Шымкент көшелері: ҚАЗЫБЕК БИ КӨШЕСІ – ЕУРОПАЛЫҚ  СИПАТТАҒЫ ҚАЛА СӘУЛЕТІНІҢ БАСТАУЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Өткен жолы «Ордабасы» алаңы туралы сөз етіп едік. Енді сол алаңнан бастау алатын Қазыбек би көшесі туралы әңгімелесек деп отырмыз. Осылайша, Шымкенттің ең ескі көшелерін сөз ете отырып, қала тарихы мен келбетінің уақыт өте қалай өзгергенін сараптауға қол жеткізетін боламыз.

Совет көшесі. ХХ ғ. ортасы

Қазыбек би көшесі. Қазіргі кезең

1864 жылы Шымкенттің Ресейге қосылуы оның қала құрылысы мен сәулетін түбегейлі өзгертті. Бастапқыда Цитадель пен «Базар алаңы» әлі де қаланың жоспарлық құрылымында үстемдік етуін жалғастырып жатты. Бірақ, 1886 жылдың өзінде жаңа қалалық құрылым – «Солдат слободкасы» пайда болды. Қаланың дамуындағы түбегейлі жаңа кезең басталды. 1860-ші жылдардың аяғы – 1870-ші жылдардың басында «Базар алаңының» (қазіргі «Ордабасы» алаңы) шығыс шетіндегі бекіністің етегінен тіке солтүстікке қарай Николай көшесі салынды. Ол Жаңа қаланың жоспарлану осіне айналды. Қаланың бұл бөлігінде тік бұрышты кварталдар торын құрайтын тіп-тік магистральді көшелері бар тұрақты орналасуы қалыптасты.

НИКОЛАЙ КӨШЕСІ – ҚАЛАНЫҢ БАСТЫ КӨШЕСІ БОЛДЫ

Жаңа қаланың жоспары 1866 жылы сызыла бастаған еді. Бастапқыда басты көше – Царьская көшесі деп аталады да, араға уақыт салып Николай көшесі деп қайта аталады. Ал, сол көшемен солтүстікке қарай өрлей жүргенде оны көлденеңінен қиятын бірінші көше – Мещанская (қазіргі Түркістан), одан жоғары жүргенде тағы көлденең кесетін көше – Александр (қазіргі Майлықожа), одан жоғарырағы – Садовая (қазіргі Тәуке хан), төртінші қиятын көше – Черняев (қазіргі Ильяев) көшелері қиылысты. Кейінірек Николай көшесіне параллель Степная (қазіргі Д.Қонаев) дейтін көшенің нобайы көрінді.

1994 жылы жарық көрген «Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» деген жинақта қазіргі Қазыбек би көшесі «Совет көшесінің құрылыстары» дейтін 9-шы тақырыппен арнайы тоқталады. Өйткені, көше бойындағы 9 ғимарат сәулет ескерткіші есебінде көрсетіліпті. Ол ескерткіштердің қатарында Никольский соборынан бастап, Социалистік жер игерушілер үйі (қазіргі Әл-Фараби ауданы әкімшілігі жайғасқан ғимарат), Қоғамдық үй (қазіргі аурухананың ғимараты), Союзпечать ашенттігінің ғимараты (бүгінгі таңда ол ғимарат жоқ), Райком партия ғимараты (қазір «Оңтүстік» телеарнасы жайғасқан ғимарат) және оған қарама-қарсы орналасқан қоғамдық ғимарат (2017 жылы өртеніп кетті), Сергий Радонежский шіркеуі (қазіргі Ш.Қалдаяқов атындағы филармония орналасқан жер), «Шымкент» универмагы және «Арал» рестораны болды. Көріп отырғаныңыздай, 1994 жылғы «Жинақта» тұрған сәулет ескерткіштерінен арада 30 жыл өткенде қатары селдіреп, тек бір қолдың саусағы жететіндей-ақ нысандар қалып отыр.

Осы көше бойында орналасқан Никольский соборына арнайы тоқталдық. Енді қалған сәулет ескерткіштерін шетінен таныстыра кетейік.

Осы Николай көшесі бойында 1866-1867 жылдардан бастап қалалық полицей бөлімінің алғашқы бөлімдері ашыла бастайды. Қазіргі «Ордабасы» қонақүйінің орнында әскерилерге  арналған казарма, дүңгіршектер, монша, шаруашылық үй-жайлар салынады. М.Әбдіәкімұлының «Шымкент тарихы» деп аталатын еңбегінің дерегіне қарағанда, осы көшенің бойында 1872 жылы кішкене би алаңы, шағын клуб, қоғамдық тамақтану орны, ішкілікке арналған «кабак», тіпті жұдырықтасуға арналған алаң да ашылыпты. 1886 жылы шағын кітап бұрышы ашылып, ол 1899 жылы А.Пушкиннің 100 жылдығына орай кітапхана болып құрылады. 1870 жылы Николай және Александр (қазіргі Қазыбек би-Түркістан) көшелерінің қиылысынан он орындықты әскери лазарет салынады. 1875 жылы Вознесенский деген священник өз қаражаты есебінен бір жылдық оқу орнын ашады. Кейін ол мектеп кеңейіп, үлкейе түседі. Қазіргі №8 орта мектептің орнында сол мектеп болған.

ХХ ғасырдың басына қарай қаланың төрт бөліктен: Цитадель, Ескі қала, Солдат слободкасы, Жаңа қала деп аталатын бөліктерден тұратын құрылымы қалыптасты. Ол 1915 жылға дейін Арыс-Шымкент теміржол желісі тартылғанға дейін осылай қалды.  ХХ ғасырдың басындағы тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар бүгінгі таңға жетпеді, сақталмаған деуге болады. Қаланы үш бақ: Собор бағы, жалпы қалалық және Черняев бақтары көріктендіре түсті.

Әкімшілік-іскерлік орталықтың рөлін Николай (Совет, Қазыбек би) көшесі атқарды. Шымкенттің әлеуметтік-мәдени өмірі 1950 жылдардың аяғына дейін сонда өтті. Бұл көшенің және бүкіл Шымкенттің революцияға дейінгі құрылысының соңғы шарықтау шегі Никольский соборының (1912-1914 жылдар) салынуы болды. 1904 ж. қаланы одан әрі дамытуды көздейтін Шымкенттің бірінші жобалық жоспары жасалды.

Әлеуметтік құрылымдағы, өмір салтындағы және сәйкесінше қала құрылысы саласындағы түбегейлі өзгерістер 1917 жылғы революциядан кейін басталды. Алғашқы бесжылдық жылдары, индустрияландырудың жеделдеуі және өнеркәсіптің өсуі өнеркәсіптік және азаматтық құрылыстардың жаңа түрлерін өмірге әкелді, қоғамдық дамудың сипатын өзгертті, нәтижесінде жаңа қоғамдық ғимараттар пайда болды.

ОБКОМ ПАРТИЯНЫҢ (ҚАЗІРГІ АУРУХАНА) ҒИМАРАТЫ

ХХ ғасырдың 30-шы жалдары салынған. Қазыбек би көшесі, 20 үйде орналасқан. Қазыбек би (бұрынғы Совет) және Майлықожа (бұрынғы Крегер) көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұл ғимаратқа қарама-қарсы бетте «Баспасөз одағы» ғимараты болған. Аула жағындағы қасбеті жағында тамаша демалыс бағы бар.

Ғимарат 1938 жылы типтік жоба бойынша салынған. Қазыбек би (бұрынғы Совет) көшесі – Ғ. Ильяев (бұрынғы Полтарацкий) және І.Есенберлин (бұрынғы Патрис Лумумба) көшелерінің арасы ХХ ғасырдың 30-60 жылдары арасында қалыптасқан қаланың қоғамдық орталығының сәулеттік-көркемдік доминанты болды.

Нысанның кабырғалары кірпіштен қаланған, бүріккіш сылақпен өңделген. Портик және гипс қалыптау бөліктеріне  ақ түспен екпін  берілген. ХХ ғасырдың 40-шы жылдарындағы кеңестік сәулет өнерінің жіктеу бағытына сәйкес жасалған қоғамдық ғимараттың тән мысалы.  Жоспарда П-тәрізді, 2 қабатты құрылым классикалық 3 осьтік композициялық схемаға ие, оның негізгі қасбеті жағында таяз бүйірлерімен дамыған орталық ризалиті  бар. Ғимараттың бұл бөлігі 6 бағаналы коринф портикосымен, үшбұрышты фронтонмен,  үлкен карнизі бар модульон белдеуімен және аттикпен ерекшеленеді. Шеткі жағындағы бағандардың орналасқан жиілігі жұмыс бөлмелерінің модулімен анықталады. Портик лоджиясында екі қабатты деңгейінде балюстер түріндегі қоршаулары бар балкон бар.

Сәулет ескерткішінің негізгі архитектуралық мотиві бастапқы қасбеттің ордерлік шешімі болып табылады: бағандар, пилястрлар, көпсалалы тәжді қалыптау, кең көлденең рустиктер. Фронтон тимпаны Қазақ КСР гербімен безендірілген. Басқа қасбеттер де алдыңғылар секілді тігінен бөліну сипатына ие, декордан айырылған. Қабырғалар тікбұрышты, ал лоджияларда, екінші деңгейінде төртбұрышты терезелермен кесілген. Лоджияның екінші қабатының терезелері қарапайым тақтайшалармен өңделген. Дәліз түріндегі ішкі құрылым, бөлмелердің екі жақты орналасуы тұтастай сақталған.

Нысанның жаңа функциялануына байланысты (1953 жылдан бастап емхана болды) всетибюле фойесіне қайта құрылымдау (тіркеу орны, гардероб) жүргізілді. Композицияның өзегі осьте орналасқан: бірінші қабатта вестибюль орналасқан, оның темірбетон едендері 4 қырлы 8 қарапайым тіректерді тіреп тұр, оның үстінде 2 жарықты акт залы орналасқан. Екінші қабатқа артқы қасбетте рисалит көлемімен анықталған 3-маршты баспалдақ апарады. Интерьерді безендіруде қалыптау бөлшектері: розеткалар, тартқыштар қолданылған.

РАЙКОМ ПАРТИЯНЫҢ (ҚАЗІРГІ «ОҢТҮСТІК» ТЕЛЕАРНАСЫ) ҒИМАРАТЫ

Бұл сәулет ескерткіші ХХ ғасырдың 60-шы жылы салынған. Қазыбек би (бұрынғы Совет) көшесі, 26 үйде орналасқан. Ғимарат көшенің «қызыл сызығынан» аздап шегіне жайғасқан.

Сәулет ескерткіші 1964 жылы типтік жоба бойынша салынған. Оның бүйір қасбеті Бас пошта ғимаратына (1930 жылы салынған) қарайды. Қабырғалары кірпіштен қаланған, сыланған және әктелген, едендері темірбетон. Бөлшектер гипс, сылақ. Архитектуралық шешімі ХХ ғасырдың 40-шы жылдарындағы классикалық дәстүрлі қолданыста болған кеңестік сәулет тенденцияларымен байланысты әкімшілік ғимараттарға тән мысалы.

Ғимарат үш қабатты, жоспарда тікбұрышты, симметриялы көлемдік-кеңістіктік құрамы бар құрылым ретінде салынған. Басты осі негізгі қасбетте үшбұрышты фронтонмен жасалған ризалитпен, артқы жағында баспалдақ торының жартылай шеңберімен айқындала түскен. Қабырғалардың жазықтығы көлденеңінен кең рустикамен және қабат аралық және тәжді карнизмен бөлінген. Кіреберісі портик түрінде жасалған, оның карнизі пішінді кронштейндермен бекітілген. Тимпаны Қазақ КСР гербімен безендірілген. Қарапайым тіктөртбұрыштар, ал баспалдақ алаңында және орталық көлемнің жоғарғы қабатында көп профильді роликтің архивольттерімен екпінделе түскен жартылай шеңберлі терезелер қолданылған.

Жоспарлау құрылымы дәлізді болып орналасқан, жағалай үй-жайлардың екі жақты орналасуы бар. Орталық көлемдегі бірінші қабатта екі массивті қарапайым бағанасы бар вестибюль орналасқан. Үшінші қабатында акт залы орналаса, оның сәндік қалыпталған терезелердің үлкен жазықтықтарымен еденнің биіктігін ұлғайту есебінен қасбетте бөлінген. Вестибюль және 2-маршты баспалдақ сәндік белдіктермен және розеткалармен әрлене түскен.

РАДОНЕЖСКИЙ ШІРКЕУІНЕН Ш.ҚАЛДАЯҚОВ ФИЛАРМОНИЯСЫНА ДЕЙІН

Қазіргі филармония тұрған жерде 1886 жылы Сергий Радонежский шіркеуі қасындағы приходская мектебімен қоса пайдалануға беріледі. 1934 жылы шіркеу ғимаратының күмбезі мен қоңырауы алынып, ішкі қабырғалары қайта сыланып, театрға лайықталып қайта құрылады. Қайта құрылымдалған ғимарат бастапқыда халық шығармашылық театры болып қызмет етіп, кейін 1967 жылдан бастап облыстық филармонияның пайдалануына беріледі.

Шәмші Қалдаяқов атындағы Филармония 1930 жылы 15 тамызда құрылды. Бұл Қазақстандағы алғашқы филармониялардың бірі. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін филармонияға белгілі қазақ композиторы, Қазақстанның Халық әртісі, «Қазақ вальсінің патшасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың атымен атала бастады. 1956 жылы филармония ғимаратында композитор «Менің Қазақстаным» әнін жасады, ол ән 2006 жылдың қаңтарында қазіргі заманғы мемлекеттік әнұранның негізі болды.

Филармония труппасына жиырмаға жуық әртіс кіреді. Репертуарда қазақ және орыс тілдерінде спектакльдер ұсынылған. Ұжым республикалық және халықаралық маңызы бар фестивальдерге жиі қатысады, облыс аумағын белсенді аралайды, балаларға арналған спектакльдер көрсетеді. Жыл сайын филармония әртістері балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүгедек балаларға арналған қайырымдылық концерттерін ұсынады. Мұнда дәстүрлі түрде Шәмші Қалдаяқовты еске алуға арналған жыл сайынғы концерт өтеді.

Кейін 2010 жылы ауқымды қайта құру кезінде Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның бұрынғы Радонежский шіркеуіне арнап қаланған ғимараты толығымен бұзылып, қазіргі жаңа ғимараты қайта салынды. Қазіргі ғимарттың кіреберіс фойесінде Ш.Қалдаяқовтың бюсті тұр. Бұл мүсін Шымкент қаласы аумағында композиторға арнап орнатылған 3 мүсіннің бірі.

Совет көшесі, ХХ ғ. ортасы

Қазыбек би көшесі, қазіргі кезең

КӨШЕ БОЙЫНА САЯЛЫ БАҚТАР ШОҒЫРЛАНҒАН

Қазіргі Қазыбек би көшесі қала ішіндегі ең жасыл желекке оранған саялы көше саналады. Көше бойлай жаяулап серуендей жүре қалсаңыз, аяқжол жағалай түрлі ағаштардың көлеңкесімен жүресіз. Одан бөлек, «Орталық» саябақ, «Кеңбаба» этнобағы секілді саябақтар да шоғырланған. Бұл аталған бақтардың да тамыры ескі Николай патша атымен аталатын көше тарихымен байланысты болды.

Шымкенттегі алғашқы парк 1884 жылы құрылған. Ол «Патша бағы» деп аталды. 1888 жылы «Патша бағының» атауы өзгеріп, «Қалалық қоғамдық бақ» деп атала бастайды. Және сол жылы осы баққа іргелес «Черняев бағы» деп аталған бақ та бой көтереді. Кейін «Черняев бағы» алғашқы паркпен қосылып, үлкен саябаққа айналды. Кейін Кеңес өкіметі орнаған тұста бұл бақ «Орталық» саябақ деп аталып, орта тұсына «Бауырластар зираты» дейтін белгі орнатылды. Бұл зиратқа Кеңес өкіметін құру жолында қаза тапқан «Қызыл әскер» өкілдері жерленген. Қазіргі таңда «Орталық» саябақ ішіне «Алаш жолы» және Ө.Жәнібеков монументтік өнер құрылыстары орнатылған.

Сол 1888 жылы Николай (қазіргі Қазыбек би) және Садовая (қазіргі Тәуке хан) көшелерінің қиылысынан жаңа бақ ашылды. Осы бақтың ішінен 1912-1914 жылдары Никольский соборының салынуына байланысты бақ та «Собор бағы» деп атала бастады. Бір қызығы, бұл баққа кез-келген қала тұрғыны, әсіресе мұсылман жұртының өкілдерін кіргізбейтін. Олай болатын себебі, бақ ішінде православ дінінің Никольский соборы орналасқан ғой. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін собор ғимаратының күмбезі, қоңыраулары алынып, пайдалану мақсаты өзгертілді. 1943 жылы бұрынғы собор ғимаратынан «Пионерлер үйі» жабдықталады. Осыған байланысты, саябақ атауы да «Пионерлер саябағы» деп атала бастады. 1954 жылдың соңына қарай «Пионерлер үйінде» өрт болып, қабатаралық жабын жанып кетті. Сөйтіп арада біраз жыл қаңырап қалады. 1955-1960 жылы ғимаратта жөндеу және қайта құрылымдау жұмыстары жүреді. 1983 жылы қалада жаңа «Пионерлер сарайы» ашылуына байланысты, ғимарат та қуыршақ театрына бейімделіп, театр пайдалануына беріледі. Осы сәттен бастап саябақ атауы да «Балалар саябағы» деп атала бастайды. Бүгінгі таңда ескі собор ғимаратында Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры қызмет етіп келеді. 2001 жылдан бастап саябақ «Кең баба» деп аталып, этносаябақ форматымен қайта құрылды. 3,5 гектар аумақты алып жатқан саябақта «Миниатюрадағы Қазақстан» макеті, аттракциондар қалашығы, волейбол және баскетбол алаңдары, теннис корты, шахмат клубы, шайхана, интернет-кафе, «Оңтүстік сыйы» жасыл қалашығы, Ақсу сарқырамасы, 9 субұрқақ және жасанды канал бар.

Шымкент қаласының негізгі өмірі біршама уақыт осы Қазыбек би (Николай, Совет) көшесі бойында өткендіктен, көше туралы айтар болсақ, қаланың біршама тарихын да қатар қозғай қамту – заңдылық. Көше мен қаланың өткенінен аз-кем әңгіме қозғадық. Қызықтыра алсақ, міндетіміздің орындалғаны болар.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Т.I. – Южно-Казахстанская область. – Алматы, 1994.
  2. Әбдіәкімұлы Момбек. Шымкент қаласының тарихы. Алматы; «Қаламгер» баспасы, 2021.
  3. Шымкент. Историко-информационный фотоальбом / А.Кипчакбаев, В.Сериков, Т.Тулеметов – Шымкент, 2009.

С. Дүйсебайұлы