Жолаушы көлігі
Жолаушы тасымалы – көлікпен жолаушылар тасымалдау жұмысы.
Жолаушы тасымалы магистральдық (темір жол, азаматтық авиация, автобус, теңіз, өзен қатынастары) және қала (метрополитен, трамвай, троллейбус, жеңіл автомобиль) көліктерімен жүзеге асырылады. Жолаушы тасымалы қашықтығы мен жылдамдығына және көлік түрлерінің ерекшелігіне қарай ажыратылады. Темір жол көлігінде тасымалдау қашықтығына байланысты ол жергілікті жолаушы тасымалы, қала маңындағы жолаушы тасымалы, алыс қашықтықтық жолаушы тасымалы, болып, жылдамдығына қарай жай жолаушы тасымалы және жүрдек жолаушы тасымалы болып бөлінеді. Автомобиль көлігімен жолаушы тасымалы қала ішіндегі, қала маңындағы, қалааралық және халықаралық болып бөлінеді. Әуе көлігінде алыс қашықтықтық жолаушы тасымалы, жергілікті жолаушы тасымалы, халықаралық жолаушы тасымалы деп, теңіз көлігінде жай жолаушы тасымалы, жүрдек жолаушы тасымалы, экспресс жолаушы тасымалы болып ажыратылады. Өзен көлігімен жолаушы тасымалының қалааралық, қала маңындағы, жергілікті және транзитті түрлері бар. Жолаушы тасымалы жұмысының көлемін жолаушы айналымы дейді. Ол жолаушы-километрмен өлшенеді, яғни жолаушыларды 1 км қашықтыққа тасымалдау жолаушы айналымының өлшем бірлігі болып табылады. Ол көлік түрлері, тасымал бағыты, т.б. бойынша бөлек-бөлек есептеледі. Қазақстанда 1999 жылмен салыстырғанда жолаушы тасымалы 2000 жылы 7%-ға көбейді. Жалпы пайдаланудағы көліктің жолаушы тасымалы 2000 жылы 20 млрд. жолаушы/км болды. Жолаушы тасымалдайтын барлық көлік түрлерінің ішінде автомобиль көлігімен жолаушы тасымалы ерекше орын алады. Қазақстанда 2000 жылы оның үлесі 74% болды. 2001 жылдың соңғы 9 айында темір жол көлігінде 21,3 млн. адам, автомобиль көлігінде 664,5 млн. адам, өзен көлігінде 0,1 млн. адам, әуе көлігінде 0,8 млн. адам тасылды. Қазақстанды ТМД елдерімен және Батыс Еуропа мемлекеттерімен байланыстыратын 100-ден астам тұрақты маршруттар ашылды. Жолаушы тасымалының халықаралық желісін ұлғайту бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде.