Көлдер
Көл — тікелей теңізбен қосылмаған құрлықтар өңіріндегі суға толы дербес ойыстар. Ауқымды кеңістікті қамтитын, суы ащы көл түрлері теңіз деп аталып жүр (Каспий, Арал теңіздері). Жер шарындағы көлдердің жалпы ауданы 2,1 млн. км2 (құрлық ауданының шамамен 1,4%-ы). Ондағы жинақталған судың көлемі 176 мың км3, оның 52%-ы тұщы су, 48%-ы ащы су. Көлде эндемик түрлер, кейде реликт түрлер тіршілік етеді. Жер шарының ең ірі көлі – Каспий теңізі, ең терең көлі – Байкал. Қазақстанда Каспий мен Аралды қоспағанда, 48262 көл бар, олардың жалпы ауданы 45032 км2.
Сусіңген көлі
Көлдердің түрлері
Қалыптасуына қарай
Көл ойыстарының қалыптасуына қарай: бөгелген, ойысты және аралас болып жіктеледі.
Бөгелген көл өзен аңғарын тау көшкіндері, сырғымалары, мұздықтар және т.б. басып қалған жағдайда пайда болады. Бөгелген көлге бөгендер мен әуіттер де жатады.
Ойысты көлдің мореналық, тектоникалық, жанартаулық, эолдық және карстық деп аталатын түрлері бар. Көлдер ағынды көл (ағатын өзендері бар) және тұйық көл болып ажыратылады.
Режіміне қарай
Ағынды – өзен ағып шығатын көлдер
Ағынсыз – өзендер келіп құйғанымен, ағып шықпайды
Өзендермен салыстырғанда көлдердің суы едәуір ащы болады. Ағынды көлдердің суы, негізінен тұщы болады, ал ағынсыз тұйық көлдер көбінесе ащы келеді. Тіпті бір көлдің өзінің жеке бөліктерінің суы тұздылығы жөнінен айырмашылық жасауы мүмкін. Мысалы, Балқаш көлінің батыс бөлігіне қарағанда 5 есе көп, сондықтан батысы тұщы болады.