Бәйдібек ауданы

Бәйдібек ауданы — Түркістан облысының орталық бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. Жерінің аумағы 7,2 мың км2 (облыс аумағының 6,1%-ын қамтиды). Тұрғыны 54,7 мың адам. Аудан жерінде 52 елді мекен, 11 ауылдық округ бар. Орталығы – Шаян ауылы.

Шаян ауылының іргесі 1928 жылы бұрынғы Шаян болысының негізінде Шаян ауданы болып қаланды. 1965 жылға дейін Шаян, 1996 жылға дейін Алғабас ауданы болып келді. Бәйдібек ауданы жері Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінде, қырқалы жазықта жатыр. Оңтүстік-шығысын Боралдай жотасы, Үлкентұра тауы (1425 м) алып жатыр. Жер қойнауынан полиметалл кені (Байжансай), әктас, құрылыс материалдары барланған. Климаты континентті. Қаңтар айындағы жылдық орташа температура -4-6°С, шілде айында 25-28°С. Жылдық жауын-шашынның мөлшері жазық бөлігінде 250-300 мм, таулы өңірде 400-500 мм. Аудан аумағынан Шаян, Арыстанды, Бөген, Боралдай, Бестоғай, Сасықөзен өзендері және олардың салалары Үлкен Бөген, Бала Бөген, Қошқарата, Құтырған, тағы басқа ағып етеді. Қазақта Бәйдібек аудан тұсында Шаян өзенінде Қапшағай бөгеті салынған. Аудан жерінде Арыстанды өзенінің бойында әйгілі Арыстанды-Қарабас желі соғады. Ауданның батысындағы шөлдің ашық сұр, сұр топырағында боз жусан, баялыш, бидайық, күйреуік, шығысындағы таудың сұр-қоңыр топырағында Қаратау жусаны, нарғия, т.б. шәптесіндер мен бұта аралас долана, тобылғы, жабайы алма, өрік; өзен бойларында тал, терек, жиде, қамыс өседі. Жануарлар дүниесінен тауда арқар, елік, қасқыр, жазығында қоян, қарсақ, саршұнақ; құстардан кекілік, бөдене, көкек, тағы басқа мекендейді. Елді мекендер негізінен өзен аңғарларының бойында орналасқан. Халықтың орташа тығыздығы 1 км 27,6 адамнан келеді. Халықтың негізгі бөлігі – қазақтар (53728), орыстар (78), өзбектер (29) тағы басқа 18 ұлт өкілдері тұрады. Ірі елді мекендері :Шаян ауылы, Ақбастау, Боралдай, Ақтас, Ақмешіт, Жарықбас, Бәйдібек ата, Майбұлақ, Шақпақ, Мыңбұлақ, Таңатар, Кеңестөбе тағы басқа ауылдары.

Көрікті орындары:
-Ақмешіт
-Бәйдібек кесенесі
-Домалақ ана кесенесі
-Аппақ ишан сәулет кешені