Жолжазба: Шымкент – Түркістан

Міне, биылғы көктем де кіріп келді. Көктем – тек жыл құстарының ғана емес, ел ішінде қыдырып, саяхаттайтын серуеншіл халықтың туристік маусым бастайтын кезеңі. Ұлы Даланың солтүстігі әлі де болса қалың қар құшағында жатқанмен, күнгей өңірі бұл маусымды бастап жіберді. Әсіресе, Шымкент пен Түркістан арасы жолаушылаған қонақтан арылмайды. Сонымен, бұл өңір туристік маусымға дайын ба? Осы […]

Фото: Арман Байсадықов

Міне, биылғы көктем де кіріп келді. Көктем – тек жыл құстарының ғана емес, ел ішінде қыдырып, саяхаттайтын серуеншіл халықтың туристік маусым бастайтын кезеңі. Ұлы Даланың солтүстігі әлі де болса қалың қар құшағында жатқанмен, күнгей өңірі бұл маусымды бастап жіберді. Әсіресе, Шымкент пен Түркістан арасы жолаушылаған қонақтан арылмайды. Сонымен, бұл өңір туристік маусымға дайын ба? Осы сауалға жауап табу және саяхатшы үшін пайдалы жолбастаушы бола алатын қажетті ақпарат іздеу мақсатында жолға шыққан едік.

Егер, жақын күндері Түркістанға баруды жоспарлай қалсаңыз, керек деректі ой түкпіріне түйіп қойғаныңыз жөн. Шымкентке келген қонақ әуежайдан, не вокзалдан түскесін жаңа облыс орталығына қатынайтын көліктерге асығып жатады. Шымкенттен Түркістанға «Самал» және «Бекжан» автовокзалдарынан тұрақты қатынайтын қоғамдық көлік маршруттары бар. «Hyundai Starex» микроавтобустары 1000 теңге жолақы сұраса, жеке такси бағасы 1500 теңге. Арадағы 150 шақырым жолды 2-2,5 сағатта еңсеріп, діттеген жеріңізге жеткізеді. «Самалдан» шыққан көлік Түркістандағы «Алтын Орда» автовокзалына дейін барады, кесене маңынан түсіп қалсаңыз болады.

Шымкентте тамақтану орындары көп, әрі мақтаулы тамақ түрлерін де көптеп кездестіруге болады. Ал, жолай тамақтанатын орын жоқтың қасы. Сондықтан, Шымқалада тамақтанып алған жөн. Жолда бір ғана шайланатын жер – Қызылкөпір (Екпінді) ауылындағы балық пісіріп беретін асханалар ғана. Оның өзінде, тек қуырылған балықтан өзге жөні түзу асы жоқ. Бұл асханалар қатарында балықтың бірнеше түрін: сазан, жыланбалық, табан (карась), көксерке (судак) балықтарын қуырып береді. Біз аялдаған №5 асханада балықтың бағасы келісі мен порциясына байланысты 1000, 1500 теңгеден бастап, 8000 теңгеге дейін кете береді. Бір шәйнек шайды 250 теңгеге ішесіз. Ал, «Жұлдыз» деген асханада 500, 700, 1000, 1500, 2000 теңгеден балық жеуге болады екен. Өзін Надира деп таныстырған келіншек осылай бағаларын тізіп шықты.

 

Әжетхана іздей қалсаңыз, осы маңдағы ондаған асхананың ішінде осы «Жұлдызда» ғана бар екен. Оның өзі қарабайыр әжет өтейтін жер. Егер, дәретіңіз қыстай қалса, осының өзін тапқаныңа қуанасың. «Ауыз ас ішерде қажет» демекші, осы асханаларды бір ретке келтіріп, әжетханасын сайлап қою бірінші кезектегі мәселе!

Әжетхана демекші, Шымкент-Түркістан арасында 3 жерде жолбойы қызметіне арналған әжетханалар бар. Соның бірі Көкарал мен Достық ауылдары арасындағы (геокоординаты 42.997595, 68.800636) нүкте.Оның жай-күйін көрсең, Шымкенттен жолға шықпай жатып-ақ «ішіңізді босатып» алған жөн екенін түсінесің. Пәлен миллиондық биотуалеттер мен еуростильді әжетханалар жол бойынан көзге көрінбейді. Суық желі азынаған әлгі орында қажетіңізді өтеп болғасын «влажный салфеткаңызға» қолыңызды «жуып» аласыз да, жөней бересіз. Бұл жерде қоқыс тастауға арналған урна бар, жол бойы тазалық сақтап, әлгі «қол жуған» салфеткаңызды белгіленген жерге ғана тастағаныңыз дұрыс.

Түркістанға жеттік. Қалаға кіре берістегі Ескі Иқан ауылы тұсынан қою қара түтін «құшағын айқара ашып» қарсы алады. Түркістан қазір ірі құрылыс алаңына айналған. Б.Саттархановтың атын иеленген даңғылдың оң жағында да, сол жағында да мойынын көкке созған крандар көп. Көшелері кеңіп, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол мен веложолақтар салынған. Естеріңізде болса, ескі Түркістанда жаяу жүру қиын еді. Қалаға кірген сәттен-ақ, қала басшылығының ағаш көшеттерін отырғызу арқылы қаланы жасыл желекке көмкеру ниетін анық байқайсың.

Облыстың жаңа орталығында тамашалайтын, серуендейтін орындар баршылық. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарасты сәулет және археологиялық бірнеше ескерткіш бар. Қ.А.Ясауи кесенесінен бастап, Гауһар ана, Әлқожа ата, Имам Марғозы, Рабия бегім, Есім хан секілді бірнеше ғасырдан келе жатқан кесенелердің сәулеті, Күлтөбе (Яссы), Сауран қатарлы тарихы терең археологиялық қабаттар қызықтырары сөзсіз. Егер, осындай ерекше ескерткіштерді асықпай қарағыңыз келсе, бірнеше күнге ұласатын танымдық саяхат ұйымдастыруға болады. Ол үшін ең алдымен нысандарға жақын, әрі жайлы жатын орын таңдап, сайланып алғаныңыз дұрыс. Соның бірі – «Ханака» қонақ үйі. Мысалға алынып отырған бұл қонақ үйде 35 стандарт, 3 люкс, сондай-ақ «Президенттік люкс» нөмірлері бар. Екі орынды стандарт нөмірлерді 21 мың теңгеден, люкс нөмірді 40 мың теңгеден, ал «Президенттік люксті» 60 мың теңгеден брондауға болады. Мейманхананың бірінші қабатында кафейня, фитнес залы, хамам моншасы бар. Бұл қосымша қызметтер бөлме бағасына кіреді. Сондай-ақ, бір мезгіл таңертеңгілік ас та бөлме бағасының ішінде. Сыйымдылығы 35 адамға лайықталған конференц залында іскерлік кездесу ұйымдастыра аласыз. Қонақ үйлерді онлайн брондауға арналған booking.comпорталында қонақтардың бағалау нәтижесімен (Guest Review Awards)«Ханака» 9,1 дәрежесін алған. Бұл – 10-дық балл шкалаға салғанда қызмет сапасы жоғары деген сөз.

«Ханака» қонақ үйінің жанында «Арбат» деп аталып кеткен жаяу серуен жолы бар. Осы жолмен Қ.А.Ясауи кесенесіне қарай жүрсеңіз, қорған сыртындағы алаңқайда жаңа этноауылдың құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл «Этноауыл» –Наурызмерекесі кезінде мерекелік шара өтетін орын. Алда кележатқан мереке күндері бұл маңай думанды орынға айналады. Алаңның бір шетінде қарапайым қыстау болса, екінші шетінде көшпелілердің жайлаудағы ауылы көрініс таппақ.

Этноауылдан шығып, ХІХ ғасырдың ескерткіші саналатын Дарбазадан кесене алдындағы алаңқайға өттік. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарайтын Қ.А.Ясауи кесенесі мен оның айналасындағы Шығыс моншасы, Жерасты мешіті, Қылует секілді сәулет ескерткіштеріне кіру үшін билет алу керек болады. Билет бағасы 200 теңге. Билетті кесененің оң жақ қанатында орналасқан кассадан қолма-қол ақшаға, немесе терминалдан онлайн алуға болады. Көпбалалы аналар («Алтын алқа», «Күміс алқа») мен мүмкіндігі шектеулі жандарға кіру ақысыз. Кесене ішінде мобильді телефон камерасымен фотосуретке түсіруге рұқсат етілсе, видео және кәсіби фотоаппаратпен түсіруге тыйым бар екен. «Неге?» деген сауалымызға ешкім жарытымды жауап бере алмады. Тек, қорық-музейдің Самат Керімов деген қызметкері «Болмайды! Экспонаттарға зиян!» деп фотокамерамызға жармаса берді. Камерадан нендей зиян болатынын дұрыстап түсіндіріп, ақ-қарасын ажыратып беретін жан болса ғой, шіркін. Кесене ішінде фотосурет түсіруге неге рұқсат жоқ? Музей туралы заң мен ішкі тәртібін оқып алу керек болды.

Қ.А.Ясауикесенесі алдында «Сегізқырлы» деп аталатын кесене қалдығы мен Есім хан кесенесіне жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы «Сегізқырлы» кесенеде Тәуке хан және оның ұлдары Сәмеке хан мен Болат хан жерленген дейтін деректер бар екен. Ал, Рабия бегім кесенесі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылыпты. Бұрын бұл кесенеге кіріп көрмеген жандардың қызығушылығы басым. «Жұма мешіт» маңында бірнеше киіз үй тігіліпті. Мұнда кәдесыйлар мен сусындар сатылады. Түйемен серуен ұйымдастыратын жігіттер де осы маңда. Түйеге мініп, кесене айналасын серуендегіңіз келсе, 1000 теңге төлеуіңіз керек.

Кәдесый демекші, кесененің шығыс жақ тұсындағы Мүсәллә қақпасының алдында қолөнер шеберлерінің өнімдері мен кәдесый сататын павильон орналасқан. Мұнда көз сүрінер әшекей бұйымдардан бастап, небір әдемі кәдесыйларға арбалып қала бересің. Қасиетті дұғалар жазылған тақтайшалар мен бойтұмарлар да осында. Сатушылардың алмасыңа қоймайтын сөзін жерге қалдырмай, әйтеуір бір майда-шүйде затты қалай алғаныңды білмей қаласың. Бағалары да әр түрлі: 50 теңгеден бастап, 8000 теңгеге дейінгі заттарды көрдік. Павильоннан Абайхан Рысбаев деген қолөнер шебері саз балшықтан әзірлеген көне түрік балбалтасының көшірмесі мен Қ.А.Ясауи кесенесінің кішігірек жапсырма суретін сатып ала шықтық.

Қолөнер шеберлері мен кәдесый павильоны маңы қызу құрылыс алаңына айналған. Қазірдің өзінде Шығыс моншасы, өлкетану музейі ғимараты секілді нысандардың құрылысы аяқталуға жақын сияқты. Кесенеге жақын орын тебетін осынау тарихи-туристік орталықтың өзіне тән сәулеттік келбеті болады екен. Бұл аймақтан тағы бір түйгеніміз, қаланың жаңа тарихи-туристік бөлігінде салынып жатқан ғимараттардың биіктігі Қ.А.Яссауи кесенесінен биік болмайды екен. Бар екпін кесенеге аударылғанын осыдан білуге болар.

Туристік маусымға дайындықты саралайтын «Шымкент-Түркістан» бір күндік барлау сапарымыз осы тұстан қорытындыланды. Көзбен көріп, көңілге түйгеніміз көп еді. Ең маңызды деген тұстарына тоқталдық та, жақын арада Түркістанға саяхаттауды жоспарлаған кісі үшін ең қажетті мәліметтерді назарыңызға ұсындық. Түртіп алынған мәліметтеріміз саяхатыңызға жолбасшы бола алады. Алдағы уақытта мұндай туристік маршруттардағы өзгерістер мен жаңалықтар жолжазба ретінде ұдайы жарияланып отырмақ. Сайтымызды қадағалай жүргейсіз.

Жолжазбадағы барлық фотоларды жақсы сапада алғыңыз келсе, мына сілтемені басыңыз.