Түлкібас ауданы

Түлкібас ауданы — Түркістан облысында орналасқан аудан. Жер аумағы 2,3 мың км². Тұрғыны 110, 623 мың адам (2018). Халқының орташа тығызд. 1 км²-ге 39,1 адамнан келеді. Ауданы орталығы – Тұрар Рысқұлов ауылы.

Aудан Сырдария округіне қарасты, Шымкент уезі, Майлыкент болысының аумағында, орталығы Түлкібас стансасы болып, 1928 жылы 17-ші қаңтарда құрылғандығын мұрағат құжаттары растайды.

1930 жылы 17-ші желтоқсандағы Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің қаулысына сәйкес, осы жылдың 23-ші шілдесінде Түлкібас ауданы, Жуалы ауданына қосылды. Бес жылдай Жамбыл облысының қарамағында болып, 1935 жылы 9-шы қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында қайта шаңырақ көтеріп, орталығы Ванновка ауылы болып бекітілді. 1963-1966 жылдары Сайрам ауданында болды. 1928 жылдан тәуелсіздік алған жылдарға дейін ауданды 19 азамат басқарған. Тәуелсіздік алғаннан бүгінгі күнге дейін ауданды 9 әкім басқарған.

1993 жылы 7-ші қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қазақтың қайсар ұлы Тұрар Рысқұловтың 100 жасқа толу құрметіне орай, аудан орталығы Ванновка ауылы Тұрар Рысқұлов ауылы болып өзгертілді. Қазіргі таңда аудан орталығы – Тұрар Рысқұлов болып аталады.

Аудан басшылары: Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы – аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары – Жанесен Марат Сүгірәліұлы, Күзембаев Ерлан Бақытжанұлы, Жабағы Асхат Базарбайұлы. Аудан әкімінің аппаратының басшысы – Орманов Ербол Керімбекұлы. Аудан әкімдігінің мекенжайы: Т.Рысқұлов ауылы, Т.Рысқұлов көшесі, 201 үй. Индексі: 161300

Мақтан тұтар байлығыныз бірі – Ақсу-Жабағылы қорығы. Қоғамымыздың бір туар қайраткері Т.Рысқұловтың ұсынысымен жиырмасыншы жылдары Ақсу-Жабағылы қорығы жарияланды. Ақсу-Жабағылы қорығы ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтар тізіміне енген. Бұл қорық Талас Алатауының Солтүстік-Батыс бөлігінің және оған көршілес Өгем жотасын алып жатыр. Оның негізгі аймағы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Төле би және Бәйдібек аудандары және Жамбыл облысы Жуалы ауданы жерінде орналасқан. Сонымен қатар, қорық құрамына екі палентологиялық бөлім кіреді. Бірі Қарабастауда жер көлемі 126 га., екіншісі – «Әулие», жер көлемі 100 га. Екеуі де Бәйдібек ауданында қорықтың негізгі аймағынан 120 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қорықтың қазіргі жер көлемі 85754 га. Оның ішінде: Түлкібас ауданында-21255 га., Төле би ауданында-53597 га, Бәйдібек ауданында-231 га., Жамбыл облысы, Жуалы ауданында-10682 га. Қорықтың орталығы Түлкібас темір жол станциясының шығысында, 18-20 шақырымдай жердегі Жабағылы ауылында. Қорықтағы ең ірі өзен – Ақсудың ұзындығы 120 шақырым, ені 10 метрге жетеді, тереңдігі жарты метр. Ақсу-Жабағылы қорығында аң мен құстың 550 түрі, өсімдіктің 200-ден астам түрі бар. Олардың көпшілігі Қызыл кітапқа енгізілген. Аудан орталығы Тұрар Рысқұлов ауылында 21 мыңнан астам адам тұрады. Ауылды қақ жарып өтетін орталық көше бұрын Ленин атында еді, 1994 жылы Тұрар Рысқұлов есімі берілді. Аудан орталығында бүкіл Әлемге белгілі тарихшы-ғалым, қолбасшы – қайраткер Мұхаммед Хайдар Дулати мен түрік жұртына ортақ тұлға Тұрар Рысқұловқа ескерткіш орнатылған.

Көне тарих – бұрынғы ата-бабаларымыздың жолы. Өткен ғасырдан біздің дәуірімізге дейін сан қилы құпиясын қойнына алып, ежелгі дүниенің көне көз елшісіндей болған тарихи ескерткіштер біздің ауданымызда да жетерлік. Аудан аумағында бұрындары болған «Шарафкент», «Будухкент», «Томтодж», «Абардадж» деген үлкен қалалардың орны анықталған.