Қазіргі Шымкент қаласына қарайтын аумақтағы ең көне қалалардың бірі – Құрлық қаласы. Ол 2010-шы жылдары толық ашылып, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүрді. Алғаш ашылған сәтінде оның атауы шартты түрде «Мазараттөбе» деп аталып, ғылыми айналымға ендірілген болатын. Ал, жалпы ортағасырлық араб жазба деректерінде Хурлуг деген атпен кездесетін көне қаланың орнына сәйкестендіріліп, ғылыми түрде дәлелденген соң, оның жаңа тынысы ашыла түсті. Енді сол қалажұрт туралы кеңірек тоқталайық.
Құрлық қалажұртының мерзімделуі археолог, академик Бауыржан Байтанаевтың айтуымен X-XII ғасырлардан басталып, XIII-XIV ғасырларға дейінгі уақыт аралығына жатқызылады. Шымкент қаласының солтүстік шетінде, Түркістан облысының Сиқым ауылының (Қазақстанның 40 жылдығы) оңтүстік-шығыс жағында 400 метр жерде, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралінің бойында, жол айырығында орналасқан. Орналасқан жерінің географиялық координаты – 42°26’17.1″N 69°42’55.9″E.
Бүгінгі таңда ескерткіштің бүкіл солтүстік-шығыс, орталық және шығыс бөліктері жол айрығын салу кезінде жойылған. Ескерткіштің батыс бөлігіндегі сопақша келген төбе ішінара сақталған.
Іргесіндегі өлшемдері 160х120 метр шамасында, биіктігі шамамен 6-7 метрдей, ол жотаның оңтүстік беткейіне қарай барған сайын тік бола түседі. Төбенің үстінде нивелирлеу белгілері бар. Шығыс бөлігінде заманауи қонақ үй орналасқан, оның аумағы қоршалған, ескерткіштің қалған бөлігінің едәуір бөлігін қамтып жатыр.
Ескерткіш өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Шымкенттен Алматыға қарай айналма жол салу аймағындағы археологиялық қорғау жұмыстарын жүзеге асыру кезінде табылған. Ол кезде қалажұрт үстінде әртүрлі геометриялық пішінді (шеңбер, сопақ, тіктөртбұрыш) бөлек төбелер болған. Үш барлау қазбалары салынған: екеуі жол төсемінің маңында, үшіншісі – бөлек тұрған биіктікте.
1, 2 қазбада ташнау, тандыр, ошақ, негізінен ақ бояумен жылтыратылған керамика үлгілері тіркелген. Осы қазбалардың бүкіл археологиялық кешені ескерткіштің бұл бөлігін X-XII ғасырларға жатады деп белгілеуге мүмкіндік берді. Ескерткіштің батыс жағындағы бөлек тұрған төбедегі 3, 4 қазбаларда сәл өзгеше картина қалыптасты. Зерттеулер көрсеткендей, бұл төбе қалажұрттың негізгі бөлігі босап қалғаннан кейін пайда болған кейінгі кезеңге жататын бекіністің қалдықтары болып шықты. Ол қазба кезінде табылған археологиялық материалдардан XIII ғасырдың аяғы – XIV ғасырдың басы аралығына жатады деп мерзімделді. Қысқа барлау жұмыстары келесі тұжырымдарға әкелді. Тұтастай алғанда, бүкіл қалажұрттың негізгі өмір сүру уақыты X-XII ғасырлардағы қараханидтер кезеңіне жатады. Моңғол кезеңінен кейінгі уақытта қала жойылып, біраз уақыттан кейін ғана оның батыс бөлігінде өмір қайта жалғасқан, бұл ескерткіштің топографиясында көрініс табады.
Өз кезегінде, ескерткіштің бүкіл аумағын зерттеу және топотүсірілім кезінде ескерткіштің бүкіл периметрі бойымен өткен ежелгі каналдың және жеке тұрған ғимараттар мен құрылыстардың іздерін тіркеді. Сонымен қатар, ескерткіштің аспаптық түсірілімі 12 гектарға жүргізілді, дегенмен қалажұрттың нақты ауданы одан да едәуір үлкен, шамамен 20 гектарды құрайды.
Ескерткіштің топографиясынан қала қабырғалары, сыртқы қорғаныс қабаты байқалмайды. Бұлақтан бастау алатын су арнасының көзі анықталып, зерттеліп, қараханидтер кезеңіндегі стандарттарға тән тікбұрышты кірпішпен қапталғаны белгілі болды.
2010 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының құрылысы аясында Мазараттөбе қалажұртында авариялық археологиялық жұмыстар жүргізді. Жұмыс нәтижелері қаланың құрылымын және оның X-XII ғғ. – XIII-XIV ғғ. мерзімделуін растады.
Әл-Мұқаддаси Испиджаб қалаларының тізімінде Құрлық қаласы туралы айтып өтеді. Х ғасырда жазылған оның жазбасынан: «Хурлуг – орташа өлшемді қала, базарлар арасында су арнасы бар, оның айналасында қабырғасы жоқ, оның цитаделі де, айналасында ауылды мекендері де жоқ (рустак)» дегенді оқимыз.
Кейбір зерттеуші ғалымдар Құрлық (Хурлуг) қаласы Шымкент қаласының ескі атауы, бірнеше рет қираған және жоңғар шапқыншылығы нәтижесінде қайта дами алмады деп көрсетеді. Басқа тарихшы ғалымдар Құрлық (Хурлуг) қаласы өз алдына жеке қала болғанын, бұрынғы саяхатшылар көрсеткен Сайрам төңірегінде болған 40 қаланың бірі болғанын және араб зерттеушілері бұл қаланың ІХ-Х ғасырларда болғанын және ХІІ-ХІІІ ғасырларға келіп күйрегенін айтады.
Ал, К.Байпақов тарихшы Хафиз Тынышқа сілтеме жасап, 1582 жылдың сәуір айында Абдуллах ханның Сайрамнан Түркістанға жасаған сапарында «Кумач чапар» деген елді мекенде болғанын және сапарын Арыс бойымен жалғастырғанын айтады. Зерттеуші елді мекеннің атауындағы алғашқы сөз «күміс» (ежелгі түркі сөзі, оны мөлдір суы бар өзен, көлдерге пайдаланған) сөзімен байланыстырып, Құрлық/Хурлуг қаласының орналасқан жерін Күмісбұлақ (Көмешбұлақ) пен Сайрам қаласының ортасында және қала ортағасырлық Мазараттөбе қалажұртына сәйкес келеді деп жазады.
Қалажұрт қазіргі Шымкент қаласының аумағына қарайды, қаладан солтүстік-шығысқа қарай он шақты шақырым қашықта, Сиқым ауылының оңтүстік-шығыс шетінде орналасқан. Ол қамал-қабырғасы болмаған жекеленген төбешіктерден тұрады. Қазба жұмыстары нәтижесінде археологиялық кешен бізге ескерткіштің Х-ХV ғасырларға тиесілі екенін көрсетті. Қалашықтың бұлақ бойында орналасуы Мазараттөбе ежелгі Құрлық/Хурлуг қаласы екеніне бір дәлел бола алады.
Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Қазақстан мешіттері мен медреселері. Рухан шамшырақтар» дейтін еңбегінде «Зерттеуші ғалымдар Құрлық/Хурлуг қаласын Шымкент шаһарының аумағында орналасқан, Джумишлагу қаласы болса Күміс өзенінің Арысқа құятын жері, қазіргі Төрткүлтөбе қаласының орнында болған деген пікір білдіреді. Шымкент қаласының аумағында болған Құрлық/Хурлуг қаласында мешіттер болған. Отырар, Сауран, Қарнақ, Баб-Ата, Созақ, Манкент қалаларында да үлкен-кішілі, имандылыққа шақыратын мешіттер мен медреселер болған. Бірақ өкінішке орай олар бізге жетіп келмеді» деген дерек келтіреді.
Әл-Мұқаддасидің Құрлық/Хурлуг қаласына берген су арнасы жағасында орналасқан дейтін сипаттамасының негізінде К.М. Байпақов бұл қаланың ерекше топографиясы болуы керек екенін дұрыс атап өтті. Барлық анықталған артефактілер Құрлық қаласы Мазараттөбе қалажұртының орнында болғанын растайды. Бұл археологиялық нысанның топографиясы мен мерзімделуі әл-Мұқаддасидің сипаттамаларына толық сәйкес келеді.
Әдебиеттер:
- Волин С. Сведения арабских, персидских и тюркских источников IХ-ХVI вв. о долине р. Талас и смежных районах // Материалы и исследования по археологии Казахской ССР: труды Семиреченской археологической экспедиции: Таласская долина. – Алма-Ата, 1949. – Т.I. – С. 174-197.
- Байтанаев Б.А., Грищенко А.Н. Вопросы локализации Хурлуга // Наука и образование Южного Казахстана. Серия «Педагогические и гуманитарные науки». Шымкент, 2004. – С. 171-174.
- Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (VI-начало XIII). – Алма-Ата: Наука, 1986. – 256 с.
- Байпаков К., Сейткалиев М., Воякин Д. Археологические работы в зоне строительства автодороги Западная Европа – Западный Китай//Промышленность Казахстана.-2011.-№5(68).-С.94-99.