Қонақ үй
Қонақ үй, мейманхана – жолаушылардың уақытша тұруына арналған жай.
Ертеде отырықшы қалалы елдерде саудамен жолға шыққан жолаушыларға арнап жеке адамдар керуен сарайлар ұстады. Керуен сарайларда тағам әзірлейтін, қонақтар түнейтін үйлер, жүк сақтайтын, көлік тұратын қора-жайлар болды. Сарай иелері жолаушылардан төлемақы алып тұрды. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан қонақжайлық арнаулы қонақ үй салуды қажет еткен жоқ. Кейін өндірістік-тауар, сауда қатынастарының дамуына байланысты ірі қалаларда көп бөлмелі, үлкен асханалары, автогараждары, мәжіліс, ойын-сауық құжыралары, т.б. тұрмыстық үй-жайлары бар қонақ үй салынды. Кеңестік дәуірде Қазақстанда қонақ үй көптеп салынды. “Жетісу”, “Қазақстан”, “Алматы”, “Достық”, “Рахат-палас”, “Анкара” (Алматы), “Интерконтиненталь”, “Турист”, “Алтын адам” (Астана) әлемдік озық үлгідегі қонақ үйлердің қатарына жатады. Қонақ үйлер қызмет сапасына қарай шартты түрде жұлдыз санына қарай бөлінеді: екі жұлдызды, үш жұлдызды, төрт жұлдызды, бес жұлдызды, т.б. Әйтсе де соңғы екі түрі өте сирек кездеседі, әрі олар өте қымбат келеді.