Ордабасыдағы серуен

Осы аптадағы демалысты пайдаланып, Ордабасы бағытында серуендеп келіп ек. Сапардың мақсаты, сол баяғы – саяхатшыл халайықты тарихи танымдық турға шақыру, және оның жолын таныстыру, кездесетін қиындықтар жайында хабардар ету. Олай болса, кезекті жолжазбамызды оқи отырыңыз.

Біздің бүгінгі сапарымыз Ордабасы тауы және оған іркес-тіркес жатқан Мыңтөбе мен Қараспан қалажұрты бағыты болды. Бұл аталған бағыттағы нысандар орналасуы жағынан бір ауданның, оның ішінде Бадам өзені бассейні аумағында жатуы ғана емес, тарихы жағынан бір-біріне жақын тақырыптағы танымдық маңызы бар қасиетімен де ерекшеленеді. Үш нысан да тарихын Қола дәуірінен бастайды. Орналасуы мен тақырыбы жақын болғандықтан, бұл бағытты Шымкент қаласы маңындағы арнайы туристік маршрут ретінде қарастырып, саяхатшыл қауымға жол-жапсарын таныстыруды жөн санадық.

Ордабасы – қола дәуірі ескерткіштерінің отаны

Ордабасы тауына дейінгі жол ұзақтығы: Шымкент қаласындағы «Бекжан» автовокзалы маңындағы «Астана» қонақүйі алдынан «Ордабасы» қорық-музейінің кіреберісіне дейін 32 шақырым, одан ары «Бірлік» монументіне дейін 3 шақырым. Бұл бағытта арнайы қоғамдық көлік маршруты жоқ. «Ордабасы» қорық-музейіне баруды мақсат етсеңіз, осы «Астана» қонақүйінің алдынан жолай көлік тоқтатып, Бадам станциясына дейін жетіп аласыз да, ары қарай оңтүстік бағытта Бадам-Ақжар бағытында жүріп жатқан көліктердің біріне ілесе 7 шақырым жол өндіріп алу керек. Немесе, ең дауасы – арнайы көлік жалдау, не велосипедпен жету.

Ордабасы тауына Шымкенттен былай жетесіз

Сонымен, таңертеңнен жолға шыққан шолушы тобымыз «Астана» қонақүйі алдынан «Сүлікқара» көлігімізге отырып, Ордабасы тауына бағыт алдық. Шымкент пен Бадам станция арасындағы автожолдың жағдайы жақсы, тек Ақбұлақ ауылы маңында бірнеше шұқыр көлігіңіздің аздап мазасын алуы мүмкін. Жолда осы Ақбұлақ ауылына аялдап, ХХ ғасырдың басында күйген кірпіштен салынған «Қасиетті Құдай ана» шіркеуі (церковь «Рождества пресвятыя Богородицы») деп аталатын сәулет ескерткішін көруге болады. Ескерткіш қазір толық қираған, тек қабырғалары ғана состиып-состиып құламай тұр. Жолдың оң жағында да, сол жағында да өндіріс орындары көп. Олардың дені кірпіш зауыттары, «KazKioti» трактор зауыты да сол маңайда. Осы жақтан-ақ оңтүстік беттегі Ордабасы биігіне орнатылып жатқан үш бидің ескерткіштері қарауытып көрінеді. Бадам сатнциясының ортасындағы жолайырықтан Арысқа бұрылмай тіке өтсеңіз, теміржол линиясы жолығады. Одан өткеннен соң автожол оңға бұрылып, оңтүстік-батыс бағытта жүріп отырады да Бадам өзінен өтетін көпірге жеткізеді. Осы тұста, жолдың сол жағында Қаратөбе деген Х-ХІV ғасырларға жататын ортағасырлық қоныс орны бар. Қазір оның үсті осы заманғы молаға айналған. Көпірден өткесін оңтүстік бағытта 4 шақырым жүргенде «Ордабасы» қорық-музейіне жетесіз.

Ауылдың падасы өріске кетіп барады

Қорық-музейге кіру үшін 200 теңге төлеп, билет алғасын шлагбаум көтеріледі де, кіруге рұқсат аласыз. Шлагбаумнан өткесін оң жақта Ордабасы тауы мен «Бірлік» монументіне қатысты әдемі тақырыптық музей бар. Онда қазақ халқының этнографиялық заттарынан бастап, 1997 жылы монументтің ашылу сәті жайлы фотокөрме орналасқан. Осы тұстан шығысқа қарай 2 шақырым қашықта арнайы жасалған автотұрақ, тікұшақ қонатын алаңша және әжетхана бар.

Шлагбаум мен автотұрақ арасындағы жол тегіс, жарықтанған, тротуар бар

Автотұрақ маңында әр апта сайын көкпар ұлттық ойынын өткізетін атшабар да бар екен. Аптаның демалыс күндері келе қалсаңыз, небір сәйгүліктерді көріп, олардың шабысын тамашалап, шабандоздардың өнеріне сүйсінесіз. Бүгін біз де ауыздығымен алысқан тұлпарларға жолығып, тамсанып отырдық.

 

 

 

Аттарын баптаған атбегілер мен көкпарға келген шабандоздар

Автотұрақтан оңға бұрылып, биікке көтерілетін қаражол кетеді. Сол жолмен оңтүстік бағытта қырға көтерілсеңіз, алдыңыздан мойнын соза «Бірлік» монументі көрінеді.

Ордабасы биігіне көтерілетін қаражол

 

 

Ордабасы тауының биігі

«Бірлік» монументі (геокоординаты 42.310992, 69.246370) 1997 жылы орнатылып, ашылуына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің басшылары қатысқан. Ескерткіш биіктігі 28 метр, ені 8 метр, 3 қырлы призма формасында жасалып, ұшар басы бірлікке үндейтін пирамида формасына ұласқан. Жоғарғы жағындағы қуыста шаңырақ орнатылса, оның астындағы қоңырау соққан желмен бірге сыңғырлап үн шығарып тұрады. Монументтің ақ мәрмәрден қаланған 3 қабырғасына Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің нақыл сөздері жазылған.

 

 

 

 

 

“Бірлік” монументі

Корольков қызғалдағын көргіңіз келсе Ордабасыға шығыңыз

Ордабасы тауының биігінде қолдан ұйілген көне оба-қорғандар көп. Олар монументтің шығысында да, солтүстігінде де, батысында да байқалады. Қола дәуіріне жатқызылатын оба-қорғандардың ең үлкендері шоғырланған тұсы монументтің оңтүстік-батыс жағында.

 

 

Ордабасы биігіндегі Қола дәуірінің оба-қорғандары

Оба-қорғандар ішінде ең ірісі – Бірліктөбе деп аталады. Осы Бірліктөбе жайында біз былтыр «Ордабасыны дәріптейміз деп, бабалар сүйегін көмусіз қалдырамыз ба?» деген материал жариялап, осындағы бассыздықтар жайында жазып ек. Содан нәтиже болса керек, ақтарылған Бірліктөбе қайта көміліпті.

 

 

 

Бірақ, көмусіз қалған адам сүйектері қайта қойылды ма, жоқ па, ол жағын біле алмадық. Осы биікке орнатылып жатқан 3 биге арналған таудай ескерткіштердің құрылысы әлі бітпепті. Бұл ескерткіштің құрылысы облыс әкімі Ж.Түймебаев болып тұрғанда «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» аясында 100 сакральді орындар тізбесіне енген Ордабасыны насихаттау мақсатында басталып, 2019 жылдың соңына қарай пайдалануға берілетіні айтылған еді. Шамасы, облыс басшылығы ауысқасын, әрі Арыс оқиғасы мен облыс орталығының құрылыстары араласып кетіп, бұл жоба да ескерусіз қалған секілді. Арғы жағына тереңдемей-ақ қоялық, былтырғы көтерген мәселемізден туған «шу» да жетер, басқа қызықты мәліметтерге кезек бергеніміз дұрыс болар.

 

 

Жайылымдағы жылқылар

 

Биіктен қарағанда

Жүректас – ғашықтар мекені

Ордабасының бір қызығы – қызғалдақ маусымы. Оңтүстік өңірдегі ең бірінші болып қауыз жаратын қызғалдақ түрлерінің бірі – Корольков қызғалдағы екен. Бұған дейін тек Қызылқұм айналасында өседі деп келген қызғалдақтың бұл түрінің Ордабасыдан жолыққаны ботаник мамандардың таңданысын тудырып, ерекше жаңалыққа санала бастады. Корольков қызғалдағы – еліміздің шөл және шөлейтті табиғат зоналарында өсетін эндемик өсімдік. Бойы қысқа болғанмен, шоқтай қызарған қауызы мен бұйраланған жапырағы өте әсем.

 

 

Корольков қызғалдағы. Ордабасы тауы

Оны қорғау мақсатында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Осы табиғат сұлуын жұла қалсаңыз, қылмыстық жауапқа тартылып, 8 миллион теңгеге жуық айыппұл төлейтініңізді айта кетейік. Дәл осы жерде, «Ордабасы» қорық-музейі басшылығы мен Ордабасы ауданы әкімдігіне Ордабасы тауына келетін туристер назарына Корольков қызғалдағын көрсету және оны қорғау мақсатында арнайы сілтеуіш белгі мен ескерту тақтайшасы орнатылса деген ұсынысымыз бар.

 

Мыңтөбеге қоқыс жәшігі керек

Ордабасы биігінен кейін ат басын бұрған нысанымыз – Мыңтөбе оба-қорғандары (кейде “Бөржар қорымы” деп те аталып қалады) болды. Оған жету үшін таудан кері жүріп, Бадам станциясынан солға, Арысқа баратын жолға бұрылдық. Батысқа, одан соң солтүстік-батыс тарапқа қарай 21 шақырымдай жүргенде автожолдың оң жағында да, сол жағында да бір-біріне ұласқан мыңдаған төбелер кездеседі.

Бадам станциясы мен Мыңтөбе арасындағы жол

Бұл жердің аты – Мыңтөбе (геокоординаты 42.521000, 69.129846). Бұл төбелер Қола дәуіріне жататын оба-қорғандар. Мұндай Мыңтөбе деп аталатын жер атауы мен археологиялық ескерткіш 2 жерде кезігеді. Бірі осы болса, екіншісі Келес ауданындағы Ғ.Мұратбаев ауылы маңында.

 

Мыңтөбе маңындағы автожол. Көкпарға аттанған тұлпарлар

Мыңтөбенің үсті қоқысқа толыпты. Ескерткіш пен өткенге құрметтің жоғын осыдан-ақ білуге болады.

 

Мыңтөбедегі қоқыс

Кей мамандардың айтуынша, бұл археологиялық ескерткіш ертеректе осы маңда болған ірі соғыс кезінде қаза болған әскерлер көмілген «бауырластар зираты» болды делінсе, енді бір мамандар сақ тайпаларының ата-бабаларын жерлейтін арнайы павильоны болыпты деседі. Не де болса, мұндай ескерткіш елімізде санаулы ғана. «Свод памятников истории и культуры Казахстана» деген жинақтың 109-бетінде бұл Мыңтөбе жайлы «Оба-қорғандар жыл санауымызға дейінгі 1 мың жылдықтан бастап, жыл санауымыздың VІІІ аралығына жатады. Ұзындығы Арыс өзенін бойлап 5-7 шақырымға, ал ені 1-ден 2,5 шақырымға дейін созылып жатыр. Қорғандардың диаметрі 6 метрден бастап, 20 метрге дейін, ал биіктігі 0,5 метрден 3 метрге дейін жетеді» деп көрсетіліпті. Оба-қорғандардың бірқатары қазылған, тоналған.

 

 

Квадрокоптер түсірген Мыңтөбе

Мыңтөбенің жанында Жартытөбе деген ортағасырлық қалажұрт жатыр. Осы екі нысанды біріктіріп, археологиялық комплекс жасауға болады.

Жартытөбе қалажұрты фонындағы Мыңтөбе

Осы тұста жергілікті әкімдіктің құлағына «алтын сырға» іле кетсек: Бадам станциясы мен Арыс қаласының ортасында орналасқан бұл тарихи археологиялық ескерткіш маңында арнайы сілтеуіш белгі, мемлекеттің қорғауында екені жазылған тақта және қоқыс тастайтын жәшік орнатылса, құба-құп болар еді.

 

«Қорқыт ата туарда, Қараспанды су алған»

 Мыңтөбеден ары қарайғы жолымыз Қараспан қалажұртында (геокоординаты 42.486906, 69.046227) жалғасты. Арыс қаласы бағытында 10 шақырымдай күн батысқа қарай жүргенде, Қараспан ауылынан өткеннен кейін жолдың сол жағында биік төбе көрінеді. Біз іздеген археологиялық ескерткіш осы. «Сүлікқара» көлігімізден түскенімізде мұнда да үйілген қоқыс қарсы алды. Неге осы біздің халық тарихи ескерткіштерді құрметтемейді, қадірін білмейді? Осындай ескерткіш Еуропаның бір жерінде болсыншы, әлемге жар салып мақтанар еді-ау.

Мыңтөбеден Қараспан қалажұртына былай жетесіз

Бұл ескерткіштің жасы жайында 1994 жылы жарық көрген «Свод памятников истории и культуры Казахстана» деген жинақта VIII-ХІІ ғасырларға жатқызылыпты. Ал, А.Подушкин бастаған соңғы археологиялық қазба кезінде бұл қалажұрттың жасын б.д.д. ІІІ ғасыр мен б.з. IV ғасырлар аралығында өмір сүрген Қаңлы (Кангюй) мемлекетіне дейін ұзартып, артефактілер табылғаны айтылды. Тіпті, кей тарихшылар Қаңлы мемлекетінің астанасы Битянь қаласына шендестіре бастаған. Өйткені, дәл осы аймаққа Бадам өзенінің Арыс өзеніне құйылысы жақын. «Битянь» мен «Бадам» атаулары дыбыстық және буындық жағынан өте жақын деп қарастырылыпты. Егер, бұл пікір дәлелденсе, Қараспанның ғана емес, берісі Оңтүстік өңірі, арысы қазақ елінің де абыройы асқақтар еді-ау. Өйткені, Ұлы Дала елінің тарихында ең көне мемлекет – Қаңлы мемлекеті болса, ал оның орталықтанған астанасы орналасқан жер ретінде қазақ мемлекеттілігінің тарихы 3 мың жылдық тереңге кетер еді.

 

 

Есеккөкпарға жиылған ауыл балалары

 

 

 

 

Қараспан қалажұрты және археологиялық қазба ізі

Қазақ фольклорында «Қорқыт ата туарда,

Қараспанды су алған,

Қара жерді құм алған.

Ол туарда ел қорқып,

Туғаннан соң қуанған» – деп келетін жыр жолдары күллі түркі дүниесіне аты мәлім Қорқыт атаның туған жері – Қараспан екенін айтып тұр. Қорқыттың өзі Ислам келгенге дейінгі дәуірдегі тәңіршілдік пен бақсылықтың атасы саналатындықтан, Қараспан қаласы да көне дүниенің бір мәдени орталығы болған сияқты. Бұл осынау көне қалажұрттың тарихи маңызын бір сатыға көтереді.

Қараспантөбе мен оның тарихи қорғау аймағы

Қазіргі Қараспан қалажұрты биік төбе ғана. Археологиялық қазба жұмыстары жақсы жүрген, көптеген жәдігерлер шыққан тарихи орын. Ескерткіштің жалпы ауданы 150,9 мың шаршы метр болса, цитадельдің ауданы 90х120 метр, биіктігі 20-24 метр екен. Үстін жауып, «ашық аспан астындағы музей» етсе болады.

Осы жерде Ордабасы аудан әкімдігіне үшінші «алын сырғамызды» іле кетсек, Қараспан қалажұрты маңында да сілтеуіш белгі, мемлекет қорғауында екені жайлы тақта және қоқыс тастайтын жәшік, оған қоса әжетхана орната салса артықтық етпес.

Көкпардан қайтқан аттармен бірге қалаға оралдық

Бүгінгі саяхатымызды осы тұстан тәмамдасақ, оқырман үшін тамаша тарихи-танымдық туристік бағыт ұсына алдық деп ойлаймыз. Еліміздің үшінші мегаполисінің маңында қонақтарға мақтана көрсететін бір бағыт осы. Бірақ, онда да жоғарыда тоқталған нысандардың айналасын тазалап, сервисін жақсартып, дұрыс насихаттай алғанда ғана мүмкін болмақ. Ол үшін жергілікті әкімдіктер ұйқысынан оянып, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауды міндетіне алу қажет. Ал, қазірге… Үйілген қоқысты кімге көрсетесің?..