Ғ.МҰРАТБАЕВ МҮСІНІ – ҚАЛАДАҒЫ ЕҢ ЕСКІ МОНУМЕНТТІК ЕСКЕРТКІШ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы алғашқы монументальді ескерткіштердің қойыла бастаған тарихы ХХ ғасырдың басындағы Кеңес өкіметі орнаған тұстан басталды. Қаланың көрнекті жерлерінде сол кездегі ескерткіштер социалистік идеяларды насихаттау, Кеңес өкіметінің тарихи жетістіктерін насихаттау, партия жетекшілерін дәріптеу және қоғамдық сананы қалыптастыру үшін жасалды.

Әлбетте, қазіргі таңда Кеңес Одағы тұсында орнатылған ескерткіштердің көп бөлігі идеологиялық тұрғыда ескірді, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі мемлекеттік саясатқа үйлеспейтін нысандардың дені бұзылды, орнын ауыстырды. Сол кезеңде орнатылған ескерткіштердің ішінде В.И. Ленин (бұрынғы Ленин атындағы алаңда), Карл Маркс және Фридрих Энгельс (бұрынғы Коммунизм даңғылында), М. Калинин (Металлургтер сарайында), В. Куйбышев (бұрынғы Куйбышев алаңында), Ф. Дзержинскийге (ІІМ мектебінің алдында) арналған мүсіндер бұзылды. Тек, В.И.Лениннің «болашақты нұсқап» қолын сермеп тұрған ескерткіші қаланың орталық алаңынан (қазіргі әл-Фараби алаңы) «Металлургтер саябағына» «жер аударды».

Қазіргі Шымкент қаласының аумағында орналасқан монументтік өнер құрылыстары ескерткіштерінің ішінде ең ескісі, бүгінгі таңға бұзылмай жеткені – Ғани Мұратбаев мүсіні ғана. Әрине, Ғ.Мұратбаев Кеңес заманының идеологиялық тұлғасы саналғанмен, жергілік халық арасынан шыққан, жастар ұйымын құру, ұйымдастыру, халықтың сауатын ашу, жұмысшы қозғалысын қалыптастыру, ХХ ғасырдың басындағы қиын-қыстау заманда халыққа көмектесу ісі секілді тарихи оқиғалар ортасында жүріп, халықтың зор ықыласына бөленген тұлға. Сондықтан да, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бұл мүсіннің «тағдыры» өзге «пролетариат көсемдерінің» күнін кешпеді.

Ғани Мұратбаев ескерткіші – Қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, жастар қозғалысының белсенді жетекшісі, Түркістан өлкесінде жастар ұйымын құрып, олардың жұмысын жандандыруда айрықша рөл атқарған тұлғаның құрметіне орнатылған.

Ескерткішті алғаш рет 1967 жылы, қазіргі «Қиял Әлемі» саябағының аумағында орнатқан болатын. Кейін ескерткіштің орны бірнеше рет ауысып, 1997 жылы қазіргі «Оқушылар сарайының» алдына, Д. Қонаев даңғылы мен Түркістан көшесінің қиылысындағы алаңқайға қойылды. Биіктігі – 1,8 метр, қоладан жасалған мүсін 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағына» кірген.

Мүсінде Ғани Мұратбаев гимнастерка киген күйінде, оң қолын кеуде тұсында ұстап тұр. Ескерткіш бетоннан жасалған, тұғырға орнатылған, тұғырдың алдында «Гани Муратбаев. 1902-1925» деп жазылған.

Енді, осы Ғ.Мұратбаев ескерткіші ауласында орналасқан “Оқушылар сарайына” да аз-кем тоқтала кетейік. Жалпы, былтырғы 2023 жылы осы Оқушылар сарайы өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Олай болатын себебі, 1943 жылы Шымкент қаласында алғаш рет «Пионерлер үйі» ашылды. Ол кезде қазіргі «Кең баба» этно-сабағының аумағында орналасқан Никольский соборы ғимаратында еді. Оның алдында ол Никольский соборы 1930 жылдардың басында бірінші рет қайта құрылымдалудан өтіп, ауыл шаруашылық техникумының оқу корпусы болған. Одан соң 1943 жылы Облыстық «Пионерлер сарайы» жаңадан ашылғанда, жаңа ұйымның ғимаратына айналды. 1954 жылдың соңына қарай «Пионерлер үйінде» өрт болып, қабаттарының арасындағы жабын жанып кетеді. «Пионерлер үйі» де басқа жайға көшті. Бірақ, қазіргі «Кең баба» этнопаркінің атауы еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін Пионерлер сарайының аты сақталып, «Пионерлер саябағы» деп аталып келді.

Содан, 1982 жылы «Пионерлер сарайының» жаңа ғимараты ашылды. Оның іргетасын қалауға сол кездегі Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров қатысып, ол 1982 жылы пайдалануға берілген.

Ал, 2012 жылы мұнда ауқымды қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп балалар мен жасөспірімдер орталығы іске қосылды. Қазір «Оқушылар сарайы» деп аталатын үлкен мектептен тыс уақытта оқушылар мен жасөспірімдерге ұйым болып отыр. Мұнда бүгінде 124 үйірме мен секция қызмет етеді, 5 мыңнан астам балалар тәлім алып, өз қабілеттерін шыңдап жүр.

Әдебиеттер: 

1) Свод памятников истории и культуры Казахстана: Южно-Казахстанская область – Алматы, 1994;

2) Қазақстан тарихы. Энциклопедиясы. 3-т. – Алматы, 2020.