Қарақия ауданы
Қарақия ауданы – Маңғыстау облысының оңтүстігінде орналасқан әкімшілік бөлініс. Солтүстігінде Маңғыстау, батысында Мұнайлы ауданы, оңтүстігінде Түркіменстанның Балқан уәлаяты, шығысында Өзбекстанның Қарақалпақстан республикасымен шектеседі.
1973 жылы құрылды. 1997 жылға дейін Ералиев ауданы деп аталды. Жер аумағы 65,8 мың км2. Тұрғыны 33,5 мың адам (2014). Аудан құрамындағы 10 елді мекен 2 кенттік, 4 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы – Құрық ауылы.
Табиғаты
Ауданның жер бедері негізінен жазық, солтүстік-шығысы Үстірт аумағында. Мұнда Қазақстандағы теңіз деңгейінен төмен жатқан барлық ойыстар орналасқан. Ауданның батысындағы Ащысор (–39 м) мен Қарақия (–132) ойыстарын Маңғыстау мен Кендірліқиясай үстірттері бөліп жатыр. Қарынжарық ойысы (–70 м) мен Қарашек к-нің қазаншұңқырлары (–21 м) Үстірттің оңтүстік бөлігімен шектеседі. Ауданның ең биік жері Батыс Үстірт кемерлі шыңындағы Қараман шоқысы (340 м). Шығысындағы Үстірт бөлігінің жер бедері төрткілді болып келеді. Батысындағы Каспий теңізі жағалауы жарқабақты. Мұнда Қазақ шығанағы, Кендірлі, Ақсу, Тоқмақ шығанақтары бар. Бұларды кезінде Исан түбегі деп атаған. Мұнда теңіз адының әсерінен пайда болған неше түрлі ғажайып бағаналар, үңгірлер мен қуыстар жиі кездеседі. Қарақия ауданының жер қойнауында мұнай мен газдың, ұлутастың, уранның кендері мол. Маңызды мұнай кен орындарына Жетібай, Өзен, Теңге, т.б. жатады. Олар 20 ғасырдың 60 жылдарынан бері кеңінен пайдаланылып келеді.
Өсімдік пен жануар әлемі
Сор, сортаңды сор, ауданның көтеріңкі келген тұсында қиыршықты сұр, сортаңды сұр топырағында, негізінен жыңғыл, сексеуіл, изен, жүзгін, бұйырғын, т.б. сораң шөптер өскен. Ауданда емдік шипалы өсімдіктер көптеп кездеседі. Олар: ерқұны, жалбыз, киікоты, жантақ, жусан, адыраспан, т.б. Жабайы аңдардан қасқыр, түлкі, қоян, қарсақ, шиебөрі, күзен, ақбөкен, арқар, қарақұйрық, т.б. бар. Ауданда Қаракөл-Қарақия мемлекеттік қорықшасы, Үстірт қорығы орналасқан. Мұнда кеміргіштердің 40, құстардың 100, өсімдіктердің 400 түрі өсіріледі.