Шымкент және Сайрам қалаларының Қазақ хандығына қараған кезеңінен бергі тарихын бөлек қарауды жөн санадық. Бұл тұрғыда XV-XVІ ғасырлардағы деректер біршама жүйеленген. Жазба деректер сенімді түрде кездесіп отырады. Бұл кезеңдегі тарихи оқиғаларды Қазақ хандығының тарих сахнасына шыға бастаған сәтін жазып қалдырған Мұхаммед Хайдар Дулатидің дерегі бірінші орынға шығатыны заңдылық. XVI ғасырда Әмір Темір әулетін Мәуеренахрдағы биліктен айырған жаңа билеуші әулет Шәйбанидтер династиясы Орта Азияның, оның ішінде Шымкент пен Сайрамның тарихына ықпалы арта түсті.
XVI ғасырдың басындағы жылдардағы оқиғаларды Мұхаммед Хайдар Дулати жақсы суреттеген және оның Сайрамның тағдырына да қатысы бар. Бабыр өзінің сәтсіз әрекетінен кейін Сефевид мемлекетінің негізін қалаушы Шах Исмаилдың қолдауымен Самарқанға бекиді. Содан кейін Бабыр Ташкенттің билігін әмір Мир Ахмад Қасым кухбарға, ал Сайрамды оның ағасы Кәттәбекке береді. Бұл жолы Самарқанда Бабырдың билігі қысқа болды. Шах Исмаилдың әскерлері Мәуераннахрдан кеткеннен кейін, 1512 жылдың көктемінде Бабыр да Самарқаннан кетуге мәжбүр болды. Сол жылдың күзінде Убайдулла сұлтанның басшылығындағы шайбанидтер әскері мен Бабырдың біріккен армиясы арасындағы шайқас Ғыждуан түбінде болады. Ол соғыста Бабыр шегініп, Ташкент пен Сайрамды өз еркімен қалдырады да, Хисарға кетеді. Осы уақытта өзбектер Ташкентті қоршауға алады, онда Мир Ахмад Қасым қоршаудағы қаладан қиындықпен шығып үлгереді де, Хисардағы Бабырға барып қосылады.
Кәттәбек кезінде Сайрамның тағдыры сәл басқаша қалыптасады, ол Сайрамды нығайтып, қысты қоршауда өткізе алды. 1513 жылдың көктемінде Кәттәбек Қасым ханға жүгініп, оған Сайрам басшыларымен бірге сенімді адам жіберіп, «қала кілттерін» тапсырады. Кәттәбектің Қасым ханға жүгінуі оның жеке бастамасы емес екені анық және оны жергілікті тұрғындар, Сайрам уәлайатына кіретін қала басшылары қолдады, олар Қасым ханға бағынды. Сайрам мен оның округіндегі қалалардың халқы осы уақытқа дейін ішкі соғыстардан шаршаған, өздерін қамқорлығына ала алатын сенімді билеушіге мұқтаж болды. Қасым хан өте танымал және беделді билеуші болған, сондықтан оны хан ретінде таңдау дұрыс шешім болды. Осылайша Сайрам уәлайаты Қазақ хандығының құрамына кірді.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің дерегі бойынша, Қасым хан қол астына Дешті Қыпшақтың шашыраңқы тайпаларын біріктіріп, бағындырып, Жошы ханнан кейін ешкім жасай алмаған қуатты Қазақ хандығын құра алды. Кәттәбек Қасым ханның қызметіне барып, оны сол кезде Шайбанидің ұрпағы Сүйіншік ханның иелігінде болған Ташкентті алуға көндіруі кездейсоқ емес. Қасым хан үлкен әскермен Ташкентке қарай бет алады. Түнімен бекініс қабырғасының түбінде тұрып, қалаға шабуыл жасауға шешім жасамай, Ташкент маңын тонап, Сайрамға оралды. Сайрам тарихи-мәдени ауданы Қасым ханның қонысына айналады.
XVI ғасырда Сайрам Сырдария өзені бойындағы Отырар, Түркістан, Сауран және т.б. орналасқан басқа қалалармен бірге тимуридтердің бұрынғы иеліктерінде қалыптасқан шайбанидтер мен қазақ хандары арасындағы күрес аренасына айналады. Бұл күрестің негізі, ең алдымен, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан және осы қалалардың Мәуераннахрдың шығысында, дала мен оның тұрғындарымен шекарада орналасуына байланысты экономикалық факторлар болды. Шайбанидтердің ұрпақтары саманидтер мен тимуридтер сияқты мезгіл-мезгіл Мәуераннахрдың шығысы мен солтүстік-шығысында қазақ хандарына қарсы бағытталған жорықтарын жүргізді. Бұл жорықтар бұрынғыдай Сайрам арқылы жүрді.
Васифидің айтуынша, Убайдулла хан Көшім ханмен бірге Йасы қаласында әскер жинап, қазақтарға жорық жасаған. Жорықтың нәтижелері белгісіз, бірақ оның Қасым хан қайтыс болардан бір жыл бұрын, 1516-1517 жыл қысында болғаны анық. Қасым хан 1518 жылы қайтыс болғаннан кейін Сырдария маңындағы қалалар үшін күрес күшейе түсті, оған белгілі бір дәрежеде ол қайтыс болғаннан кейін де жалғасқан Қазақ хандығының ішкі жанжалдары ықпал етті.
1537 жылы Сайрам Убайдулла сұлтанның Бұқарадан Қазақстанға жасаған жорығына куә болды, ол соның алдындағы үш жыл бұрын ресми түрде жоғарғы билеуші ретінде танылған болатын. Жорық дәстүрлі маршрут бойынша Ташкент арқылы Сайрамға өтеді, бірақ бұрынғы билеушілерден айырмашылығы, Убайдулла сұлтан Қазығұрт тауының етегінде тоқтап, әулиеден қазақтарға қарсы жорықта жәрдем сұрап, сыйынады.
Сүйіншік ханның мұрагері, 1525-1533 жылдары Ташкентті басқарған Келді Мұхаммед Сырдария бойындағы қалалар үшін күресте қазақ ханы Тахирді Йассы қаласы маңында талқандайды, содан кейін бірқатар Сырдария бойындағы елді мекендер Ташкент облысына қарайды. Жаулап алынған жерлерде Келді Мұхаммед қайтыс болғанға дейін, сегіз жыл бойы билік жүргізеді. Содан кейін оның орнын Барақ хан дейтін лақабы бар туған ағасы Наурыз Ахмад алады. Барақ хан уәлайаттарды ұлдары арасында келесі тәртіпте бөледі: Дәруіш ханға Ташкентті, Баба ханға Түркістан айналасы және оған іргелес аудандарды, Дос Мұхаммедке Ахсикентті, Мұхаммед Әминге Әндіжанды, Хорезмшахға Сайрамды береді.
Наурыз Ахмадтың есімімен Сайрамдағы Әбдул Әзіз баб кесенесінің құрылысы байланысты. Рисалядағы дерек бойынша, Наурыз Барақ хан бұрын Темір салған бұл кесененің қирап құлаған орнын қайта қалпына келтіріп тұрғызған.
Наурыз Ахмад 1533-1556 жылдар билік жүргізді, 1554 жылы ол шайбанидтер мемлекетінде жоғарғы билікке ие болды және оны ресми тану мақсатында Бұқарамен белсенді күрес жүргізіп, басқа да нақты билеушілердің жерлеріне жорықтар ұйымдастырды. Наурыз Ахмад 1555 жылы үш ай бойы Бұқараны қоршауға алды, бірақ қаланы ала алмады және шегінуге мәжбүр болды. Оны өз ордасында Бұқара әмірі Абдаллах хан жіберген джуйбарилік жалдамалы адам өлтіреді. Абдаллах хан өз кезегінде Мәуераннахрдағы билікті орталықтандырудың белсенді саясатын жүргізеді. Сайрам тарихының келесі кезеңі Абдаллах ханның Сырдария бойы қалаларына қоныстанған Наурыз Ахмадтың ұлдарына қарсы жорықтарымен байланысты болды. Олардың ішінде Абдаллах хан соғысып жатқан Баба сұлтан ерекше көзге түсті.
Сол жылдардағы оқиғалар Сайраммен тікелей байланысты болды және Хафиз Таныш «Шараф-наме-и шахи» дейтін еңбегінде толық сипаттаған, онда сол соғыстың барлық егжей-тегжей оқиғаларын: шығыс дипломатиясы, жалған ақпараттандыру, қарсы барлау және қанды оқиғалар қамтылады.
1579 жылы сәуірде Баба сұлтанның кезекті жеңілісінен кейін Абдаллах хан Ташкенттен алыс емес, Сырдария маңына лагерь құрады. Баба сұлтан, Бузарух Сұлтан және Хорезмшах сұлтанның ұлдары өздерінің бұрынғы күнәларын кешіруді өтініп, Абдаллах ханға қарсы күресте одақ құру туралы ұсыныспен қазақ хандарына жүгінеді. Ақпараттың анық-қанығын анықтау үшін Абдаллах хан өзінің немере ағасы Асфандияр сұлтанды басқа әмірлермен бірге Сайрамға жібереді.
Қазақ хандары Хақ-Назар хан, Жәлім сұлтан, Шығай сұлтан, Достай сұлтан ұлдары мен ағаларымен бірге Талас өзені жағасында екені анықталды. Әдік сұлтан Әбд әл-Кәрім сұлтанның әйелін, ал оның әпкесін Жәлім сұлтан үшін тұтқындады. Осы оқиғадан кейін Хорезмшах сұлтанның ұлдары қазақтарға қарсы жорықтан бас тартып, Баба сұлтанның ауыр жағдайын біледі де тауда бой тасалауға асықты.
Барлаушыны өлтіргеннен кейін Абдаллах хан әскерімен Сайрамға қарай бет алды. Келес өзенінің жағасында ол қазақ хандарының елшісімен кездеседі. Олардың атынан елші: «Біз қазір ұлы мәртебелімен жасалған келісім-шартқа және одаққа адалмыз» хабарлайды деп жазады Хафиз Таныш. Осы жерде елші Баба сұлтанның ұлы Убайдаллах сұлтан, әмір Жан-Мұхаммед аталық, Шах-Ғазибий және кейбір ақсүйектер тұтқынға алынғанын хабарлайды. Олардың ниеттерінің шынайылығының дәлелі ретінде олар Абдаллах ханға тұтқындарды немесе олардың бастарын ұсынады. Өз кезегінде Абдаллах хан осындай жағдайлардың үйлесуінен жігерленіп, одақтың орнығуы ретінде қазақ хандарына Түркістан уәлайатындағы төрт қаланы береді, тұтқындарды мүмкіндігінше тезірек жеткізуді сұрайды және Сайрамда барғаннан кейін уақытша бітімгершілік жасасып, Бұқараға оралады.
Осы уақытта Баба сұлтан Сарбан сұлтан бастаған қазақтардың басқа тобымен және шейбанидтер Бузахур сұлтанмен одақтасып, оларға суюргал ретінде Йасы мен Сауранды береді. Ол сонымен бірге Самарқан мен Бұқараға сол екі аймақтың ауылдарын варварлық тонаумен шектелген жорықтар ұйымдастырады. Нәтижесінде Абдаллах хан әскерін көтеріп, Баба сұлтанға қарсы жаңа жорыққа жұмылдырылды.
ЖағдайБабасұлтанныңпайдасынақалыптаспайдыжәнеолөзінің қайын атасыЖәлімсұлтанғаАбдаллахханәскерініңшабуылынатойтарыс беру үшінТүркістанқалаларыныңбірінеқазақәскеріменкелуінөтініп, Жан-Кулибийәмірінжібереді.
Баба сұлтан өз мүмкіндіктерін асыра сілтеп, Хақ-Назар хан бастаған қазақ хандары бұл іске басқа қадам жасады. Олар елші болып барған Жан-Кулибийді тұтқынға алып, онымен күресуге шешім қабылдады. Әрі қарай, олардың ойынша, Жәлім сұлтан ештеңеден бейхабар Баба сұлтанмен кездесіп, оны өлтіруі керек еді. Алайда, бұл жоспарлары орындалмады. Жан-Кулибийді өлтіруге тағайындалған адам оған аяушылық білдіріп, оны жіберіп қояды. Ол өлтірілуі тиіс жерден қашып, Баба сұлтанға қазақ хандарының қастандығын айтып барады. Бұл жайдан ештеңе білмеген Жәлім сұлтан 1580 жылы сәуірде Шарабхана елді мекенінің өзенінде Баба сұлтанмен кездеседі. Сол жерде Жәлім сұлтан Баба сұлтанның қолынан өзінің және Хақ-Назар ханның ұлдарымен бірге қастандықпен қаза табады.
Бірақ Баба сұлтан мұнымен тоқтамайды. Ол Хақ-Назар хан мен оның серіктерін жоюды мақсат етіп, қазақтарға қарсы жорыққа шығады. Бұған жауап ретінде Шығай хан өзінің жасақтарымен соғыс жолына түседі. Өңірде дүрбелең туады. Талас алқабында Шығай хан мен Баба сұлтан жасақтары арасында шайқас болды. Одан кейінгі шайқаста Шығай хан жеңіліп, қашып кетеді. Шығай ханның ауылын тонаған Баба сұлтан әскерімен Сайрамға қоныстанды.
1581 жылдың жазында Шығай хан ұлдарымен бірге, олардың арасында Тәуекел сұлтан ерекше көзге түсіп, Абдаллах ханның әскеріне қосылды. Осы одақ үшін алғыс ретінде Абдаллах хан Шығай ханға Қожентті береді, ал Тәуекел сұлтан оған қызмет етеді.
1582 жылдың басында Абдаллах хан тағы да Баба сұлтанға қарсы жорық жасады. Наурызда оның әскері Сайрамды қоршауға алды. Бұл жорықта Абдаллах ханның соңынан ерген Хафиз Тыныш былай деп жазады: «Тарихи жазбаларда Испижаб деп жазылған Сайрам бекінісі мығым болғаны сонша, оны бағындыру туралы тіпті ойға алудың өзі қауқарсыз еді…». Абдаллах хан Сайрамды басып алу туралы шешімін өзгертті, дипломатия жолына көшті. Әмір Шахимби арқылы келіссөздер бастап, қаланы сұлтан Мұхаммедке беруімен аяқталды. Осы мақсат үшін ол анасы Құрбаным-биіммен бірге бекіністен шығып, Абдаллах ханға ант берді. Абдаллах патшалық рақым етіп, Сайрам уәлаятын басқаруды Мұхаммед сұлтанға қалдырып, өзі Баба сұлтанның соңынан қуды.
Абдаллах ханның әскері Баба сұлтанның өкшесін басып, Ұлытауға келеді. Бұл жорыққа Шығай ханның өзі, оның інісі Йанги-баһадур сұлтан, Тәуекел сұлтан және т.б. қатысты. Абдаллах ханның жекелеген жасақтары жауды Торғайға дейін қуды, олар кейіннен маңғыттарға қарай бет алады. Абдаллах хан оралып, Сауран мен Түркістанды қоршауға алады. Бұл текетірес тек Баба сұлтан қайтыс болғаннан кейін және оның серіктері тұтқынға алынғаннан кейін аяқталады, мұны Тәуекел сұлтан орындай алды, бұл үшін Абдаллах хан оған марапат ретінде Африкент уәлаятын береді.
Өңірдегі одан кейінгі оқиғалар көп күттірмеді. Сырдария бойындағы қалалар Сайраммен бірге қазақ хандарына бағынды. Абдаллах хан мен оның ұлы Әбд әл-Мумин арасында тартыс басталып, ол XVI ғасырдың аяғында шайбанидтер әулетінің күйреуімен аяқталып, оның орнына аштарханидтер келді. Осындай жағдайда Тәуекел хан інісі Есім ханмен бірге Мәуераннахрды түгел басып алуға әрекеттенеді. Олар Ташкент, Ферғана, Самарқанды алады, бірақ Бұқара маңында жеңіледі. Бұқара маңында жараланған Тәуекел хан Ташкентте қайтыс болады. Соған қарамай, Ташкент, белгілі бір дәрежеде Ферғана және Сырдарияның орта ағысы кейінгі екі жүз жыл бойы қазақ хандарының иелігіне кірді.
XVII ғасырдың басында Сайрам қарақалпақтар ұйымдастырған кезекті толқулар аймағына түсті, оның себебі Баба сұлтанның ұлы делінетін жалған Абд-әл-Ғаффар сұлтанның (оны 1582 жылы Тәуекел өлтірген) пайда болуы болды. 1603 жылы Түркістандағы қарақалпақтар оны хан көтерді. Баһадүр хан мен Есім хан бастаған қазақтар Әбділ-Ғаффарды жеңу үшін көп күш жұмсады. Алғаш рет 1603 жылдың күзінде олардың Ташкент және Сайрам уәлаяттарынан жасақталған біріккен әскері он үш күнге созылған шайқастан кейін жеңіліс тапты. Нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Ташкент, Әндіжан және Ахсикет Әбд әл-Ғаффар сұлтанға бағынды, ол дереу Ташкентті өзінің астанасы деп жариялайды.
Екінші рет Баһадүр хан мен Есім хан Абд әл-Ғаффарға қарсы әрекет етеді. 1605 жылдың көктемінде Алатаудан әскерін асыра ілгерілеп, Ташкент уәлаятына еш хабарсыз жетті. Олар «тіл» алып, сол кезде Ташкент маңындағы Қарақамыш деген жерге бекінген Абд әл-Ғаффардың тұрған жерін нақтылайды. Таң ата екі ханның жасақтары күтпеген жерден жау лагеріне шабуыл жасап, оны тосыннан алады. Абд әл-Ғаффар абдырап, шатырдан жүгіріп шығып, Есім ханның қылышынан ауыр соққы алды. Осылайша Сырдария бойындағы қалалардың ең елес сұлтандарының бірі – жалған Абд әл-Ғаффардың билігі аяқталды.
XVI ғасырдың басында Сырдария бойындағы қалаларда билік құрған қазақ хандары аштарханид хандарымен белгілі бір дәрежеде вассалдық қарым-қатынаста болып, бұдан құтылуға жан-жақты тырысты. Бұған 1580 жылы Шарабханда Баба сұлтанның қолынан қаза тапқан Ташкент билеушісі Жәлім сұлтанның ұлы Тұрсын Мұхаммед жетеді. Ол Аштарханид Иманқұлы ханның сюзеренитетін мойындаудан бас тартты және өз пайдасына алымдар мен салықтарды жинап, өз теңгелерін соға бастады. Оған қарсы жіберілген аштарханид әскері талқандалып жеңіліске ұшырады.
1625 жылдан кейін Есім хан мен Тұрсын Мұхаммед арасындағы қарым-қатынас жақсы жаққа өзгермеді, бұған Тұрсын Мұхаммедтің Моғолстандағы жоңғарларға қарсы жорыққа қатысудан бас тартуы себеп болды. Оның үстіне 1627 жылы Тұрсын Мұхаммед Есім ханның иеліктерін басып алып, оны таң қалдырмақ болып, оның әйелдері мен балаларын тұтқынға алады. Ол кезде Сайрам қаласының шығысында, Сайрамсу мен Қасқасу өзендерінің сағасында, жергілікті халық әлі күнге дейін «Есім хан ордасы» деп атайтын жерде Есім ханның ордасы орналасты. Сайрамға бағынышты Сайд Сукмас деген мекенде шайқас болып, Тұрсын Мұхаммед басқарған Ташкент әскері жеңіліске ұшырады. Оның өзі Ташкентке қашады, бұл арада оның жоқтығын пайдаланып Иманқұлы ханның жақын сұлтандары мен әмірлері Ташкент уәлаятын иемденуге әрекеттенеді. Олардың ішінде Ташкентке шабуыл жасаған Жизақ әмірі Бекоғлы ерекше құлшыныс танытты. Дүрбелең қызған шақта Есім ханның өзі Ташкентке аттанды. Тұрсын Мұхаммедтің төңірегіндегілер мойынсұнушылықтан шығып, ақыры Тұрсын Мұхаммедтің өлімімен аяқталатын қастандық жасап жатқанда, Есім хан Бекоғлымен келіссөз жүргізеді. Бәлкім, қастандық қалай болғанда да Есім ханның өзінің көмегімен жүзеге асырылса керек, Бекоғлы арқылы Тұрсын Мұхаммедтің басын Бұқарадағы Иманқұлы ханға жібереді. Бұған жауап ретінде Иманқұлы хан жарлық шығарып, Есім ханға Түркістан және Ташкент уәлаяттарын береді.
Есім хан жоңғарларға қарсы жорықтарын бекер жүргізген жоқ, оның қаупі жылдан жылға артып келе жатты. XVII ғасырдың ортасы, аяғы және әсіресе XVIII ғасырдың бірінші үштен бір бөлігі қазақтардың жоңғарларға қарсы күресімен өтеді, оған Сайрам тарихи-мәдени ауданы да тартылатын болады. Сайрамды алғаш рет 1684 жылы Цэвэн Равдан басып алып, тонады. Екінші рет – «Ақтабан шұбырынды» кезінде, 1723 жылы. Орыс жылнамалары мен ресми құжаттарына сәйкес, Сырдарияның орта ағысы аймағына басып кіруді 1723 жылы Голдан Цереннің ұлы – Шуну-Дабе жүзеге асырды. Ол Ташкент, Сайрам, Қарамұртты басып алып, 1000 қазақтың отбасын тұтқынға әкетті.
Сол қиын уақытта Сайрамның өзінде не болғаны туралы Молда Мұса хабарлайды. Сайрамды жоңғарлар басып алғаннан кейін, Қоңтайшы қалада өзінің аздаған адамдарын қалдырады, олардың арасынан басшысы мен қосшысын тағайындайды. Жоңғар әскері Ілеге кеткеннен кейін, сайрамдықтар бүлік шығарып, қалған басқыншыларды өлтіреді, осылайша жаңа билікке мойынсұнушылықтарын жоққа шығарады. Жоңғарлар Сайрамды қайтадан алуға мәжбүр болды, бұл жолы жазалау шараларын қолданып, қаланы тонайды.
Сол кезде Сайрам халқы үш рудан тұрды: Қожа, Шах руы және Әмір руы. Қоңтайшы осы үш рудың ішінен жиырма отбасыдан іріктеп, оларды бастапқыда Іледегі өзінің ставкасына, кейінірек Турфанға көшіреді. Қоңтайшы қайтыс болғаннан кейін және қытайлықтар қалмақтарды талқандағаннан кейін, сайрамдықтар Қашғардың тау жақ етегіне, Сайрам ауылы пайда болған еркін аймаққа қоныс аударады.
XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында Сырдарияның орта ағысы аумағындағы саяси жағдай күрт шиеленісе түсті. Осы уақытқа дейін қазақ хандары жоңғарларды ығыстырып, Сырдария маңындағы қалаларда өз билігін қалпына келтірді. Сонымен бірге Мәуераннахрда аштарханидтер мемлекетінің құлауы орын алды. Бұқара, Хиуа, Қоқан хандары өздерінің экспансиясын Сырдария бойындағы қалаларға қарай бастайды, онда Қоқан ең үлкен жетістікке жетеді.
1810 жылы Шымкент пен Сайрам Әлімханның басшылығындағы Қоқан армиясының жиырма күндік қоршауына төтеп берді, бірақ кейіннен Қоқан хандығының құрамына кірді. 1816 жылы Түркістан басып алынды. Оккупация процесі бекіністер мен қорғаныс құрылымдарының құрылысымен қатар жүрді. Оған жаңа контингенттің әскерлері жиі қатысты, олардың арасында таулы тәжіктер де болды. Мәселен, Шымкентке басып кіру барысында Кухистаннан келген тәжік Зухр диуанбегі Шымкентте бекініс салып, гарнизонды екі зеңбірекпен, 200 жаяу және 400 атты «жаңа» әскермен толықтырды. 1821 жылдан бастап Қоқан билігі Қазақстан аумағында орнығып, өз билігін оңтүстік-шығысқа қарай кеңейте бастады, соның салдарынан олар Шымкенттен Іле өзеніне дейінгі бекіністер тізбегін салды.
Қазақ хандары Қоқан басқыншыларына қарсы тұруға тырысты. Олардың ішінде Тоқай төре бұрын иелігінен айрылған Түркістанды қайтарып алу әрекетін сәтсіз жасады, Сайрам және Шымкент ауданындағы Тентек төре қоқандықтарға қарсы көтеріліс ұйымдастырып, оны Қоқан әскери қолбасшысы Қасым беклербегі басты.
Дәл осы XIX ғасырдың басында Шымкент Сайрамнан басымдықты алып, өңірдегі басты қалаға айналды. Шымкент ауылдық округіне қаланың өзінен басқа төрт ауыл кірді: Сайрам, Қарабұлақ, Қарамұрт, Манкент. Сол уақытта Сайрам аймақтың басты рухани орталығы болып қала берді.
1810 жылдан 1841 жылға дейінгі кезең Қоқан хандығының өркендеуімен сипатталады, нәтижесінде жаулап алынған қалалардың құрылыс қызметі мен абаттандырылуы біршама жанданды. Бұл тұрғыда әсіресе өзін Лашкар беклербегі көрсете алды. Тәжірибелі әкімші ретінде ол қалыпты салық саясатын жүргізді және әртүрлі тайпаларды тыныштандырды. Оның атымен Шымкенттің абаттандырылуы байланыстырылады: мұнда ол базар, керуен сарай, рабадтар мен жолдарды салды. Мұрағат деректері бойынша Шымкентте осы уақытта мешіттер мен медреселер салынып, мазарлар қалпына келтірілді. Сайрам, Түркістан және оның айналасы туралы да осыны айтуға болады.
Оңтүстік Қазақстан архитектурасында осы уақытта Ферғана сәулет мектебінің әсерінен пайда болған порталды-күмбезді культті және мемориальді құрылыстардың классикалық түрі қалыптасты. Мұндай ескерткіштер қатарына Сайрамның Қожа Салих кесенесі және Қызыр пайғамбар мешіті, Шымкенттің сақталмаған Қошқар ата кесенесі және Жәми мешіті жатқызылады.
1864 жылы Әулиеата мен Түркістан басып алынғаннан соң Қоқан хандығында ғазауат жарияланды. Шымкент қорғанысқа дайындалды. Дәл осы уақытта Шымкентті фортификациялауда түбегейлі қайта құру жұмыстары жүргізілді. «Әскери жинақтың» мәліметтері бойынша, 1864 жылдың жазында қаланы нығайту және қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін орасан зор жұмыстар жүргізілді. Инженерлік жұмыстар тек цитадельде (Шахристан) ғана емес, сонымен қатар қаланың сыртқы қабырғасында да жүзеге асырылды. Қоқан тарихнамасы бұл мәліметтерді растайды. Қаланың қорғаныс құрылыстарын салу үшін хандықтың әртүрлі жерлерінен үш мыңға жуық қара жұмысшы қуып әкелінеді. «Қала қабырғасы жаңартылып, терең және кең шұңқырмен қоршалған, артиллерияны екі тәжірибелі ауғандық басқарды», – дейді Саттархан Абдулгафаров. К.К. Абазаның мәліметінше, қашқындардан құралған Қоқанның «алтын ротасы» қатарында оларды еуропалық әскери ғылымның ережелері бойынша қорғаныс жүргізуге көндірген поляк болған.
Осы фактілердің барлығы әдебиеттен Шымкент қалажұртының соғыс қимылдары қарсаңында түбегейлі қайта құрылғанына күмән келтірмейді. Өйткені, Шымкент бекінісі орыс әскерлерінің Орталық Азияның тереңіне қарай жылжитын жолын жабатын стратегиялық маңызға ие болды.
Шымкенттің қорғанысын он мыңындық әскермен қоқандық қорғаушы, Ташкент облысының билеушісі, құсбегі Мырза Ахмат басқарды. Кейінірек Қоқан тарихнамашылары оны кінәлап, М.Е. Черняев Шымкентті басып алғандағы жеңілісі үшін барлық кінәні соның мойнына артады.
1864 жылы орыс әскерлері Шымкент қаласын басып алуына қатысты оқиғалар революцияға дейінгі Ресейдің деректі көздерінен бірден жарияланды. Оның ішінде баяндамалар, мақалалар, қатысушылардың естеліктері және жеке еңбектер бар, авторлардың арасынан А.К. Гейнс, А.И. Макшеев, К.К. Абаз, М.А. Терентьев және т.б. атап өту қажет.
Осы дәуірдің куәгерлерінің сөздерінен жазылған бұл шығармалар көп жағдайда негізінен деректанулық сипатқа ие. Жалпы, Шымкент бекінісін алуға байланысты оқиғалар мазмұны жағынан біртекті, тек кейбір бөлшектерімен ғана ерекшеленеді. Қазіргі қазақстандық тарихнамада Шымкенттің алынуы тарихи бейіндегі іргелі жұмыстарда да көрініс тапқан.
Дереккөздер бірауыздан Шымкентке 1864 жылы 22 қыркүйекте М.Е. Черняевтің басшылығымен орыс әскерлері шабуыл жасағанын растайды. Бірақ бұл шабуыл қалай өтті? Оның кезеңдері, оқиғалардың барысы және салдары қандай? Жоғарыда аталған авторлардан А.К. Гейнстен басқасында толық айтылмайды. А.К. Гейнстің еңбегі – ол 1866 жылы алғашқылардың бірі болып, куәгерлердің айтуымен қаланы басып алу соғысын егжей-тегжейлі сипаттаған.
Ақбұлақ маңындағы шайқастан және 1864 жылғы шілдедегі Шымкентті алудағы сәтсіз әрекеттен кейін оқиғалар тез өрбиді. Сол оқиғадан кейін Шымкентте өлім жазасы жүзеге асырылады. Қоқан билеушісі Әлімқұл қазақтарды орыстарға көмек көрсетті деп айыптайды. Байзақ пен Ниязәлі секілді қазақ билерін Шымкентке алдырып, артиллериялық зеңбірекке байлап, оларды өлім жазасына кеседі.
Жиырма бес жылдан кейін М.Е. Черняев былай деп жазады: «Мұндай қатыгездік күтілетін әрекетке мүлдем кереғар болды. Кімнің мүмкіндігі болса, біздің қорғауымызға көшті және бәрі бізбен бірге қоқандықтарға қарсы тұруға рұқсат сұрады. Мен тек қаруы бар адамдарға ғана баруға рұқсат бердім. Бірақ олар сонда да сұрана берді. Мен «Олар бізге қалай көмектесе алады?» деп сұрағанымда, олар «Айқайлап!» – деп жауап берді». Нәтижесінде Шымкентке шабуыл жасаған М.Е. Черняевтің жеке құрамын толықтырған қазақ жасағының ішінде он жарым жаяу әскер ротасы, 250 казак, 9 мылтық, 6 мортир және 4 зымыран станоктан басқа 1000 адам милиционерлер деп аталды.
18 қыркүйекте Черняевтің біріккен әскері қаланың шығыс жағынан лагерь құра жайғасады. А.И. Макшеевтің, М. А. Терентьевтің картографиялық материалдарын талдау, 1934 жылғы аэрофототүсірілімін және осы деректерді заманауи картографиялық мәліметтерге енгізу нәтижесінде Черняев лагерінің орналасқан жерін, инженерлік жұмыстары мен соғыс қимылдарын нақтылауға мүмкіндік берді.
Сол кезде Шымкент қаласының Кошқаратаның оң жағалауындағы аумағы барлық құрылыстардан мүлдем бос болды және жайылымның ретінде пайдаланылған. Орыс лагері қазіргі Әйтеке би мен Анаров көшелерінің қиылысынан оңтүстікке қарай Қошқаратаның бастауындағы шұңқырда орналасқан.
Инженерлік жұмыстарды князь Туманов басқарды. Черняевтің бұйрығымен олар төрт жүз құлаш қашықтықта батарея мен траншея салу тапсырылды. Өте қатты топырақ бұл тапсырманы бір күнде орындауға және жоспарланған жерге траншея қазуға мүмкіндік бермеді, жұмыс жүз құлашқа жақындағанда тоқтатылды. Екінші күні таңертең қоршау батареяларының ядролары Қоқан траншеяларына жетпейтіні белгілі болды. Олар өз кезегінде артиллериялық есептеулермен Кошқарата өзені арқылы қарама-қарсы орналасқан, олар орыстардың позицияларын зеңбіректерден белсенді түрде атқылай бастады. Үшінші күні орыстар снарядтардың жетіспеушілігін сезінді. Шабуыл қажет болды.
21 қыркүйек күні кешке Черняев әскери кеңес жинайды. Лерхенің айтуынша, барлығының жүздерінде көңілсіздік болған. Ең батыл және еті тірілері үнсіз қалып, тек қарындашпен қағаз бетін шимайлай берді. 22 қыркүйекте сағат он екіде Түркістан қақпасынан шабуыл жасау туралы шешім қабылданды.
Керісінше, Шымкентте бейбіт тұрғындар тарапынан тыныштық орнады. Саттархан Абдулгафаров бұл туралы былай деді: «Біз азғантай орыс отрядының шабуылы бізге қауіп төндіреді деп қорықпадық…. Біз қала қабырғасының қол жетімсіздігіне сеніп, сабырлы болдық, мен дұға етуге шықтым. Бұл, орыс есептеуі бойынша, 22 қыркүйек 1864 жылы – күн сейсенбі болды».
Осы жерде қаланың сыртқы бекініс қабырғасының ерекшеліктеріне қатысты түсініктемелер бере кеткен жөн. Черняевтің болжамына сәйкес, қабырғаның айнала ұзындығы алты верста болған. Қаланың сыртқы қабырғалары Мақшеевтің, Терентьевтің Шымкентты алу бойынша қоршау жұмыстарының сызбаларына және Вележевтің суретінде жақсы көрсетілген. А.К. Гейнстің айтуынша, Шымкентте бес қақпа болған. Сауалнамаға сәйкес, екі қақпа Түркістан қақпа, басқалары Әулиеата қақпа, Құмыш қақпа, Ташкент қақпа деп аталды. Қақпаның атаулары сол арадан басталатын жол апаратын елді мекен аттарымен аталғаны сөзсіз.
Шабуыл солтүстіктен, Түркістан қақпасынан басталады деп жоспарланған болатын. Ол үшін 22 қыркүйек күні таңертең әскерлер жаңа позицияларға ауысып, бұрынғы төрт ротаны орнында қалдырды. Орыстардың шегініп бара жатқанына сенген қоқандықтар бекініс қабырғасынан екі қаруды алып шығып, қалған төрт ротаға оқ жаудыра бастайды. Бұл Лерхе айтқандай, сегізінші батальонның роталары еді, олар ашуланып, траншеялардан сарбаздарға қарай штыктарын ала жүгірді. Шабуыл аяқ астынан басталды. Жаяу әскер сарбаздарды Кошқарата өзеніне қарай тықсырды, сарбаздар Әулиеата қақпасына шегінді, онда қанды шайқас басталды. Лерхе өзінің жеке құрамын ұрыс алаңына орналастырды және шабуылды басқара отырып, қоқандықтардың иығын таптай қалаға ұмылды. Черняев Лерхеге көмекке снарядпен жабдықталған екі зеңбірек пен қалған әскерлерін жіберді.
Черняевтің өзі өз бөлімшесімен бекіністің оңтүстік-шығысындағы су құбырлары орнатылған биік көтерме тұсынан цитадельді айналып өтеді. Бекініс қабырғасының ойығынан кіретін су арнасы еш нәрсемен жабылмаған еді. Черняевтің күтпеген жерден тыл жақтан пайда болуы Қоқан бекінісінің гарнизонын табан астында үрейге салып, олар бірде-бір оқ атуға шамасы келмей қаша жөнелді.
Қалада дүрбелең басталды. Шымкент қаласының тұрғыны Баймұхамедбек атына мініп алып, көшелерді аралай шауып: «Құдай бізді жазалады!» деп айқайлайды. Үрейленген көптеген қала тұрғындары Ташкентке қарай қашты.
Бұл қайғылы сәтті А.К. Гейнс Лерхенің сөзімен былай деп жазды: «Барлық қақпаларды [Әулиеата қақпасын айтып отыр] сарбаздардың мәйіттер үйіндісіне толтырып, жаяу әскер ақыры Чемкентке басып кірді. Екі зеңбірек тиелген арба тау болып жатқан мәйіттер мен жаралылардың үстінен сүйектерін сындырып, еттерін жыртып шауып өтті. Алайда, Лерхе және шабуыл кезінде болғандардың бәрі бұның қорқынышты сурет болғанын айтты. Әсіресе, жабық қақпаның биіктігінің жарты бойына дейін тірілер, яғни жараланғандар үйіліп жатқан еді. Артиллерия сол тірі адамдардың үстінен өткенде қан су боп ағып жақын жердегі арықты толтырды.
Қоқандықтар үрейлене қаладан айналып, танып қоймас үшін қызыл формаларын тастай қашты. Біздің қаһарлы сарбаздарымыз бүкіл қаланы штыкпен сүзіп өтті.
– Шабуыл аяқталғаннан кейін, – дейді Лерхе, – қала толығымен тазартылған кезде, мен Черняевтен сарбаздарға жиырма төрт сағат «серуендеуге» рұқсат беруін сұрадым, ол орындады. Бірақ «серуендеу» ең қорқынышты деңгейге жетті. Черняев цитадельде жалған дабыл қағып, адамдарын әупірімдеп жинап алды».
П.И. Пашино шабуылдан кейінгі «серуен» туралы былай деп жазды: «Қырғын өте қатыгездікпен жүрді; сарбаздар базарды тонап, тұрғындардың үйлеріне басып кіріп, оларды тұншықтырып өлтірді; көптеген әйелдер мен балалар да зардап шекті. Бұл шабуылдың жылдығын түземдіктер жылаумен еске алады…».
К.И Бейсембиев: «Шымкентте дүрбелең мен басыздық орнады, ешкім ұзақ уақыт бойы берілу туралы актіге қол қою үшін сол жерден Черняевке бармады, бұл ұзаққа созылған үш күндік тонау мен қырғынға жол ашты». Қаладағы зорлық-зомбылық үш күн бойы жалғасты. Хандықтың әр жерінен күштеп жұмылдырылған жұмысшылардың көп бөлігі қырылды. Кейбір әйелдер мен қыздар тұтқынға түсіп, Шымкент қазысының Черняевке арызданғаннан кейін ғана тонау тоқтатылып, тұтқын әйелдер босатылды. Тонаудан түскен олжа тоналғандарға арзан бағамен қайтарылды.
Шымкентті қоршау кезінде орыстардың бар жоғалтқаны алты адам қаза тауып, қырық бір адам жараланды және контузияға ұшырады. Шабуылда қаза тапқан орыс әскерлері Шымкент бекінісінің цитаделіне жерленді.
Шымкент қорғаушылары – сарбаздар мен қарапайым азаматтардың шығындары туралы айта келе, Қоқан дереккөздері 3170 адам мен 4000 адамды құрайтынын келтіреді. Осы жалпы жұмысшылардың ішінен 3000-нан астам адам қаза тапты, өйткені олардың рәсім бойынша жерленгені сонша болды, «ал қожайыны жоқ, бейтаныс, іздеусіз және панасыз адамдар әр бұрышта жатып, жай ғана жүзі топырақпен жасырыла салды». Сауалнамалық деректерге сәйкес, Шымкенттің қаза тапқан қорғаушылары қазіргі Қырғы базардың орнындағы жерге берілген. Тәшенов-Диірмен көшелерінің қиылысының шығыс жағында орналасқан биіктікте сол кезде Шейіт мазар деп аталатын зират орналасқан. Сол уақытта бұл аймақ қала қабырғаларының сыртында бос жатқан жер болды, соның өзінде жерлеу рәсімдері орыс солдаттарының қорқынышынан қиын атқарылды.
Артынша Сайрамды да алды. Бұрынғы Қоқан бекінісінің орнын орыс әскерінің Шымкент гарнизоны алып, Шымкент Ресей империясының құрамына кірді. 1867 жылы шілдеде Шымкент уездік қала ретінде Түркістан генерал-губернаторлығына қараған Сырдария облысының құрамына кіріп, Ресейдің мемлекеттік басқару жүйесіне енді.
Мінекей, Шымкент қаласының сонау ерте орағасырлық кезеңінен бастап, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі тарихын азды-көпті қаузап, назарыңызға ұсындық. Қала мен оның айналасы Патшалы Ресей империясына қарағаннан кейінгі тарихы баршамызға біршама белгілі. Ол енді басқа тарих.