ШЫМКЕНТ ҚАЛАЖҰРТЫНЫҢ ҚОРҒАНЫС ҚАБЫРҒАСЫНЫҢ АШЫЛУЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында  Археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі  Б.Байтанаев басқарған Шымкент отряды 2004 жылдан бастап ғылыми әдебиет пен анықтамалық басылымдарда «цидатель» және «қамал» деп аталып жүрген ортағасырлық Шымкенттің тарихи орталығында кең ауқымды қазба жұмыстарына кіріскен болатын.

Тарихи орталықтың қирандылары қазіргі Шымкенттің оңтүстік бөлігінде, қаланың жалпы деңгейінен биігірек орналасқан. Тарихи орталықтың қазіргі таңда 2 га жуық аумағы  ғана сақталған.

Қазіргі Шымкент құрылыстарының арасында мұндай тарихи ортаның орналасуы археологтар тарапынан «цидатель» мен «қамалдың» мәдени қабаттары мен жекелеген нысандарын зерттеуге  қызығушылықтарын тудырып отырды.

Шымкенттің тарихи орталығында қазба жұмыстарының нәтижелері Оңтүстік Қазақстан облысының ескерткіштеріне арналып шығарылған «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің ескерткіштерінің жиынтығында» кішігірім мақала арналған.

Аталмыш жайлардың кейбірінің атқарған қызметтері анықталды. Мәселен, қорғаныс дуалының оңтүстік-батыс шетіндегі бұрышта орналасқан №9 жай асхана болған көрінеді. Мұны пеш орындары дәлелдейді. №8 жай қойма қызметін атқарған. Оңтүстік-батыс бұрышта шикі қыштан жасалған сандық орны байқалады. Қалған жайлар қорғанысшылардың тынығуына арналса керек. Мұның айғағы – мұнда жылытылмалы сыпалардың (жатақ орындары) бар болуында.

Қамал дуалының жанындағы пандустың үстіңгі жағында күйдірілген кірпіштен жасалған сандал түріндегі ошақ орны табылды. Бұл ошақ қорғаныс дуалының үстінде төңірекке бақылау жүргізген қарауылшылардың жылынуын қамтамасыз ететін.

Ішкі диаметрі 4,4 м, пішіні домалақ мұнара бекініс дуалының шетінен 6 м сыртқа шығып тұр. Оған кіре берісінің солтүстігіне Солтүстік- оңтүстік бағытымен аумағы 3х4 м қарауылдық жайы келіп түйіседі. Мұнара мен қарауыл жайы шикі кесектерден (пахса) қаланған. Бекініс дуалдары шикі қыштан қаланған. Дуалдың төменгі жағының ені 5-5,25, ал үстіңгі жағының ені 3,3 м келеді. Дуалдың сақталған биіктігі – 1,3-1,8 м.

Қорғаныс дуалы бір-бірінен 0,8-1 м қашықта тұрған екі дуалды катар қалау әдісімен жасалған. Дуалдар арасындағы бос жер құрылыс қоқысы мен бос топырақпен толтырылған.

Қорғаныс дуалы жайларының ішінен уақыты XVIII ғ. соңы – XIX ғ. бірінші жартысына жататын қыштан жасалған бүтін ыдыстар мен оның сынықтары, темір бұйымдар (қапсырма шеге, шеге, моншақ ұштары), шыны мен металл (қола, алтын) заттары табылды.

2005-2006 жж. қалашықтың батыс жақ беткейіндегі дуалдарды ашу оңтүстік-батыстан солтүстікке қарай жүргізілді, нәтижесінде 80 м қорғаныс дуалына іштей жанасқан казарма тектес бөлмелер мен әрқалай сақталған жартылай дөңгелек мұнаралар ашылды. Осы жылдарда дуалдар бойынан барлығы 4 жартылай дөңгелек қорғаныс мұнаралары табылған. 2005 жылы шахристанның оңтүстік-батыс бұрышында ашылған алғашқы мұнара мүлдем сақталмаған; екіншісі 2007 жылы бірінші мұнарадан 40 м солтүстікте ашылған. Ол салыстырмалы түрде жақсы сақталған, диаметрі ішкі жағынан санағанда 5 м; және соңғысы солтүстікке қарай қалашықтың батыс жақ беткейін шектеп, шахристан қақпасын батыстан қорғап тұрған қорғаныс мұнарасы. Егер 2004-2007 жж. оңтүстік және солтүстік қорғаныс сызығының бойында ашылған мұнараларды нөмірлейтін болсақ барлығы 5 мұнара: №1 оңтүстік жақ беткейде 2004 жылы ашылған, оңтүстік-батыс бұрыштағы мұнара (сақталмаған); №3, 4, 5 мұнаралар 2005-2007 жж. дала маусымында ашылған (1 сурет).

2007 жылы қазба жұмыстары 800 ш.м көлемінде шахристанның солтүстік-батыс жақ беткейінде жүргізілді (қазба 4,3). Нәтижесінде ұзындығы 50 м қорғаныс дуалы, екі мұнара және тоғыз бөлме қалдықтары ашылды.

Сонымен, 2007 ж. маусымында екі жағынан мұнаралармен шектелген батыс қорғаныс дуалының солтүстік бөлігі ашылды (мұнара №4 және №5). Бұл бөліктегі қорғаныс дуалының екі мұнара арасында оңтүстіктен солтүстікке қарай 2 м дейін төмендегенін ескерген жөн, ал 2005-2006 жж. ашылған батыс қорғаныс дуалы түзу жазықта жер деңгеймен қатарлас орналасқан. Әсіресе мұны дуал ішіне шығыс жақтан жанасқан еден деңгейінен айқын байқауға болады. Бұл дуалдың солтүстік бөлігіндегі төбенің пәс жағында тұрғызылғанымен түсіндіріледі. Шахристанға кіреберіс ертеден батыс бөліктен жүргізілген және басты қақпа осында орналасқан. Міне осы жерден шахристанның іштегі қалдық сулары шығарылғанға ұқсайды, ал шахристанның суарылуы қалашыққа оңтүстік-шығыс бұрышынан жүргізілген канал арқылы келген.

Аталып өткендей, солтүстік қорғаныс мұнарасы (мұнара №5) қалашық дуалының батыс жақ беткейін солтүстік жағынан шектейді. Бұл мұнара тек жартылай ғана сақталған. Мұнараның солтүстік бөлігі пәске қарай ағылып құлаған. Келесі №4 мұнара №3 мұнарадан 40 м солтүстікке қарай орналасқан және оның диаметрі 5 м, дуалының қалыңдығы 1,5 м. Мұнараның құрылымы күрделі. Қалыңдығы 0,9-1,0 м басты дуал тығыз сұр пахсадан қаланған. Сыртынан 20-50 см дейін сақталған тығыз сарғыштау саз балшықпен жүргізілген жөндеу қаландысы жанасқан. Сол сияқты мұнараның дуалы 30 см іштей түйіршіктелген сұр пахсадан қаланған. Мұнараның оңтүстік бөлігінде сыртқа, яғни фасадқа шығатын өткел бар. Бұл өткел қалашықты орыс әскерлері басып алынғаннан кейін саз балшықтан жасалған ұсақ гуәләмен (қолдан жапсырылған сопақ кірпіш) қаланып тасталған. Гуәләлардың ұзындығы 20 см. Мұнара мен оңтүстік дуалдың арасындағы бұрышта, мұнараға кіретін өткелдің еден деңгейінде өрт іздері байқалады. Осы қабаттан аталмыш мыс тиін табылды. Сонымен, өрт және мыс тиін XIX ғ. ортасындағы қорғанды орыс әскерлерімен алу кезеңімен тұспа-тұс келеді деп тұжырымдауға болады.

2007 ж. қорғаныс дуалының ішінен оған шығыс жақтан тізбектеліп орналасқан әр түрлі көлемдегі 9 бөлме ашылды (1 сурет). Бөлмелердің қабырғалары көлемі 33-32х17-16х8-7 см кірпіштен қаланған. Кей жерлері құм араласқан саз балшықпен сыланған және әктелген. Жоғарыдағы бөлмелердің төртеуінен төртбұрышты орыс пештері табылды, олардың көбіне түбі және бірнеше ғана қатар кірпіш қаландылары сақталған. Құрылыс материалы ретінде көлемі 25х12х6 см, ал кейде 33-32х17-16х8-7 см болатын саз балшықтан жасалған кірпіштер пайдаланылған. От жағатын ауызы ішкі жағынан жанған оттың салдарынан қатты күйген.

Сонымен, жоғарыдағы құрылымдардың құрылысы 2 кезеңде жүргізілді. Алдымен батыс жақ беткейдің алдын-ала тегістелген бөлігінде қалыңдығы 3 м дуал тұрғызылған. Қалашықтың ішкі бөлігі қорғаныс дуалының деңгейінен 1-1,20 м төмен болғандығына қарағанда, дуалдарды тұрғызуға кеткен саз топырақтың біршамасы қорғаныс дуалының ішкі жағынан алынған. Содан соң бұл дуалға іштей жоғарыдағы бөлмелер жапсарылып соғылған. Олар қорғаныс дуалы сияқты ұсақ дөңгелек гуәлә араласқан сұр саз балшықтан көтерілген. Мұның барлығы қоқан кезеңіне жатады. Мұнда қорғаныс конструкцияларын тұрғызу барысында асығыстықтың болғанын ескерген жөн, өйткені сол кезеңдегі фортификациялық құрылымдардың сапасы төмендеу.

Ресей империясының Қазақстанға ішкерілей кіре бастауына байланысты орта азиялық хандықтар өз шекараларын солтүстікке қарай нығайта түсіп, қорғандармен бекіте бастағаны жазба деректерінен мәлім. Хиуа ханы қарақалпақтардың жерінде кішігірім қала – Айдос тұрғызады, ал Қоқан хандығы Сырдарьяның оң жағасын бойлай, оның орта ағысымен қорғандар тізбегін тұрғызады. Шымкенттің фортификациялық құрылымдарын тұрғызу дел осы оқиғалардың қарсаңында жүргізіледі.

Ресей қол астына кіру кезеңінде жоғарыдағы барлық бөлмелер жөндеуден өткізіліп, төртбұрышты саз кірпішпен қаланады. Сыртқы қорғаныс дуалы аздап бұзылған, оған дәлел ретінде қорғаныс дуалындағы үлкен тесік бола алады, ал кейіннен ол батысқа шығар өткел ретінде пайдаланылған болуы мүмкін.

М. Әуезов атындағы ОҚМУ археологиялық экспедициясы 2008 жылы Шымкент қалашығында өз қазба жұмыстарын жалғастырды. Бұл жылы қазба (қазба 6) шахристанның оңтүстік-шығыс бөлігінде 2003 жылғы стратиграфиялық шурфтан 3 м солтүстікке қарай орналастырылды. Қазба алаңы шығыстан батысқа қарай төмендеген.

Барлық қазба алаңында қалыңдығы 10-15 см шым қабатының астында жұмсақ ағындылар мен үйінділер қабаты орналасқан. Арасында саз балшықпен нығыздалған дақтар да кездеседі. Қазбаның шығыс бөлігінің ортасында меридиан бағытымен саз балшықтан тұрғызылған 0,5 м сақталған монументті дуал табылды. Сол сияқты нөлдік деңгейден (II ярустың жоғарғы деңгейінде) 60-80 см төмендікте дуалдың екі шетінде саздан жасалған еден (еден 1) сақталған. Дуал 4-5 м ұзындыққа дейін бақыланып, батысқа қарай бұрыла жоғалып кетеді. Дуаладан шығысқа қарай еден деңгейіне ендірілген 4 тандыр табылды (2 сурет). Тандырлардың жоғарғы бөліктері ертеде бұзылып, 25-45 см тереңдігі ғана сақталған. №5 тандыр аталмыш дуалдан батысқа қарай орналасқан, оның сақталуы орташа. №4 тандырдың құрылымы күрделірек. Ол дуалдың шығыс жақ беткейінің соңын бойлай орналасқан сыпа жанасқан. Бұл тандырдың оңтүстікке бағытталған от алауынан қызарған тесігі және ұзын мұржасы бар. Жіңішке мұржа тандырдың бас жағынан солтүстік-батысқа қарай диагональ бойымен сыпа қаландысының ішкі бөлігінен жүргізілген.

Қазбаның орталық бөлігі мен солтүстік-батыс бөлігінде ашулар IV ярустың ортасына дейін жүргізілді. Осы деңгейдің басы мен ортасы аралығында екінші еден деңгейі табылды (еден 2). Қазбаның батыс бөлігінде 2-еденнің үстінен шығыс бөліктегі дуалға параллель орналасқан ұзындығы шамамен 4 м, қалыңдығы 0,5 м кірпіш дуал ашылды. Дуалдың соңы үзілген. Сарғыш саз балшықтан жасалған көлемі 45х25-23х7-9 см кірпіштер дуал бағытына перпендикуляр жатқызылған. Дуалдың солтүстік шетінен 40 см төмендікте, яғни IV ярустың ортасынан ендік бағытта орналасқан екінші бұдан ертерек дуалдың қалдықтары табылды, оның 1 м ғана бөлігі сақталған, ені 80 см. Дуал қатты сұр пахсадан және көлемі 45х23х10 см болатын екі қатар кірпіштен қаланған (2 сурет). Аталмыш дуалдың батысынан солтүстік-батысқа қарай еден деңгейінде аударылған аласа хұм табылды. Сол сияқты дуалдан оңтүстікке қарай екі аударылған түбі тесілген ыдыстың: хұм және құмыра түбтері табылды, бұл ташнаудың қалдықтары болуы мүмкін. Жоғарыдағы дуалдан шығысқа қарай еден деңгейінде бір-біріне жақын орналасқан екі хұм табылды.

№6 қазбаның стратиграфиясын зерттеу мақсатында оның оңтүстік-батыс бөлігі 6х6 м көлемде VIII ярустың ортасына дейін ашылды (3 сурет). Мұнда екі айқын қабат ашылды: жоғарғы – сұр, жұмсақ күл-қоқысқа және мал сүйектеріне толы қабат (бұл XVIII-XIX ғғ. мәдени қабаты) және төменгі – архитетуралық қалдықтар, тандырлар, аздаған көлемде шағатай кезеңінің қыш ыдыстары сақталған ашық қоңырқай топырақ үйінділері. Бұл екі үлкен хронологиялық жинақтың шекарасы шығыстан батысқа қарай төмен орналасқан.

Жалпы алғанда, кейінгі ортағасырлық мәдени қабаттардың стратиграфиясы өте аморфты, стратиграфиялық бөлініске берілуі өте қиын. Бұл қоқыс шұңқырларымен әр уақытта кесіліп тұрған өте күшті қоқыс қабаты. Кей жерлерде XVII-XIX ғғ. тұрғындары пайдаланған құрылыс конструкцияларының қалдықтары сақталған.

Жоғарыда аталып өткендей қазбаның оңтүстік-батыс бөлігі VIII ярустың ортасына дейін тереңдетіліп, моңғол шапқыншылығынан кейінгі шағатай кезеңінің өмір сүрген деңгейі ашылған болатын. Мұнда кірпіштен және тастан қаланған диагональ бағытта орналасқан кішкене дуалдың іргесі ашылды. Оңтүстік-шығыс бөлігінде ол биіктігі 10 см сыпаға жанасқан. VI ярус деңгейінде осы суфаға ендірілген қабырғалары күйдірілген кішкене шұңқыр ашылды. Көлемі 25х10 см, тереңдігі 25 см. Шұңқырда азғантай көлемде XIII ғ. ыдысының сынықтары табылды. Іргенің екінші шеті №2 тандырға жанасқан. Тандырдың негізі VII ярустың деңгейінде орналасқан. Тандыр жақсы күйдірілген қызыл саз балшықтан жасалған. Қабырғасының қалыңдығы 1,5-2 см. Ол ішінен тік сызықтармен өрнектелген. Төменірек VII ярустың деңгейінде №1 тандыр ендірілген ертерек суфа қалдықтары сақталған. Бұл суфаның дуалы алдындағы шұңқыры бар суфаның бағытымен бағыттас. Бұған қарағанда шағатай кезеңінің ерте және кейінгі өмір сүру уақытында дуалдардың бағыты айтарлықтай өзгермегенге ұқсайды. №1 тандыры бар суфаға перпендикуляр оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа бағытталған бөлме қабырғасы жанасқан. Ұзындығы 2 м, биіктігі 60 см қабырға ірі тіктөрбұрышты саз кірпіштен қаланып, суфаның беті сияқты саз балшықпен сыланған. Суфаның беткі сылағы №1 тандырдың аузымен бір деңгейде орналасқан.

Шағатай кезеңінің мәдени қабаттары және құрылыс қалдықтары Шымкент қалашығының XV-XVI ғғ. ұзақ уақытқа қараусыз қалу кезеңінде түбірімен бұзылғанын айта кеткен жөн. Оның үстіне бұл кезеңнің мәдени қабаттары төбеден түсірілген кейінгі ортағасырлық қоқыс қабаттарымен де бұзылып отырған.

Сонымен, №6 қазбадағы стратиграфиялық зерттеулер шахристанның бұл бөлігінде екі хронологиялық дәуірдің қалдықтары жатқандығын көрсетеді. Төменгісі шағатай дәуіріне және одан кейінгі қалашықтың қараусыз қалу мерзімі. Монгол шапқыншылары қала дуалдарын бұзып жергілікті халықты қорғансыз кішкентай қалашықтарда тұруға мәжбүр еткені белгілі.

Одан әрі Шымкенттің шахристаны қазақ хандығының кезеңінде қайта жандана түседі. XVI ғ. ірі тарихи оқиғалар орын ала бастайды. Темір және Алтын орда сияқты ұлы мемлекеттердің құлауынан кейін Сырдарьяның орта ағысындағы халықтар мен қалалар ұсақ жергілікті басқарушылардың қол астына бірігеді. Шайбани ханның осы қалаларды басқару мақсатындағы күресі сәтсіздікке ұшырағаннан кейін оңтүстікке кетіп, онда жаңа Шайбанидтер мемлекетін құрады. Шайбанидтер және аштраханидтермен ұзақ соғыстан кейін қазақ хандары Сырдарьяның орта ағысындағы қалаларға өз үстемдігін орнатады. Бұл саяси тұрақтылықтың оң нәтижелері болды. Шымкент және Сайрам қалашықтары қайта жанданып, интенсивті түрде кәсіпкершілік пен сауда дами түседі. Мұның барлығы жоңғар шапқыншылығы және Ресей экспансиясының нәтижесінде қазақ хандығы дағдарысқа ұшырауымен аяқталады. Орыс әскерлерінің Сырдарьяның орта ағысындағы аудандарды алу кезеңінде қоқан ханы Сырдарьяның сол жағалауын қоршауға тырысады. Ол Ақмешіттен Таразға дейін қорғандар тұрғызады, оның ішінде Шымкент пен Ташкенттің шахристандарын бекіте түседі.

Соған қарамастан, XIX ғ. орта шенінде бұл территориялар Ресей империясының қол астына кіргізіледі. Шымкент қалашығының жоғарғы кейінгі ортағасырлық құрылыс қабаты міне осы, Оңтүстік Қазақстанның қиын-қыстау кезеңіне жатқызылады.

 

Г.Бейсенова

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК экспозиция мен көрме ұйымдастыру маманы