің білімді және тақуа әйелдердің бірі ретінде суреттеледі. Қарашаш ана кесенесіне кіріп шығу Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат ету салтының бастауы болып саналады.

Ескерткіш туралы деректер 1925 жылы жарық көрген М.Е. Массонның «Старый Сайрам» тарихи-археологиялық очеркінде кездесуі ғылыми зерттеу жұмысына бастама болады. 40 жыл бойы ұмыт қалғаннан кейін, Шымкент облыстық музейінің құрылыс ісі және сәулет өнері жөніндегі облыстық бөлімінің (Т. Поднебесная) тапсырмасы бойынша кесененің толық өлшемі алынып, сызбасы бар қысқаша тарихи анықтамасы мен сипаттамасы жасалады. 1983 жылы ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарына байланысты алынған өлшемдері қайта пысықталды. Осы уақытта кесене Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығына енгізіледі (Н.Н. Мухамедиева). 1980-ші жылдардың екінші жартысы – 2000-ші жылдардың басында Қарашаш ана кесенесі бірқатар жарияланымдарда өзінің композициялық ерекшеліктері мен екі порталды кесене генезисіне байланысты қарастырылады (Б.А. Байтанаев, Ю.А. Ёлгин). 2000-ші жылдардың басында Сайрам тарихы бойынша жазба деректерді зерттеумен байланысты Қарашаш ана кесенесінің агиографиясы мәселесі де қарастырылады (Ж.М. Тулибаева, Девин ДиУис).

Қарашаш ана қайтыс болғаннан кейін немесе кейінірек жерленген жеріне мемориалдық құрылыс – кесене немесе мешіт салынған деп жорамалданады. Дегенмен, бізге жетіп отырғаны бірінші, тіпті екінші ғимарат емес. М.Е. Массон ғимараттың тұрғызылуын өз көзімен көрген адамдардан жинаған ақпараттарға байланысты қазіргі кесене 1851–1852 жылдары салынған деп мәлімдейді. Бұл кезеңде Қазақстанның оңтүстік өңірі қоқандықтардың қол астына бағынып, Сайрам Қоқан хандығының құрамына ташкенттік биліктегі уәлаяттардың бірі ретінде кіреді, осы кезде діни ғимараттардың құрылысы жанданады. Қазақстанның оңтүстігі Ресейге қосылғаннан кейін 1860 жылдардан бастап кесене бірнеше рет қалпына келтірілгенін жоққа шығаруға болмайды, оны қабырға қаландысының ерекшеліктері – төменгі қатарларының бірнеше кірпіші ғаныш ерітіндісімен, ал жоғары қарай балшықты пайдалану арқылы тұрғызылғандығы көрсетеді. Кеңестік уақытта күмбез өзінің пішінін өзгертіп бірнеше рет жаңартылды. 1996 жылы ескерткіштің келбеті өзгертіліп, ақ жалпақ металмен қапталды.

Қарашаш ана кесенесі – порталды-күмбезді бір бөлмелі құрылыс, оның кейінгі ортағасырлық келбеті культтік сәулет өнерінің архитектуралық пішінінің барлық қағидасын жинаған – төртбұрышты жоспардағы қабірханасы, шығып тұрған порталы, цилиндрлі барабан үстінде сфероконусты күмбезі бар. Ғимарат (жалпы көлемі – 6,8х8,6 метр, биіктігі – 7,25 метр) іргесі тастан, үсті күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Көлемдік-кеңістіктік композициясынан қабірхананың төртбұрышты жоспардағы негізгі призмалық көлемі кесененің оңтүстік және батыс фасадына сәйкес құралған порталдың (пештак) негізгі көлеміне тірелген, сегіз қырлы бөлігіне орнатылған цилиндрлі барабан үстіндегі сфероконусты күмбезі анық байқалады. Құрылымдық үлгісі тым қарапайым: төртбұрышты жоспардағы бөлменің дөңгелек күмбез негізіне өтуі қарапайым төрттік бұрыш қиғаштығы тәсілімен жүзеге асқан (жабылған кеңістіктің кіші аралығы оған мүмкіндік береді).

Ескерткіштің басты композициясының ерекшелігі – бір бөлмелі порталды-күмбезді кесененің өзгеше типінде болуы және бұрыш жасап тұрғызылған екі бірдей (ені бойынша сәл ерекшеленетін) порталының бар екендігі. Батыс бөлігіне есік жасалса, ал оңтүстік пештактың осы жеріне, кесенеге кіру өлшемі бойынша тең келетін панжара торлы терезе төмен орнатылған. Аталған ерекшелік кесененің киелі мазмұнымен байланысты: мұнда қарахандық дәуір мен исламға дейінгі культқа тереңдеп кеткен әулие моласына зиярат етудің сопылық салт жоралғысы көрініс тапқан. Құрылыстың барлығына көлем беріп тұрған порталдары оның идеялық көркінің басымдығы болып табылады. Пішіні бойынша төртбұрышқа жақын пештактарына, әдетте сүйір келген арка жасалынған. Оларда ою-өрнектер жоқ. Олардың әшекейлері порталдардың қапталындағы пилондардың беткі жағындағы терең емес сүйірлі және тікбұрышты нишалар болып табылады.

Қабырғалардың интерьері мен күмбезі сыланған. Есіктің үстіндегі жарық түсетін тесік тормен (панжар) бекітілген. Еденіндегі құмның үстіне кірпіш төселген.

Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған. Қазіргі таңда кесенеге зиярат ету және діни туризмі мақсатымен келетіндердің қатары мол.