ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДАҒЫ СӘУЛЕТ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы ХІХ ғасырдың соңында патшалы Ресей құрамына өткесін қаланың архитуралық келбеті еуропалық сипатқа қарай өзгере бастады. Ал, ортаазиялық қала құрылысы ерекшелігі тек Ескі қала аумағында ғана «арал» секілді оқшауланып қала берді.

ХХ ғасырдың басына қарай қаланың төрт бөліктен: Бекініс, Ескі қала, Солдат слободкасы, Жаңа қала деп аталатын бөліктерден тұратын құрылымы қалыптасты. Ол 1915 жылға дейін Арыс-Шымкент теміржол желісі тартылғанға дейін осылай қалды. Қала құрылысы және сәулет жағынан қаладағы өзгерістер Шымкентке алғаш теміржол желісі тартылып, станция құрылысының салынуымен үдей түсті.

ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ПОСЕЛКЕСІ ҚАЛА КЕЛБЕТІН ӨЗГЕРТЕ ТҮСТІ

Шымкент теміржол вокзалының Түркістан және Арыс қалаларынан айырмашылығы, бір қабатты қарапайым ғимарат болды. Теміржол вокзалы маңындағы құрылыстар жеке өз алдына поселке болып құрылып, станция, қоғамдық ғимараттар, тұрғынүйлер қатары арта түсті. Десе де, сол кезеңдегі салынған станса маңындағы поселке өзіндік сәулеттік келбетке ие болды.

Ол туралы 1994 жылы жарық көрген «Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» деп аталған еңбекте «Вокзал маңы ауданының құрылыс кешені» деп арнайы тоқталады. Алайда, ол жерде жан-жақты сипатталған кешеннен бүгінгі таңға тек бір ғана нысан аман сақталып жетіп отыр. Кешеннің қалған бөліктеріндегі тұрғын үйлердің сыртқы келбеті қатты өзгеріске ұшыраған, немесе құрылымы толықтай өзгерген. Сондықтан, біз де әлгі жалғыз нысанға тоқталуды жөн санадық.

Қазіргі Шымкент қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер тізіліміне ол жалғыз нысан – «Тұрғын үй, ХХ ғасырдың басы» деген атаумен енген. Ол сәулет ескерткішінің қазіргі орналасқан жері Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Анаров көшесі, 22 үй. Орналасқан жерінің географиялық координаты 42°17’48.5″N, 69°36’23.7″E. Қазіргі таңда ғимарат шаруашылық мақсатта пайдаланылып отыр. Ескерткіштің бүгінгі таңға аман жетуінің себебі де сол, белгілі мөлшерде заңды тұлғалардың пайдалануында болғаны әсер етсе керек.

Бұл Тұрғын үй (ХХ ғасырдың басы) сәулет ескерткішінің тарихы Шымкент қаласына алғаш теміржол желісі тартылып, вокзал маңындағы тұрғын үйлер салына бастаған ХХ ғасырдың басындағы тарихи кезеңмен байланысты. Құрылымына қарай Ресейдің патшалық кезеңінің сәулет ерекшеліктері айқын көрініс тапқан. ХХ ғасырдың басында Шымкент қаласы уез орталығы болып, теміржол байланысы орнауына орай, теміржолшылардың жаңа баспаналармен қамтылу қажеттілігі туған. Осыған байланысты, бұл тұрғын үйлерде алғашқы теміржолшылар мекен етті. Сондықтан, бұл ескерткіштің Шымкент қаласының дамуына теміржолмен бірге қосқан үлесі бар.

Тұрғын үй 1915 жылы сол кездегі типті жобаларға негізделіп салынған. Қабырғасы мен іргетасы күйдірілген кірпіштен қаланған. Кірпіштердің декоративті детальдері жоғары сапада пішінделіп, қалау техникасымен өрілген. Қабырғалары сыланбаған, әрленбеген, ақталған. Үйдің жанындағы қапталдарда қосымша құрылыстар салынған. Үй жобасында Орынбор-Ташкент темір жолы құрылысы кезінде салынған станцияларда кездесетін «кірпіш стилі» үрдісінің ерекшелігі айқын көрініс тапқан (1).

Түрғын үй бір қабатты, тік төртбұрышты пішінде жобаланған. Ғимаратта жеке өз алдына көшеге шығатын есік және аулалық фасадтары бар.

Қазіргі ескерткіштің жағдайы – қанағаттанарлық деңгейде.

 ҚОРҒАСЫН ЗАУЫТЫНЫҢ САЛЫНУЫ ДА ҚАЛАДАҒЫ СӘУЛЕТ ЕСКЕРТКІШТЕРІ ҚАТАРЫН ТОЛЫҚТЫРДЫ

Шымкент қаласының әлеуметтік құрылымындағы, өмір салтындағы және сәйкесінше қала құрылысы саласындағы түбегейлі өзгерістер 1917 жылғы революциядан кейін басталды. Алғашқы бесжылдық жылдары, индустрияландырудың жеделдеуі және өнеркәсіптің өсуі өнеркәсіптік және азаматтық құрылыстардың жаңа түрлерін өмірге әкелді, қоғамдық дамудың сипатын өзгертті, нәтижесінде жаңа қоғамдық ғимараттар пайда болды.

1930-1934 жылдары Шымкент қорғасын зауыты салынды. Оған жақын жерден екі қабатты тұрғын үй құрылысы, қоғамдық ғимараттары бар зауыт жұмысшылар мен қызметкерлерінің поселкесі пайда болды. Оның ішінде композициялық жоспарлау түйіні көшелердің қиылыстарында белгіленді. Қорғасын зауыты поселкесінен Ескі қалаға дейін тартылған магистральді көшелер салынды. Бұл қаланың өміріндегі тарихи құрылымын бұзды. Ескі қала бөлігінің дамуы кесінді сипатқа айналды. Соғыстан кейінгі жылдары Қорғасын зауыты маңындағы поселке Шымкенттің Ескі қаласымен етене араласып, қала маңындағы жұмысшы поселкесі емес, қаланың жаңа шағынауданы мәртебесіне ие болды. Осылайша, зауыт маңындағы шағынауданда жаңа ғимараттардың құрылысы жүріп, жаңа архитектуралық келбеті қалыптасты. Соғыстан кейінгі кезең дегеніміз, ХХ ғасырдың 50-ші жылдардағы индустрияландыру саясаты қатты жүрген дәуір.

Шымкенттің ол кезеңге тән сәулет ескерткіштері қатарына ескерткіштер тізіліміне Мектеп, Металлургтер сарайы деп енген ғимараттар бүгінгі біздің кезеңімізге жетіп отыр. Енді сол сәулет ескерткіштеріне жекелеп тоқталайық.

Қазіргі Шымкент қаласының тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінде «Мектеп, ХХ ғасырдың 50-ші жылдары» деген атаумен тіркелген сәулет ескерткіші бар. Ол нысан Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Қ.Жарқымбеков (бұрынғы Парковая) көшесі, 13 үй мекен-жайында, Ю.Гагарин көшесінің қиылысында орналасқан. Орналасқан жерінің географиялық координаты: 42°18’38.8″N, 69°33’46.2″E.

Мектеп ғимараты ХХ ғасырдың орта шенінде, 50-ші жылдардың ортасында Шымкент қаласының батыс жағынан жаңадан бой түзеген Қорғасын зауыты маңындағы елді мекеннің ортасында салынған. Бастапқыда мұнда Қорғасын зауытына қажетті жұмысшыларын дайындауды мақсат еткен оқу орны құрылған. Кейіннен 1963 жылы наурыз айында республика көлемінде киномеханиктер мен байланыс саласының мамандарын дайындайтын ОКТУ ашылған. Базалық мекемесі облыстық кинофикацияның басқармасы болған. Қазіргі таңда бұл ғимаратта Шымкент қаласының Энергетика және байланыс колледжі жайғасқан. Орта білімді жұмысшы кадрларды дайындауға арналған оқу орны  56 жылдық тарихы бар, осы уақыт ішінде білім беру мекемесі түрлі жылдары атын өзгерту мен қайта ұйымдастырудың бірнеше кезеңінен өтті (2).

Ғимарат қабырғасы күйдірілген кірпіштен қаланған, сыланған және әктелген, детальдері жабыстырлған, гипс. Стилистикалық ерекшеліктері ретінде ХХ ғасырдың 50-ші жылдарындағы қоғамдық ғимараттарда қолданылған классикалық сәулет элементтерін айтуға болады. Жоспары П тәрізді екі қабатты құрылым симметриялы көлемді-кеңістікті композициямен шешім тапқан. Негізгі және бүйірлік қасбеттеріндегі кіреберіс ризалиттерімен ерекшеленеді (3).

Техникалық жай-күйі қанағаттанарлық.

Қорғасын зауыты маңындағы шағынауданның ең көрнекті тұсы – металлургтер тақырыбымен үйлесетін бірнеше нысандардың тізбекті жүйесін құрайды. Оның қатарында Металлургтар сарайы, Металлургтер саябағы, Металлургтер стадион деп санамалап бірнеше саусақ бүгуге болады.

Осының ішіндегі ең көркем сәулет ескерткішіМеталлургтер сарайы. Қазіргі Шымкент қаласының тарихи-мәдени ескерткіштер тізбесінде бұл нысанды ХХ ғасырдың 50-ші жылдар ортасына жатқызады. Орналасқан жерінің мекен-жайы: Шымкент қаласы, Тұран ауданы, 1-мамыр көшесі, 10/1 үй. Орналасқан жерінің географиялық координаты: 42°18’49.3″N, 69°33’51.6″E.

«Металлургтер сарайының» Шымкент қаласы тарихында алар өз орны бар. Кеңес дәуірінің «Кемелденген социализм» кезеңінде қорғасыншылар қаласына айналған Шымкенттің архитектуралық келбетін көрсетеді. Екінші дүние соғысында Кеңес әскерінің атқан әрбір он оғының тоғызын берген қаладағы қорғасын зауыты жұмысшыларына соғыстан кейінгі жылдары мәдени байлық сыйлаған Металлургтер сарайының сәулет стилі де сирек кездесетін құбылыс саналады.

Сәулет ескерткіші 1957 жылы сәулетшілер В.А.Нильсен, Е.Башходжаевтардың (Өзбек Жол Жобалау) жобасымен салынған. Әрлеу жұмыстарын Н.В.Цивчинский (Қазақ КСР Көркемдік қоры) жүргізген. Қабырғалары кірпіштен қаланып, сыланған. Детальдардің түсінде ақ түске көбірек екпін берілген. Декорацияда гипс және шойын құйылған әшекейлер, мәрмәр және бағалы ағаштар қолданылған.

«Т» пішінді ғимарат 3 қабатты. Ішкі интерьері ерекше, залының төбесі көркем суретті жапсырма материалмен әшекейлі безендірілсе, фойесі мозаикалы әрленген. Сондай-ақ, залға кіреберісі мен фойесінде көркем кескіндеме және сәндік-қолданбалы өнер туындылары, жабыстырмалы өрнектер пайдаланылған. Көркемсуреттер қазақ жеріндегі революциялық және социалистік құрылыс тақырыптарына арналған (4).

Қазіргі таңда бұл сәулет ескерткіші «Мирас» университетінің меншігінде болып, концерт залы ретінде тіркелген. Дегенмен, бүгінгі таңда бос, қараусыз қаңырап тұр. Пайдалануда болмағасын, белсенді қолданылмай тұрғасын өткен ғасырдың орта шеніндегі жарқын сәулет ескерткіші қатты тозған. Техникалық жағдайы: қанағаттанарлықсыз.

P.S.: Осылайша, Шымкент қаласының ХХ ғасырдың басы мен орта шеніндегі сәулет және қала құрылысы ескерткіштеріне тоқтала отырып, аз-кем қаланың тарихынан да сыр шерттік. Әлбетте, бұл үш ескерткіш туралы ұзағынан көсіліп, түрлі деректерді келтіруге болады. Бірақ, біздің негізгі мақсат тарих және сәулет ескерткіштерінің жалпы параметрлері мен оның қала тіршілігіндегі атқарған рөлі туралы сөз қозғау болғандықтан, тек сол шеңберден алыс ұзауды құп көрмедік. Тоқталып өткен ескерткіштер маңына бара қалсаңыз, айналасынан сол дәуірлердің элементтерін кезіктіргенде біз келтірген деректерді еске алып, сол замандардың кейпін көз алдыңызға әкеліп аз-кем өткенге сапар шегесіз деп ойлаймыз. Осымен, қысқаша шолуымызды тәмам еттік.

 

Сілтемелер:

(1) Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том 1 – Алматы: Гл.ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994, 59-бет.

(2) «Энергетика және байланыс колледжі» МКҚК // Колледж туралы ақпарат. https://college.snation.kz/kz/akt/college/19196/about .

(3) Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том 1 – Алматы: Гл.ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994, 65-бет.

(4) Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том 1 – Алматы: Гл.ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994, 53-бет.

 

С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ