Қазақстан тарихында 1920-1922 жылдар аралығындағы мезгілде «Қазақстандағы ашаршылық» деп аталатын қайғылы ашаршылық кезеңі болды. Бұл аштық – Қазақстан мен Кеңес Одағы тарихындағы ең ауыр ашаршылықтың бірі еді.
Бұл нәубеттен қазіргі Шымкент қаласы мен оның айналасындағы аумақ халқы да аман қалмады. Бұрынғы Кеңес заманында жасырын ұсталған ақпараттар құпиясын бүгінде архив құжаттары жайып салып отыр.
НӘУБЕТТІҢ ТУУ СЕБЕПТЕРІ
Архив деректері мен басылымдарға назар аудара келсек, 1921 жылы Қазақ (Қырғыз) АКСР-ның бес губерниясы мен бір уезі, атап айтсақ, Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезі ашаршылыққа ұшырады. 2 653 300 адам тұратын Қазақстанның батыс бөлігімен және онымен шекараласатын Қостанай губернияларының ашаршылыққа душар болуының объективті және субъективті себептері бар еді.
Олардың әрқайсының ара жігін таратпай жалпы айтсақ, 1921 жылғы аштықтың негізі әріде, тереңде жатты. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу, шақырылғандардың бас сауғалап қашуы, халық наразылығының өршіп, Торғай төңірегін қамтыған ұлт-азаттық күресі, ақ пен қызыл кезекпе кезек билікке келген аласапыран азамат соғысы, ер азаматтың ат үстінде болуы қалыптасқан шаруашылық жүйесін тоқырауға ұшыратты. Оның үстіне 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығын тұралатып, халыққты күйзеліске душар етті.
1921 жылдың күзіне 20 миллионға жуық адам аштыққа ұшырады. Жаңа ғана аяқталған Азамат соғысы, азық-түлік реквизициясы, егіннің кемуі, 1920-1921 жылдардағы қыстағы жұт және ауыл шаруашылығының артта қалуы т.б мұның бәріне себеп еді.
Тағы бір себебі, Кеңес үкіметінің ұжымдастыру және индустрияландыру саясаты аясында қазақ халқынан астық пен мал шаруашылығын тартып алу туралы саяси шешімі еді. Бұл көшпелі мал шаруашылығының дәстүрлі түрлерінің жойылып, мал санының азаюына әкелді. Климаттық жағдайлар да кері әсерін тигізді. 1920-1921 жылдары Қазақстан құрғақ және сусыз жылдардан зардап шекті, бұл егістік өнімділігінің төмендеуіне және егіннің қурауына әкелді. Бұл жағдайды қиындатып, ашаршылықтың таралуына ықпал етті. Қазақстандағы ашаршылық халыққа ауыр зардаптар әкелді. Аштықтан қаза тапқандар саны туралы ресми мәліметтер әр-түрлі, бірақ, бірнеше жүз мыңнан бірнеше миллионға дейін жетеді. Ашаршылық, әсіресе, Қазақстанның мал шаруашылығына көбірек тәуелді дәстүрлі көшпелі халықтарына қатты әсер етті.
Қазақстанда нанның аз болғанын ескере отырып, жергілікті халықтың малын тартып алуға үлкен мән берілді. Бұл басып алу әдістерін жергілікті халық тонау ретінде қабылдап, наразылықтың күшеюіне, қарулы көтерілістерге айналуына себеп болды. Айта кету керек, аштыққа ұшыраған қалалар мен армияда ешкімге бағынбайтын, салдарына қарамастан (соның ішінде шенеуніктердің атын жамылып) шаруалардан азық-түлікті алатын отрядтар құрылды.
Сонымен қатар, 1921 жылғы қатты қуаңшылық егіннің көп бөлігін құртып, қалғандарының өнімін екі есеге азайтып қана қоймай, дала жайылымдарының құрғап кетуіне әкелді. Қалған жайылымдар мен егінге шегірткелердің басып кетуі де жағдайды қиындата түсті. Ал, азаматтық соғыстың қирауы мен анархиясы мәселелерді тез әрі тиімді шешуге кедергі келтірді. Бұл, өз кезегінде, апаттың ауқымымен қиындатты.
ЖҰТТЫҢ ЕЛГЕ ТИГІЗГЕН САЛДАРЫ
Ресми статистикаға сәйкес, жалпы алғанда, сол жылдары ашаршылық 35 губернияны қамтыды, Самара, Саратов губерниялары қатты зардап шекті, ашаршылық Еділ бойын, Оңтүстік Украинаны, Қырымды, Башқұртстанды, Оралдың бір бөлігін және Батыс Сібірді шарпыды. Кеңес үкіметі кейін Қазақстандағы ашаршылықты мойындап, зардап шеккен халыққа көмек көрсету үшін біраз шаралар қабылдады. Азық-түлік жеткізу және ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге көмектесу үшін экспедициялар ұйымдастырылды. Дегенмен, Қазақстандағы ашаршылық өлке тарихында терең із қалдырып, көптеген адамдардың өміріне ауыр әсер етті.
1920-1922 жылдардағы қазақ ашаршылығы ауыр әлеуметтік-экономикалық зардаптарға әкелді. Ашаршылық кезінде көптеген адамдар қаза тапты, ал аман қалғандары отбасыларын бүтіндей жоғалтты. Ашаршылық халықтың жаппай қоныс аударуына әкелді. Көптеген адамдар азық-түлік пен жақсы өмір іздеп туған жерлерін тастап кетті. Көпшілігі мал бағу немесе колхоздар мен совхоздарда жұмыс істеу мүмкіндігін іздеп оңтүстікке кетті. Міне, қазіргі Шымкент қаласы мен оның айналасына да қатты соққы болды дейтін себебіміз де осы тұс.
Ашаршылық кезінде әсіресе балаларға қиын тиді. Көптеген кішкентай балалар мен нәрестелер дұрыс тамақтанбау мен медициналық көмектің болмауынан қаза тапты. Тірі қалған балалардың кейбірі жетім қалып, басқа туыстарынан пана немесе қолдау іздеуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, ашаршылық Қазақстандағы көшпелі халықтардың мәдени-әлеуметтік мұрасының жойылуына әкелді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі өмір салты мен дағдысы бұзылды. Бұрын мал шаруашылығына арқа сүйеген көшпелілер малынан айырылып, жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүр еді. Қазақстандағы ашаршылық аймақтағы саяси-экономикалық жағдайға да әсер етті. Халық арасында наразылық тудырып, Кеңес Одағының Қазақстанға қатысты саясатының өзгеруіне әкелді.
1920-1922 жылдар аралығында Қазақстанда ашаршылық салдарынан қаза тапқан адамдардың нақты саны әлі күнге дейін пікірталас пен дау туғызып келеді. Құрбан болғандар саны туралы ресми деректер әр дереккөзге қарай өзгереді. Өлім-жітімнің күрт өсуі және халықтың аштықтан зардап шеккен аймақтардан жаппай қашуының нәтижесінде Қазақстан халқы 1 миллионға жуық адамға қысқарды. Егер, 1920 жылы республика аумағында 4 781 мың адам тұрса, 1922 жылы бар болғаны 3 796 мың адам болған.
Қазақстандағы ашаршылық талай адамның тамырына балта шапқан, өлке тарихында терең із қалдырған апат болды. Бұл қазақ халқы үшін ауыр сынақтар кезеңі еді, ашаршылықтың зардабы әлі күнге дейін халықтың жадында, мәдениетінде сақталған. Бұл кезең туралы әдебиетте бірнеше шығармалар жазылды. Солардың бірі Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» әңгімесі. Әңгіме ашаршылық кезеңіндегі халықтың күйін баяндайды. Жазушы ашаршылықтың шындығын ашып көрсетеді. Күлпаш ұлы мен күйеуі аштықтан аман қалуы үшін басқа біреуге тұрмысқа шығуға мәжбүр болады.
Соған дәлел ретінде Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов 1922 жылы 20 жылдардағы аштық жөнінде «Тәні саудың – жаны сау» атты мақаласынан үзінді келтірейік: «…Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті… Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті…».
АШАРШЫЛЫҚ ЗАРДАПТАРЫ, САЛДАРЫН ЖОЮ МӘСЕЛЕСІ
Тұрар Рысқұлов 1920-1922 жылдар аралығындағы қазақ еліне келген нәубет кезінде Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы еді. Ол осы қызметін пайдаланып, орыс шаруаларының қарусыздануына және тартып алынған жерді халыққа қайтаруға ат салысты. 1930-жылдардағы аштық кезінде де бейжай қарамай, оның салдарын жоюмен күресті. Сталинге, Мирзоянға, Исаевқа хат жазды. Бірнеше ұсыныс айтты.
Т.Рысқұловтың Сталинге жазған бірінші хатында аштықпен күрес үшін Батыс Қытайдан 1 миллион бас қой алдыру, қазақтарды жұмысқа орналастыру, ұжымдастыру кезінде кеткен қателіктерді түзеуді ұсынды. Сонымен қатар, екінші жазған хатында ол ашыққандардың қайтыс болуынан ауруханалар жетіспей жатқанын айтады. Тағы бір хатында босып жатқан адамдарға азық-түлік алып беру үшін көмек сұрайды. Л.Мирзоянға жолдаған хатында: «Сіз мені Қазақстанның ішкі істеріне қол сұққысы келеді екен деп ойлап қалмаңыз, мен қойылып отырған мәселе тек Қазақстан тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге, жалпы мемлекеттік тұрғыдан да айрықша маңызды болғандықтан жазып отырмын» дейді.
Ашаршылықтың бәрін өз көзімен көрген Т.Рысқұлов Түркістан АКСР-нің Орталық атқару комитетінің мәжілісінде жасаған баяндамасында жан түршігерлік деректер келтірді. Ол аштық пен аурудан өлгендердің саны әр облыста 25- 50 пайыз екенін, Әулиеата уезінде өлім-жітім ерекше жоғары екенін, барлық аудандар аштықтан қырылып жатқанын айтты. Жергілікті халықтың азайғаны сонша, кей жерлерде 2, 3, тіпті 4 болыстың ішінен бір болыс құру қиын болатынын айтты. Сондай-ақ, ол округте жүздеген мың ірі қараның қырылғаны туралы нақты дәлелдер келтірді. Ол аштықпен күрес дереу қолға алынбаса, жақын арада аштарды тамақтандыратын арнайы пункттер, баспанасыз қалған балаларға арналған колониялар, жұқпалы аурулармен күресетін медициналық пункттер ашылмайтынын тілге тиек етті. Бұл іске Т.Рысқұловтың өзі тікелей жетекшілік етіп, фельдшерлік пункттер мен асханаларды ұйымдастырумен айналысты.
Аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар да қатар келді. Жұқпалы аурулармен ауырған адамдардың саны республиканың емдеу мекемелерінің мүмкіндіктерінен едәуір асып кетті. Аштық пен қайыршылық күй, эпидемия, ауруханалардың жетіспеуі, осының бәрі аурулар арасындағы өлімнің санын көбейтіп жіберді. Мысалы, Қостанай губерниясында аштар мен аурулардың 75%-ға жуығы көз жұмды. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам ашаршылық құрбаны болды. Ашаршылық Қазақстанның басқа аймақтарын да айналып өткен жоқ. Сол кезде Тарғын-Бөкей губерниялы кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Х.Д.Чурин өз естелігінде: «1921-1922 жылдардың қысында уезд орталығы болған кенттің көшелерінде біз таңғы сағат 5-6-ларда кейде ондаған адам өліктерін жинайтынбыз» деп жазды.
Ата-анасы көз жұмып, қараусыз қалған балалардың күн сайын 50-60-ын жергілікті өкімет органдары балалар үйлеріне бөлді. Егер, 1921 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша қараусыз қалған аш-жалаңаш балалар саны Қазақ АКСР-і бойынша 128 000 болса, осы жылдың соңында бұл көрсеткіш 158 000-ға, ал 1923 жылғы 1 наурызға қарай 408 022-ге жетті. 1922 жылғы наурыз-сәуір айларында Қазақстанды қысқан ашаршылық мүлде асқынып кетті. КазОАК-нің Төрағасы С.Меңдешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша Қазақстан бойынша аштыққа ұрынғандар саны 2 832 000 адамды құраған. Ал, 1920 жылдың соңында республиканың барлық тұрғындарының саны 4 781 263 адам еді. Оның 50,3%-ы – қазақтар, 31,2%-ы – орыстар, 14,4%-ы – украиндар болатын.
Қазақстандағы ашаршылық аймақтағы саяси-экономикалық жағдайға да әсер етті. Халық арасында наразылық тудырып, Кеңес Одағының Қазақстанға қатысты саясатының өзгеруіне әкелді. Қазақстандағы ашаршылық оның тарихындағы қасіретті кезең болғанымен, қазақстандықтардың санасы мен ұлттық болмысын қалыптастырудың маңызды элементі болып қала берді.
Республиканың ашаршылық жайлаған губернияларының тұрғындары жан сауғалап өз еріктерімен оңтүстікке – Түркістан республикасына, шығыста – Ақмола және Семей губернияларына қарай босты. Еділ бойының тұрғындары Орынбор губерниясына және Түркістан республикасына қарай ығысты. Мұның өзі Қазақстандағы жағдайды одан әрі күрделілендіріп жіберді.
Ашыққан ауылдар мен болыстарға алғашқы көмекті ұйымдастыру үшін уездік атқару комитеті мүшелерінің барлығы дерлік елге жіберілді. 1921 жылдың көктемінде әр селолық кеңестің жанынан көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін арнаулы комиссиялар құрылды, олар мүмкіндігінше қажетті астықпен қамтамасыз етілді.
Аштық жайлаған Торғай уезінің тұрғындарына губерниялық азық-түлік комитеті көмек ретінде 50 000 пұт астық және көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге тұқым қорынан 500 пұтастық бөлді. Торғай уездік атқару комитетінің 1921 жылғы 12 мамырдағы кеңейтілген отырысында ашыққан халыққа жедел көмек көрсету жөнінде мәселе қаралды. Отырысқа уездік атқару комитетінің Темірбек Жүргенов басқарған мүшелері, Орталық атқару комитетінің өкілдері Ә.Жангелдин, С.Арғыншиев, Тимошенко мен Арынғазиев қатысты. Уездік атқару комитеті төрағасының басқаруымен жабдықтау бөлімі, экономикалық және азық-түлік бөлімдері өкілдерінен ашыққан халыққа жедел көмек көрсету үшін комиссия құру туралы шешім қабылданды. Жергілікті жерлерде Комиссия бөлімшелерін ұйымдастыру көзделді.
СОЛ КЕЗДЕГІ ҚҰЖАТТАР НЕ ДЕЙДІ?
Тарихшы Зияда Ижанов сол кезеңнің оқиғаларына қатысты мемлекеттік архивтан алынған төмендегідей құжаттарды ұсынады.
27 августа 1920 г.
№3456. Телеграмма ТуркЦИКа
Киргизы Иргизского уезда вследствие неурожая, голодовки начали массами перекочевывать в уезды Казалинский и Перовский. Военревком Киркрая просит ТуркЦИК разрешить голодающим киргизам беспрепятственно перекочевывать в пределы Казалинского, Перовского уездов. Результат сообщить нам. Зампред Кирвоенревкома Арганчеев.
21 сентября 1920 г.
№3772. Телеграмма ТуркЦИКа
Дополнение телеграммы 3456 Военревком КССР просит срочно разрешить голодающим киргизам перекочевывать в пределы Перовского и Казалинского уездов, о результате сообщить исполкомам указанных уездов.
Кирревкома Мендешов. 1921 г.
Телеграмма
Сообщается к сведению места расселения голодающих детей с указанием количества: станция Чиили – 122, Тереньузяк – 336, Перовск – 4576 человек. Примите меры в боевом порядке к оборудованию в указанных станциях приемно-распределительных пунктов. Расселение производить в день прибытия на станцию населения, в первую очередь наиболее отдаленные селения. Как обязательное правило, в городах и при станциях не оставлять ни одного голодающего. Зампред помголом Дублинский.
Баяндау хат
…Қармақшы ауданы барлық белгілері жағынан нашарлаған. Адамдардың аштан өлуі етек алған. Оған дәлел:
- 15-не милиция бастығына айналаны және қала ішін тексеріп шығуға өзім жарлық бердім. Ол 30 өлікті тапты.
16-на тағы 11 өлікті тапты (көмдік).
- Аудан орталығында 20 адам аштықтан іскен. Күн сайын мені қоршап алып нан сұрайды (жалпы алғанда ашыққандар әлі де көп).
- Ауатком төрағасы колхоздардан енді ғана келді. Ол аудан орталығынан бастап жол бойы жаппай өліп жатқан адам деп айтады. Сонда сен қанша өлікті көрдің дегенде ол 60-70 деді. Ертең 16 ауылға шығамын. Жолда 4, 5 ауылға соғамын. Өліктерді қайда, қалай жинау жөнінде тапсырма берілді. Тексеремін.
- Өлім әсіресе, желтоқсан айында күшейген (суық және қор да таусылған). Жәрдем астық кешіккен, наряд та жеткіліксіз. Қазір ауылдарға 1540 пұт астық жөнелттік. Бұл аз да болса жағдайды жеңілдетеді.
- Аудандық қызметкерлер «Бізде бір адам өлімі болмаған, не аштықтан адам іспеген, бірде-бір колхоз жоқ» – деп айтады.
- Мен Жосалы станциясына келгенімде станция үйсіз, күйсіз ауруларға толған екен. Біз оларды жинастырдық, үйсіздер үшін үш үй ұйымдастырдық және оларды тамақтандырдық (180 адам). Бұлардың көпшілігі сөзсіз өледі.
- Облыс Қармақшыға 255 адам контингент берген екен. Аудан ол жоспардағы адамдарды жинастырып орындады. Енді бұдан көпті ұстауға мүмкіндігіміз жоқ дейді.
Мен көшедегі барлық балаларды жинастыруға жарлық бердім. Екі күннің ішінде олардың саны 450 болды. Жоспардың 500-ге белгіленуіне сенемін.
Үш күн қызметкерлердің желкесіне әдейі отырдым. Қажетті ақша, жармақ, күріш болатындығына өзгеріс туған секілді, шамасы оларды аламын ғой деп ойлаймын.
17-нші қыркүйектегі шешімді орындауға аудандық басшылар кешікті. Негізгі дәлелі: малды жаппай сойып жібере ме деген қауіп және шөптің болмауы, жекелеген колхоздарда сарайдың жоқтығы. Кей жерлерде байқау үшін таратылып берілген малдардың ертеңіне-ақ сойылған фактылары кездесті. «Оларды қамауға алдық. Қалғандарына түсіндірдік» – дейді. Бірақ ондай фактылар әлі де тыйылған жоқ. Мал жетпей қалғандардың тікелей шабуыл жасап, малды тартып алып, бірден сойған фактылары да кездеседі.
Ауданнан барған өкілдер мініп барған көліктерін өздері түнейтін бөлмеге кіргізеді. Күндіз атының қасына арнаулы қарауыл қояды, әйтпесе атты тұрған жерінде еті, ең болмаса қаны тиеді деген ниетпен бірден бауыздап жіберген немесе қарнына пышақ сұғып алған жағдайлары да болған.
Бай-кулак элементтері малға және астыққа шабуыл жасау үшін қарақшылар тобын ұйымдастырады. Олардың ұрлаған, адам өлтірген жағдайлары бар.
Егіске дайындық нашар жүріп жатыр. Тұқым жинау 1,2 %.
Ия, тарихи құжаттар осылай дейді. Қазақстанның көптеген бөлігін жайлаған аштықтан зардап шеккендердің көпшілігі Сыр өңіріне қоныс аударған. Бұл жағдай жергілікті жердегі ахуалды тым ушықтырып жібергенге ұқсайды.
ӨТКЕНГЕ ҚҰРМЕТ…
Қысқасы, өткен ғасырдың 20-шы жылдарындағы нәубет ел тарихындағы ақтаңдақтардың тағы бір көрінісі. Ашаршылық жылдарды еске алу – өткеннің тарихи жадын сақтауға көмектеседі және болашақта осындай дағдарыстардың алдын алуға күш салады.
Шымкент қаласындағы халық арасында Албастысай деп аталып кеткен мекенде, қазіргі «Қасірет» мемориалды кешені бағының ішінде тұрған «Ана мен бала» ескерткіші 1920-1922 жылдар мен 1931-1933 жылдардағы ашаршылық және 1937-1938 жылдардағы жаппай саяси репрессия құрбандарын еске алуға еске алуға арналған. Ел өзінің тарихының нәубетті жылдарын ұмытпай, өткенін ұдайы еске алып тұруы тиіс. Сонда ғана ел болашағы сындарлы кезеңдерден дағдарысқа ұшырамай, қатерлі сынақтардан қиындыққа ұрынбай аман өте алады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Коллективизация сельского хозяйства в республиках Средней Азии и Казахстане: Опыт и проблемы. – Алма-Ата, Ғылым. 1990. – 6 с.
- Козыбаев М.К., Абылхожин Ж.Б., Алдажуманов К.С. Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства. Алма-Ата, 1992 г. с. 28.
- Түсіпбекұлы Ж. Ашаршылықтың 80 жылдығын атап өту арқылы жалпыұлттық көзқарас қалыптастыруымыз қажет. Алаш айнасы. №40 (722) 7 наурыз. 2012. – 2 б.
- Асылбеков М.Х., Асылбекова Ж.М. Население Казахстана по Всесоюзной переписи населения 1939 года. В 5-ти томах. 1 том. – Алматы: Издательство «Арыс», 2009. – С. 28-29.
- Омарбеков Т. Голодомор в Казахстане: причины, масштабы и итоги (1930-1933 гг.). Хрестоматия. Алматы, Қазақ университеті. 2011. С. 5.
- Омарбеков Т. 20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1997. – 310-315 бб.
- Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010, 4-тарау, 5-бөлім. 272 б.
Г. Шекербекова
Шымкент қаласының музейлер бірлестігі
«Сайрам музейі» бөлімінің ғылыми қызметкері