«БАСТАМА «ОТБАСЫ БАНКІНДЕ» АҚША ЖИНАУ МЕРЗІМІН ЕКІ ЕСЕ ҚЫСҚАРТУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ»
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы 1-қыркүйекте жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Президенттің бұл жолғы жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бес бастама көтерілді. Соның бесінші бастамасы ел азаматтарының басты мәселесіне айналған баспана тақырыбына арналып, оны шешудің оңтайлы тетігі ретінде «Отбасы банкі» дейтін механизмге иек артудың жолын нұсқады. Бұл орайда, Президент «Нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары […]
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы 1-қыркүйекте жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Президенттің бұл жолғы жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бес бастама көтерілді. Соның бесінші бастамасы ел азаматтарының басты мәселесіне айналған баспана тақырыбына арналып, оны шешудің оңтайлы тетігі ретінде «Отбасы банкі» дейтін механизмге иек артудың жолын нұсқады. Бұл орайда, Президент «Нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр. Мен бұған дейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың оң әсері туралы айттым. Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Сонымен қатар, бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді» деген болатын.
Бүгінгі таңда бұл бастама қоғамның қызу талқысына түсіп, үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Жолдауда «Бесінші бастама» деп көтерілген тұрғындарды баспанамен қамту жолы, оған зейнетақы жинағының ықпалы, сондай-ақ, баспаналы болудың мемлекеттік бағдарламалары жайында «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Саудабаев Дәурен Мұратұлынан сөз сұрап едік.
«БАСПАНА АЛУ ҮШІН ПӘТЕР ҚҰНЫНЫҢ 20% КӨЛЕМІНДЕ АЛҒАШҚЫ ЖАРНА БОЛУЫ ТИІС»
– Дәурен Мұратұлы, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кезекті жолдауында ел азаматтарының баспаналы болу мәселесін шешу тетігі ретінде сіз қызмет атқаратын банк аталып, жаңа бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетіні айтылды. Жалпы, Жолдаудан түйген ойыңыз, жаңа өзгеріске дайындықтарыңыз, ол бастама жүзеге асқанда нендей пайдасы бар, осы жайына тоқталсаңыз…
– Қыркүйектің бірі күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында қазақстандықтарға жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін «Отбасы банкіндегі» есеп шотқа аударуға рұқсат беруді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шара қаражат жинау және оларды сауатты басқару әдетін ынталандырады. Сондай-ақ зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын қолдану бастамасының оң динамикасын атап өтті. «Отбасы банк» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) Президенттің тапсырмасын назарына алып, жұмысын белсенді ұйымдастыруда. Себебі, бұл бірінші кезекте жас қазақстандықтардың тұрғын үйге тезірек қол жеткізуге көмектеседі.
Бүгінде елімізде жыл сайын 120 мыңға жуық жас отбасы отау құрады. Алғашқы жылдары ерлі-зайыптылар жеке пәтерге немесе үйге қаражат жинауы оңай емес. Оларға қолдау қажет. Осы орайда, мемлекет басшысының бастамасы – аса қажет шешім болды. Бұл қазақстандықтарға «Отбасы банкінде» ақша жинау мерзімін іс жүзінде екі есе қысқартуға және қоныс тойын әлдеқайда ертерек тойлауға мүмкіндік береді.
Біздің бағалауымыз бойынша, алғашқы жылы бұл мүмкіндікті 190 мыңға жуық жас отбасы пайдалана алады. Сондай-ақ, 15 мың отбасы жыл сайын депозит ашатын болады.
Қазіргі кезде 250 мыңға жуық қазақстандық «Отбасы банк» арқылы жалпы көлемі 1,4 триллион теңгеден астам сома зейнетақы жинақтарын пайдаланды. Жас шамасын алсақ, БЗТ 36-45 жас аралығындағы азаматтар (46,1%) көбірек пайдаланған, ал 26-35 жас аралығындардың үлесі 18,5%. 18-25 жас аралығындағы салымшылардың 0,2% ғана зейнетақы қорынан қаражаттарын алған.
Мемлекет басшысының жаңа бастамасы жағдайды жақсы жаққа өзгертеді және қазақстандық отбасылардың әлдеқайда көп бөлігіне баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
– Шымкент қаласының «Тұран» шағынауданынан салынып жатқан жаңа көпқабатты тұрғын үйлерден «Нұрлы жер» бағдарламасымен берілетін пәтерлер бар екенін білеміз. Осы бағдарламаның шарттары, жаңа пәтерлердің құны, саны туралы мәліметтермен бөліссеңіз.
– «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысып және тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банкіндегі» есепшотында алғашқы жарна үшін пәтер құнының 20%-ы көлемінде қаражат болуы тиіс. Мысалы, құны 7,7 млн теңге тұратын 1 бөлмелі пәтерді сатып алу үшін депозитке 1,5 млн теңге жинақтау қажет. Осыдан кейін банк жылдық 5% мөлшерлеме бойынша жеңілдетілген қарыз береді. «Отбасы банкі» арқылы 1088 пәтерді осы бағдарлама арқылы беру жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше тұрғын үй бой көтермек. Жаңа үйлер қаланың жаңа ауданы «Тұран-2» шағынауданында орналасқан. Мұндағы 1 шаршы метр тұрғын үйдің құны 180 000-200 000 теңгені құрайды.
Негізгі конкурс әкімдік кезегінде тұрғандар арасында өткізіледі. Бос пәтерлер қалған жағдайда әкімдік кезегінде тұрмаған Банк салымшылары арасында қосымша конкурс ұйымдастырылады. Қосымша конкурстан кейін қалған пәтерлер тікелей сату арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін әкімшілікте кезекте тұрған азаматтар да банкте салымшы атанып, «Отбасы банкінде» есепшот ашып және қаражат жинақтауы тиіс.
«Нұрлы жер» бағдарламасының шарттары бойынша келесідей талаптарға сай келген азаматтар мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үйге үміткер атана алады:
- ҚР азаматтығы немесе оралман статусы бар;
- ҚР аумағында соңғы 5 жыл меншік құқығында тұрғын үйі жоқ (үміткердің өзінде де, онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінде де);
- Төлем қабілетін растау. (соңғы 6 (алты) айда еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін отбасының әрбір мүшесіне шаққанда күнкөріс деңгейінің 3,7-еселенген шамасына дейінгі табысының болуы).
«Отбасы банк» желісі бойынша сатылатын жаңа нысандар https://baspana.otbasybank.kz порталында орналастырылады. Мұнда тұрғын үйге үміткер салынып жатқан нысандарды қарап, өтініштерді қабылдау барысы жайлы ақпарат алуға, өзіне ұнаған пәтерді таңдап, баспана сатып алушылар пулына қатысуға өтініш беру мүмкіндігіне ие болады.
Сейдалы Дүйсебайұлы