Шымкент қаласы – ортағасырлар кезеңінде Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен, сауда-саттық қатынастар, мәдени алмасулар, экономикалық байланыстар өркендеген ірі қала болды. Ол туралы араб, парсы, қытай жиһанкездері жазып, тарихшылары тоқталғанын бұған дейінгі мақалалаларымызда айтқан болатынбыз. Сауда жолы қатынастары өркендегенін археологиялық артефактілер де қуаттайды. Осы және өзге де ежелгі материалдық дүниелер жөнінде аз-кем жеткізейік.
«ТҮЙЕ КЕРУЕНІ» КОМПОЗИЦИЯСЫ
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің «Оңтүстік қақпа» тұсында «Түйе керуені» композициясы ұсынылған. Композицияның дәл бұл жерге орнатылуының да өз себебі бар. Қала ішіндегі Хауыз нысаны айналасында Шығыс стилінде кішірек базар алаңқайы болған. «Оңтүстік қақпа» арқылы Ташкент пен Түркістан қалалары тарапынан келген керуендер маң-маң басып, қалаға кіретін. Композиция сол көріністі туристер назарына жеткізуді көздейді.
Ортағасырлардағы сауда мен сауда жолы қала дамуының маңызды факторларының бірі болды. Қалада үш негізгі бағыт біріктірілді: елдер арасындағы тауар айналымы, қолөнер және ауыл шаруашылығы, қала мен көшпелі дала арасындағы экономикалық қатынастарды тоғыстырды. Ұлы Жібек жолы Қазақстанның оңтүстігінен Жетісу арқылы өткен. Ол Суяб, Тараз және Испиджаб қалалары арқылы өткендігі белгілі. Көшпелілермен сауда-саттық, тауар алмасу саудасы үлкен және шекаралас қалаларда – Испиджаб, Отырар, Дех-Нужикеттегі өткен жәрмеңкелерде жүзеге асырылды.
«Түйе керуені» композициясы сол Ұлы Жібек жолы сауда жолы бойымен, Шымкент көне қаласының Ташкент пен Түркістан тараптардан келетін керуендердің енетін «Батыс қақпасынан» кіріп келе жатқан сәтін бейнелеп тұр.
ШЫҒЫС БАЗАРЫНЫҢ ДИОРАМАСЫ
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ең биік нүктесінде орналасқан «Цитадель» бөлігінің ішкі көрме залында Шығыс базарының диорамасы қойылған. Ортағасырлық қаланың тыныс-тіршілігі, базарда қыз-қыз қайнаған, саудаласқан, дабырласқан, шаң-шұң ұстахананың темір соққан дыбыстары диораманың дыбыстық сыртқы фонымен тамаша үйлескен. Осылайша, Шымкенттегі Шығыс базарының көрінісін келушілер назарына ұсынады.
Сауда жолдары қазақ даласында өмір сүрген сол замандағы отырықшы қала тұрғындары мен көшпелі тайпалар адамзат мәдениетінің өркендеп, халықтың тұрмыс-тіршілігі, білім мен ғылымның дамуына үлкен ықпалын тигізді.
Орта ғасырда кәріз және су құбырлары өркениеттің бір көрінісі ретінде, қала құрылысының дамуын одан әрі нығайта түсті. Су құбырлары арқылы қалаға таза су кіріп, лас су канализация арқылы сыртқа шығарылып отырды.
ТЕҢГЕЛЕР – САУДА АЙНАЛАМЫНЫҢ ЖАРҚЫН АРТЕФАКТІСІ
Осы Шығыс базарының диорамасының жанындағы 2-ші витринада Шымкент қаласы аумағынан табылған түрлі тарихи кезеңдерге жататын монеталар қойылған. Соның ішінде ерекше сипатта Самарқанд монета сарайында Әмір-Темір дәуірі кезеңіндегі 1383 жылы соғылған монеталар орын алған.
Монеталарды нумизматика (латынша numіsma, грекше nomіsma – тиын, шақа) ғылымы зерттейді. Нумизматика – тиын соғу тарихын зерттейтін ғылым. «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің бұл көрме залы алыс-жақын шетелдерден келетін туристерден бөлек, теңгелер мен монеталардың соғылу тарихын зерттейтін нумизмат мамандардың жиі бас сұғатын орны болып отыр.
Осы көрме залының өзге де жәдігерлерін таныстырайық. Сол жақтағы витринасында ХІХ ғасырда қолданылған тұрмыс заттары, яғни XV ғасырдағы мыс шелек пен әпкіш немесе иінағаш қойылған. Төменде ХІХ ғасырда қазақ батырларының бес қаруының бірі – мылтық, садақ жебесімен, айбалта, қылыш, найзаның ұшы орын алған. Жоғарыда ілгек деп аталатын темірден жасалған ауыл шаруашылық құралы ретінде пайдаланған жәдігерді көруге болады. Жаугершілік кезінде бұл құралды қару орнына да қолданған. Ер-тоқым қазақ батырлары мен ер азаматтары үшін киелі боп саналған. Ол күміспен зерделеніп, тіпті абырой атағына қарай алтынмен де зерделенген.
Сайрам қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған күміс теңгелердің көмбесі және де Шымкент қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстардан табылған мыс, қола, күміс жалатылған түрлі кезеңге жататын тиындарды көруге болады. Бұл дегеніміз, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың сауда-саттықпен тығыз байланысын көрсетеді.
Тағы бір ерекше көмбелердің бірі, көне Шымкент қалашығынан табылған әшекей бұйымдардың көмбесі. Көмбе күмістен жасалынған үш түрлі сырға, екі түрлі моншақ бөлігі, күміс теңгеден жасалынған екі түймеден құралған. Сырғалар бағалы тастармен көмкерілген. Бір сырға күміс теңгелермен, қызыл түсті тастармен, күміс жезді орау, тоқу тәсілімен көмкерілген. Екінші сырға түрі қызыл тастармен, күміс жезді орау, жапсыру тәсілімен әшекейленген. Сырғалардың сақталымы жақсы. Сонымен қатар, моншақ немесе салпаншақ бөліктері де күмістен жасалынып, көк түсті тастар жапсырылып көмкерілген. Келесі бір түрі алтынмен қапталып, қызыл түсті тастармен безендірілген. Көмбеден табылған екі күміс түйме 1913 және 1915 жылғы 5 копеек тиыннан жасалынған. Түйменің беткі жағында Ресей империясының елтаңбасы бейнеленген.
Сонымен қатар, көне материалдардың бірі – Қоладан жасалынған айна. Айнаның сыртында ілгіші бар және өсімдік тектес оюмен көмкерілген. Тағы бір сақталымы жақсы материалдардың бірі күмістен жасалынған сақина. Сақинаның беті гүл тәріздес өрнекпен көмкерілген.
Мыстан жасалынған жапсырма әшекей бұйым, қалыпқа құю және соғу тәсілімен жасалынған және киімге жапсырып тігетін тесіктері бар.
Мыстан құйылған алқаның салпыншағы, бұйым гүл жапрақтары бар оюмен өрнектелген. Моншақ ақ, көк түсті шиша-пастадан жасалынған. Сақталымы жақсы. Бұл бұйымдар тегістеу-жылтырату әдісімен жасалынған. Тағы бір сақталымы жақсы, қызықты материалдардың бірі – мыс түймелер. Түймелердің пішіні кір тастарына ұқсас.
ЦИТАДЕЛЬ ҚАЛАЙ АШЫЛДЫ?
2018-2020 жылдар аралығында Цитадельдегі қазба жұмыстар Цитадельдің батыс беткейіндегі дуалын және жоғарғы қабатын аршудан басталған. Дуалдың батыс және оңтүстік беті толықтай аршылып, нәтижесінде қазіргі таңдағы дуалы толығымен қапталып тұр. Қорғаныс дуалдың биіктігі 10,8 м., сақталған дуалдың ұзындығы 16 метр, ені – 1,9 метрді құрайды. Цитадель қорғаныс дуалы пахсадан тұрғызылған, сақталымы өте жақсы. Ал, оңтүстік беткейіндегі аршылған дуалдың ұзындығы 36 метр. Алайда, дуалдың жоғарғы бөлігі қатты мүжілген. Сақталып қалған биіктігі 5 метр.
Цитаделде екі кезеңнің мәдени қабаты көрсетілген. Ең жоғарғы мәдени қабат ХІХ ғасырға жатады. Солтүстік-батыс бұрышында қазба жұмыстары кезінде Г-тәріздес орналасқан 5 бөлме табылған. Бөлмелердің қабырғалары саз кірпіштен тұрғызылған, есіктердің ағаш бөренелері де жақсы сақталған. Нәтижесінде бөлмелер қалпына келтірілді.
Цитадельдің оңтүстік-батыс бөлігіндегі қазба жұмыстары кезінде ең төменгі қабаттардан діни орталықтың үлкен залы анықталды. Бұл ғибадатханадан 20-ға жуық хұмдар табылған. Хұмдардың барлығы дерлік тұрған орнында сынып, бөлменің еденін толықтай жауып тұрды. Бөлменің қабырғалары оттың жану салдарынан қатты күйген. Бұл хұмдарда адамдар туыстарының сүйектерін салып сақтаған. Және ғалымдардың болжамы бойынша, ІІ ғасырдағы тұрақсыз, аумалы-төкпелі заманда адамдар сүйектердің басым бөлігін алып, қаладан кетуге мәжбүр болған. Кетпес бұрын тұрғындар барлық есіктерді қам кірпіштермен бекітіп кеткен.
Ғибадатхананың ұзын дәлізі мен бір үлкен бөлмесі жақсы сақталған. Сонымен қатар, қосымша екі бөлменің орны аршылған, бөлмелерде тандыр-ошақтар орналасқан, бұл тұрмыстық бөлмелер толығымен консервацияланған.
Цитадель аумағындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде, осы аймаққа кіреберіс аяқжол (пандус) табылды. Жолға майда өзен тастары төселген. Жол бойында арасы ағаш бөренелерден жасалған аралықтармен бірнеше бөлікке бөлінген. Бұл биіктікке көтеріліп-түсуге және тастардың мығым отыруына қолайлы болуы үшін жасалған. Сақталған аяқжолдың (пандус) жалпы ұзындығы 41,7 метр, ені – 1,4 метрді құрайды.
Бұл экспозиция залында 190 жәдігер қойылған.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫНЫҢ ЖӘНЕ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ КӨНЕ СУРЕТТЕРІ
Экспозицияның сол бөлігінде, орыс ғалым-шығыстанушысы, саяхатшы, аудармашы, жазушы Петр Иванович Пашиноның «Түркістан өлкесі» атты кітабынан алынған, Д.В.Вележевтың «Шымкен қаласының цитаделі», «Цитадельдің солтүстік жағынан көрінісі», «Шымкент қаласының сыртқы дуалы», «Шымкент қазақтары» және қазақ халқының этнографиясын зерттеуші Алексанр Константинович Гейнстің «Шымкент. Цитадель және қаланың шығыс жағынан көрініс» сынды суреттері орын алған. 1872 жылғы «Түркістан альбомында» орналастырылған фотосуреттерден цитадельдің стилобат қабырғалардың жоғарғы құрылымдарынсыз көруге болады.
ҚОЛА ДӘУІРІНЕ ЖАТАТЫН ЫДЫСТАР
Оңтүстік өңірінде ежелгі адамдардың еңбек құралдары көптеп табылған. Бұл өңірде алғашқы адамдардың мекендегенін білдіреді. Бұған дәлел – біздің заманымыздан бұрынғы екі мыңжылдықтарға жататын, қола дәуірінің ыдыстары экспозицияда орын алуы.
Қазіргі қаланың аумағынан б.з.д. І мыңжылдыққа жататын сақ қарулары, жебелердің қола ұштары мен қанжарлар көптеп табылды. Сақ дәуіріне жататын ыдыстар назарларыңызға ұсынылған.
Бірнеше ғасыр бойы, яғни б.з.д. ІІ-І -ші ғасырлар мен біздің заманымыздың VІ ғасырына дейін Оңтүстік өңірде ежелгі қаңлы тайпасының ұрпақтары мекендеген. Олар егіншілікпен, мал шаруашылығымен, қолөнермен айналысқан. Мұның бәрі оңтүстік аймақтағы Қаңлы мәдениетінің терең дамуын көрсетеді.
ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ
Қазақ халқының материалдық мәдениеті өте бай. Экспозиция залында қазақ халқының ертеден келе жатқан тұрмыс мәдениетінен, салт дәстүрінен, отырықшы халықтың баспанасынан, ондағы жабдықталған тұрмыс бұйымдарынан көрініс береді. Бөлмелері киіз үйдің ішкі жабдықталу заңдылығын негізге алған. Ондағы халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде маңызды орын алғаны – қолөнері.
Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген тұрмыс бұйымдары жасалған. Ағаш ұстасы дөңгелек үстел, сандықтың түрлерін, кебеже, ас ыдыстары – күбі, тегене, ожау, т.б. әр түрлі сападағы ағаштардан жонып, ойып жасаған.
Қазақ қашан да кең пейілді, қонақжай халық. Дастарханы әрқашан қонаққа жайылған. Бауырсақ, ірімшік, құрт, қаймақ ұсынған халқымыздың мейірбан, кішіпейіл екендігін аңғаруға болады.
Сандық – ағаштан жасалған жиһаз. Оған киім-кешек, асыл бұйымдар салынды. Қазақ шеберлері сандықты қайың, қаратал ағаштарынан жасаған. Сыртын темір, мыс жапсырмамен, қатырма ою өрнектермен безендірген. Тұрмыс тіршілікте, үстіне көрпе-төсектерін жинап қойған.
Ұршық – жүннен шүйкелеп жіп иіруге арналған жеңіл аспап.
Қазақ халқында бесік – киелі, қасиетті мүлік болған. Оны халқымыз талдан иіп жасаған. Бесіктің бала тыныштығы мен тазалығын сақтаудағы маңызы ораса зор. Бесікке байланысты көптеген салт-дәстүрлер қалыптасқан.
Қазақтың тұрмыс-тіршілігінде кейінгі уақытқа дейін кеңінен пайдаланып келген тұрмыс құралдарының бірі – келі-келсап. Оған тары, бидай, т.б. дәнді-дақылдарды түйіп, ұнтақтайды.
Талдан, аршадан қиып жасалынған күбі – айран, қымыз пісуге арналған ыдыс.
Домбыра – қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, шертпелі музыкалық аспабы.
Қорқыттың қарағайдан қайырып, үйіңкіден үйіріп алған қобызы – дүние жүзіндегі ең көне, таңқаларлық пішінді, ғажайып сазды және бай тембрлі аспап.
Қазақтың төрт түлігі –түйе, қой, ешкінің жүні, жылқының терісі, қылы түрлі үй жабдықтарын жасауда үлкен рөл атқарды. Сонымен қатар, бағалы аң терілері, соның бірі – түлкі терісі де кәдеге жаратылған.
Ал, енді сол жақ қабырғада ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енген Қазақстандық номинациялары атап айтсақ: Наурыз мейрамы, Қазақша күрес, Қазақтың киіз үйі, Асық ойыны, Жұқпа нан, Домбра күйі, Айтыс, Жылқы өсірушілердің мерекелік іс шаралары, Қорқыт ата мұрасының фотосуреттері орын алған.
ШЫМКЕНТ АРТЕФАКТІЛЕР
Экспозицияда б.з.б. І-ші ғасыр мен ХІХ ғасыр аралығына жататын керамикалық бұйымдар: қыш құмыралар, тостаған, саптыаяқтар, көзелер, қақпақтар орналастырылған. Қыштан жасалған торсықтармен түйе, жылқының екі жағына артып, ернеуін арқанмен байлап, сусындар тасыған.
Өлкемізді әр түрлі діндер ағымы шарпып өткен. Мысалы, зороастризм, көк тәңірге табыну, христиан діні мен ислам діні т.б. діндерді ұстанған. Экспозиция залында зоорастрлық дәстүрді ұстау негізінде туындаған оссуарий – (қыш ыдыс) адам бас сүегі салынған қыш құмыра орын алған. Яғни, сол кезеңдегі дүниеден өткен адамдардың сүйектерін қыш құмыраға салып жерлеу рәсімі болған. Нақты тоқтала кетсек, дүние салған адамды арнайы орындарға (жер үстінде орналасқан сағана) қойып, 40-50 күнде адамның денесі сүйектен ажырағанда сүйектерін жиып алып, қыш құмыраларға салып жерлеу дәстүрі жүргізілген. Онда адамның сүйегін өртеп, ассуарт деп аталатын қыштан жасалған ыдысқа сүйектерін немесе күлін салып қоятын болған.
Х ғасырлардан бастап, өлкемізде медицина біршама дами бастайды. Оған дәлел, экспозицияда орын алып тұрған дәрілік ыдыстар. Дәріні түрлі шөптерден, жеміс, көкөністерден, металдардан, минералдардан және басқа да өсімдік түрлерінен жасаған.
Ортағасырларда ХІІ-ХІІІ ғасырларда ғылымның алхимия саласы өте қарқынды дамыды. Сфероконустар қыштан құйылып, өте жоғары температурада күйдірілген. Сфероконустарда әр түрлі сүйықтықтар, сынапты пайдалана отырып, алтын, күміс сияқты түсті металдар алынды, иіс сулар дайындалды. Барлық мәдениеттердегі алхимиктердің мақсаты – тірі немесе жансыз зат ішіндегі сапалы өзгерістерді жүзеге асыру, алтын алу, өлместік таблеткалары, заттар мен химиялық реакциялардың терең (оккультивті) мәнін зерттеумен айналысты.
Ортағасырлардағы қыш бұйымдар, майшамдар және су құбырлары экспозициядан орын алып тұр.
ХV ғасырда мыстан жасалынған құмған-самаурынды тұрмыс-тіршілікте қолданды. Ал, екі құлақты құмыраларды: су, сүт, май және басқа да сұйықтықтарды сақтау үшін және тамақты бұқтырып пісіруде пайдаланған.
Керамикалық бұйымдар өзінің даму кезеңінде ІХ-ХІІ ғасырларда ою-өрнектерімен, ашық түсті бояулар қолданылуымен ерекшеленеді. Қыш жасау технологиясы біршама дамыды. Бұл қараханид дәуіріне тұспа-тұс келеді. Бұл кезде қала мәдениетінің дамуымен қатар, ислам діні тарала бастады. Мешіттер ашыла бастады, діни адамдардың, дәуріштердің, сопылардың пайда болуы сол кезден бастау алады.