ШЫМКЕНТ БЕКІНІСІ – ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ОРТА АЗИЯНЫҢ КІЛТІ БОЛДЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы

Шымкент қамалының қорғанысы – тек қазақ жерінің ғана емес, Орта Азияның Ресей империясына бағынуының кілті болды. Қалай Шымкент қаласын орыс патшасының армиясы басып алды, бар-жоғы 5-10 жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттері түгелімен бодандықтың күйін кешті. Ресей империясы 1731 жылғы Әбілқайырдың бодандықты қабылдау туралы шешімінен кейін санасақ, Қазақ жерінің Ресейге бағынысты болуы 1864 жылғы Шымкент қамалының құлауымен аяқталды. Ал, Орта Азия хандықтарынан Қоқан хандығы және Бұқар әмірлігі 1868 жылы, Хиуа хандығы 1873 жылы құлады.
1860 жылғы Ұзынағаш маңындағы Ресей-Қоқан арасындағы әскери қақтығыстан кейін оған дейін Қоқан хандығы тарапында соғысқан Кенесары ханның ұрпақтары екіге жарылды. Ахмет Кенесарин бастаған негізгі топ Ресей бодандығына бағынуды мақұл көрсе, Сыздық төре бастаған шағын топ Қоқан хандығы тарапында әскери қимылдарды жалғастыруды жөн санады.
Шымкент қамалының қорғанысында Сыздық төре бастаған жүздік әскер маңызды рөл атқарды. 1864 жылғы 14-шілде күнгі Ақбұлақ маңындағы подполковник Лерхе мен Мейерге қарсы шайқаста Қоқан ханы Әлімқұл әскерінің ішінде Сыздық төре ерекше көзге түсті. Сол соғыста Қоқан тарапы Мыңбай мыңбасы бастаған біраз әскери офицерлерінен айырылды. Одан кейін Әулиеата жағынан келген генерал Черняев пен Түркістан тарапынан келген подполковник Лерхенің біріккен әскеріне төтеп беріп, Шымкент қамалының мықты бекінісін қорғауда Сыздық төре өзінің мықты әскербасы екенін дәлелдеді. Орыс әскерлері 1864 жылдың шілде айындағы 7 күнге созылған бірінші толқынды шабуылында Шымкент бекінісін ала алмай, Әулиеата мен Түркістан қалаларына шегінуіне мәжбүр болды.
Орыс әскері кері шегінгесін тамыз айында Әлімқұл бастап, Қоқан әскері Тәшкентке, одан ары Қоқанға қарай қыстап шығуға қайтты. Ал, Сыздық төреге Ташкент қамалының корғанысын нығайту тапсырылып, ол да Ташкентке шықты. Шымкент бекінісінің қорғанысына Мырза-Ахмет паруанашы жауапты болып, мыңдаған әскерімен қалды. Осындай өліара сәтті пайдаланып, Әулиеатадағы генерал Черняев Түркістандағы Лерхенің әскерімен бірігіп, 1864 жылдың 17-ші қыркүйегінде Шымкентке қайта шабуылды бастайды. Содан Әлімқұл мен Сыздық төренің жоқтығына байланысты, 22-ші қыркүйек күні қала орыс әскеріне берілді.
Осы тұста ойға оралатын қызықты дерек, генерал Черняевқа қатысты материалдарда мынадай мәлімет бар. Шоқан Уәлиханов Ұзынағаштан Әулиеатаға қарай жылжыған Черняев әскерінде генералға көмекші болған. Әулиеата бекінісін алу кезінде орыс әскерінің жауыздығын көзбен көрген соң, Шоқан ондай қан төгістерден бойын аулақ ұстағысы келеді де, өзінің ауруын сылтау етіп, Жетісуға, өзінің туысы Тентек төренің иелігіне қарай жолға шығады. Ал, дәл сол сәтте Ұзынағаштан бастап, Түркістан мен Шымкент қорғанысына дейінгі қазіргі қазақ жерінің оңтүстік жерлерінде, майданның екінші бетіндегі Қоқан әскерінің әскербасылары қатарында Сыздық төре жүрді. Бұл екі тарихи тұлға да қазақтың ұлы тұлғалары еді. Әрі, қазақтың үш жүзінің басын қосқан Абылай ханның шөберелері, былайша айтқанда немере туыстар. Тағдырдың жазуы болды ма, Абылай ханның шөберелері бір майданның екі жағында бір-біріне қарсы бағытта соғыс жүргізді.
С.ДҮЙСЕБАЙ