Әл-Фараби ауданы

Әл-Фараби ауданы (бұрынғы Дзержинский ауданы) — Шымкент қаласы құрамындағы әкімшілік-территориялық бөлініс бірлігі, төрт ауданның бірі.

Әл-Фараби ауданы Шымкенттің халқы ең тығыз орналасқан тарихи орталық ауданы саналады. Мұнда қаланың маңызды білім, әкімшілік, тарихи, мәдени және ойын-сауық орталықтары орналасқан.

Аудан территориясында 2 мемлекеттік жоғары оқу орындары, қалалық және аудандық әкімдіктер, Шымкент көне қалажұрты, “Ескі қала”, филармония, А.С.Пушкин атындағы кітапхана, “Қиял әлемі” саябағы, “Тәуелсіздік” саябағы, “Кең баба” этносаябағы, Әл-Фараби және Ордабасы алаңдары, ОӘД, «MEGA Shymkent» ОСО, 5 жұлдызды «Rixos» қонақүйі, Қошқар ата өзені жағалауы орналасқан.

Сондай-ақ, ауданда қаладағы алғыз темір жол вокзалы, 20 ұлттық мәдени орталықтары және 15 діни бірлестіктер, 18 өндіріс ошақтары, 30 мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар орналасқан.

Әл-Фараби ауданында Шымкенттің ірі магистралдары қиылысады. Шығыстан батысқа қарай Тәуке хан даңғылы, Түркістан көшесі, Ғ.Ильяев, Т.Рысқұлов көшелері, оңтүстіктен солтүстікке қарай Д.Қонаев даңғылы, А.Байтұрсынов, Қазыбек би, көшелері көсіліп жатыр.

Аудан аумағынан Еңбекші мен Әл-Фараби аудандарының шекарасынан бастау алатын Қошқар ата өзені ағып өтеді.

Аудан аумағында М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы орналасқан.