Төле би ауданы
Төле би ауданы — Түркістан облысының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы 3,1 мың км² (облыстың 2,6%-ын қамтиды). 1932 жылы құрылған (1991 жылға дейін Леңгір ауданы). Тұрғыны 112,8 мың адам. Аудан жеріндегі 59 елді мекен, 1 қалалық, 13 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы – Леңгір қаласы. (1945).
Негізінен сүтті-етті мал, биязы жүнді қой, астық, картоп, жібек кұртын өсіруге маманданған 8 ұжымшар, 4 кеншар болған. Жер бедері таулы, дөңесті жазық. Ең биік жері – Сайрам шыңы (4338 м). Шығысыңда Талас Алатауы, оңтүстік-батыста Өгем, Қаржантау (2500 м), Қазығұрт (1200 м) тау сілемдерінің бөктерінде орналасқан. Батысындағы жазықта және тау аңғарларында егіншілікке жарамды суармалы жерлер, жайылымдар, жеміс ағаштары кездеседі. Кен байлықтарынан қоңыр көмір, құрылыс материалдары өндіріледі. Климаты континенттік, қысы жұмсақ, жазы ыстық, құрғақ. Қаңтардың орташа температурасы -3-9°С, шілде айында 24°-26°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері батысында 450 мм, шығысында 650 мм. Топырағы тауда қоңыр, сұр, жазықта саздақты. Дала өсімдіктерінен астық тұқымдас, ақселеу, жатаған, бидайық, беде, тағы басқа; тауда долана, арша, бадам, шырғанақ, итмұрын, тағы басқа өседі. Жануарлардан: қасқыр, аю, барыс, арқар, таутеке, сілеусін, тағы басқа; құстардан – бүркіт, ителгі, кекілік, ұлар мекендейді. Аудан жерімен Ақсу, Сайрамсу, Бадам (өзенде Бадам бөгені салынған) өзендері ағып өтеді. Аудан тұрғындарының орташа тығыздағы 1 км²-ге 34,6 адамнан келеді. Халқы көп ұлтты, негізгі бөлігі қазақтар 70% пайыздан, өзбектер, түріктер, әзербайжандар құрайды. Ірі елді мекендері: Леңгір қаласы, Бірінші мамыр, Көксәйек, Сұлтанрабат, Қамшақ, Зертас тағы басқа ауылдар.
Ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бидай өсіруге (барлық егіс көлемінің 41,7%) маманданған. Мақсары (13,3%), арпа (3,1%), көкөніс (2,3%), картоп (1,9%) өсіріледі. Облыстағы жеміс-жидектің 18,0%-ын береді. Аудандағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 30,0%-ын ет өндірісі, 17,5%-ын дәнді дақыл, 15,0%-ын сүт, 9,6%-ын көкөніс құрайды. «Фудмастер-Шымкент» компаниясы – сүт өнімдерін, «Ақмаржан» акционерлік қоғамы – ұн, жем, нан өнімдерін шығарады. Ұйық, тоқыма, тігін фабрикалары, машина жасау зауыты, «Оңтүстік мұнай-газ» ашық акционерлік қоғамы, Леңгір мұнай барлау скважиналарын сынау экспедициясы жұмыс істейді.
Аудан жерімен Леңгір-Шымкент темір жолы өтеді.