Шымкент қаласында 2024 жылдың 6-11 қараша аралығында Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық Қазақ драма театрының 95 жылдығына арналған Орталық Азия, түркітілдес мемлекеттер мен Қазақстанның кәсіби театр ұжымдары қатысатын ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ IX ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ өтеді. Бұл туралы қаланың Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ресми парақшасы ақапарат таратқан.
Оpenkazakhstan.kz ақпараттық порталы бұған дейін де Шымкент қаласында орналасқан Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық театрының 95 жылдығына қатысты өткен жиыннан ақпарат берген едік (Қараңыз, «Қазақ театрының бір қайнары Шымкенттен басталады»). Сонда қала және театр басшылығының аталған мерейтойға орай Орталық Азия елдерінің халықаралық фестивалі Шымкент қаласында өтетіні құлақтандырылған болатын. Енді әлеуметтік желідегі қаланың Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ресми парақшасы фестиваль аясында қандай театрлар Шымкентке келіп, сахна төрінде нендей қойылымдар қоятыны туралы хабарлама таратып отыр.
Орталық Азия елдері театрларының ІХ Халықаралық фестивалінің құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті. Ұйымдастырушы – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры.
Фестиваль өткізуде:
1) Орталық Азия елдері мен түркітілдес мемлекеттердің театр мен өнер саласындағы ынтымақтастығын нығайту;
2) Бірлескен шығармашылық жобаларды іске асыруда әріптестік қатынастарды қалыптастыру және талантты да шығармашыл жастарды қолдау;
3) Көрермендер назарын заманауи театр өнерінің жетістіктеріне аудару және т.б. құндылықтарды алдына негізгі мақсаттары және міндеттері етіп қойып отыр.
Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық театрының 95 жылдығына арналған Орталық Азия елдерінің IX Халықаралық театрлар фестивалінде мынандай қойылымдар сахна төрінде сахналатын болмақ:
1) 6 – қараша 18.00.
«АТЖАЛМАН ҒАСЫР» драмасы. Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры (Қазақстан Республикасы);
2) 7 – қараша 11.00
«БЕТПЕ-БЕТ» драмасы. Мемлекеттік «Учур» жастар театры (Қырғызстан Республикасы);
3) 7 – қараша 18.00
«САЙҚЫМАЗАҚТАРДЫҢ ОЙЫНЫ» комедиясы. «Дийдор» мемлекеттік жастар экспериментальды театр-студиясы (Өзбекстан Республикасы);
4) 8- қараша 11.00
«КИЛЛЕРДЕН ТЕЛЕГРАМ» монодрамасы. Әзірбайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театры (Әзірбайжан Республикасы);
5) 8 – қараша 18.00
«ҰЛПАН» драмасы. Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры (Қазақстан Республикасы);
6) 9 -қараша 11.00
«ЛУВР ҮЙРЕГІ» драмасы. Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театры (Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан);
7) 9 -қараша 18.00
«ШАЛ МЕН ТЕҢІЗ» драмасы. Алания қалалық театры «Түркия Республикасы);
8) 10 – қараша 11.00
«ЛӘЙЛІ-МӘЖНҮН» трагедиялық-метафоралық махаббат хикаясы
Самарқанд облыстық музыкалық драма театры (Өзбекстан Республикасы);
9) 10- қараша 18.00
«ҚАР АСТЫНДАҒЫ ҚАЙНАР БҰЛАҚ» музыкалық комедиясы. Ғ. Тукай атындағы Әтнә мемлекеттік татар драма театры (Ресей Федерациясы, Татарстан).
10) 11 – қараша 11.00
«СҮЙІКТІ МЕНІҢ АҒАТАЙЫМ». М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры (Қазақстан Республикасы).
Қойылымдар Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры мен Шымкент қалалық орыс драма театрында сахналанып, көрсетілетін болады.
OpenKazakhstan-INFORM