АҚШ ПЕН ИРАННЫҢ КЕЛІССӨЗІ ТУРАЛЫ
Жақында, Масқатта Иран Ислам Республикасы (ИИР) мен Америка Құрама Штаттары (АҚШ) арасында ИИР ядролық бағдарламасына қатысты келісім жасасу жөнінде келіссөз өтті.
Жақында, 12 сәуірде, Масқатта Иран Ислам Республикасы (ИИР) мен Америка Құрама Штаттары (АҚШ) арасында ИИР ядролық бағдарламасына қатысты келісім жасасу жөнінде келіссөз өтті. Келіссөз алдында Трамп Иран Лидеріне хат жазғанда, «келіссөз немесе соғыс» деп үзілді-кесілді шарт қойғанда, Тегеран бірден теріс сипатта реакция білдірді.
Алдымен ИИР Лидері Ә.Хаменеи өз ұстазы аятолла Р.Хомейнидің «Америкамен келіссөз жүргізуге жол жоқ», – дегенін негізге алып, өзі де мұндай амалға қарсы екенін қадап айтты. Өйткені, оның пікірінше, АҚШ-қа сенім жоқ. Бұған дейін ол Иран мен Батыс арасындағы Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимыл жоспарын (ЖҚБІЖ, Келісім) алдымен Иран емес, АҚШ-тың өзі бұзып, 2018 жылы Келісімнен шыққанын атап көрсетті.
Ә.Хаменеи Трамп билікке келіп, Украинаға көмекті азайтатынын айтқанда, бағытынан жиі айнитын Вашингтонның сөзіне сенуге болмайтынын басқа елдерге ескертті. Тіпті ол: «Америкамен келісімге бару ақылсыздық, ессіздік һәм арсыздық», – деп, кесіп айтты.
Д.Трамп келісімді аяқтауға 60 күн мұрсат беретінін, әйтпесе Иранға әскери шаралар қолданылатынын ескертті. АҚШ әскери күштерін Парсы шығанағына жақын базаларға қарай тартып, алпауыт елдер мен өңір мемлекеттері жаңа соғыстың тұтануына алаңдаушылық білдіре бастады. Осы кезде Тегеран келіссөзге бейіл білдірді. ИИР СІМ-нің ресми өкілі Е.Бағаи өз елінің «алдымен АҚШ ниетін бағамдап, соған орай әрекет ететінін» жеткізді. Тегеран келіссөздің тікелей емес форматта өтуін қалады. Мұндай тәсіл келіссөзді ұзаққа созады. ИИР билігі уақыт тығыздығын ескеріп, бәлкім, уақытша келісім жасасу қажет болар деген пікір білдірді.
Тегеранның келіссөзге қатысты өз бағыт-бағдарының күрт өзгеруіне елдегі экономикалық қиын жағдай, өңірдегі, осы ел төңірегіндегі саяси күрделі ахуал (дәл қазіргі кезде Иран үшін Ауғанстанмен арадағы шекара ғана қауіпсіз болып көрінеді), сондай-ақ Д.Трамптың соғысқа бару пиғылынан тайынбайтыны түрткі болды.
Америкалық сарапшылар келіссөз нәтижесіне қатысты екі түрлі пікір білдірді. Бір бөлігі Иран ниетінің шынайы екеніне күмәнданды. Олар Тегеран уақытты соза отырып, ядролық бағдарламасын ілгерілетуді көздейді деп санады. Енді бір тобы келіссөз нәтижесіне үмітпен қарады.
Мәселен, 12 сәуірде америкалық сарапшы Т.Парси «Time» журналында жариялаған мақаласында «Трамптың Иранға қатысты дипломатиясы нәтиже беруі мүмкін» деп бағалады және бұған ықпал ететін мынадай факторларды санамалады:
1. Екі тараптың да келісімге келуге күшті ынтасы бар. Д.Трамптың агрессивті риторикасы мен милитаристік ұстанымына қарамастан, ол Таяу Шығыста тағы бір ірі соғысты тұтатуға бейілді болмауы тиіс. Ол сайлау алдында америкалық әскерлерді жаңа соғысқа емес, үйлеріне қайтаруға уәде берген кандидат болатын.
Көптеген америкалық саясаткерлер, сарапшылар және ықпалды тұлғалар Иранға әскери шабуыл жасауға үзілді-кесілді қарсы болды.
2. Экономикасының тұралағанына орай Иран келісімге келуге ынталы, өйткені Тегеранға «санкциялардан тез арада арылу қажет». Батыс БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкцияларын қазан айына дейін қайта енгізуі мүмкін. Бұл Иранның экономикалық қиындықтарын одан сайын ушықтырады.
Т.Парси: «Трамп Израильдың Иранға қатысты саясатын ұстанбайтын сияқты», – дейді, – Израиль басшылары 1990 жылдардың басынан бері Иранмен қарым-қатынасқа үзілді-кесілді қарсы болып, АҚШ-ты бұл елді бомбалауға шақырды. Ол Сирияда Б.Асад билігінің құлауы және Израильдың Хезболлаға қарсы соққылары Иранды айтарлықтай әлсіретіп, оны әскери шабуылдар жасауға қауқарсыз етті деп санайды.
Бірақ Д.Трамптың Украинаға әскери жәрдемді және өзге де халықаралық көмектерді азайтып, Таяу Шығысқа ерекше ден қоюы оның Израиль күйін көбірек күйттейтінін көрсетуде.
3. Тегеран Д.Трамптың шынымен келісімге қол жеткізгісі келетініне, бұл үшін санкцияларды айтарлықтай азайтуға дайын және қабілетті екеніне сенімді көрінеді. Оның ойынша, Иран шенеуніктері Джо Байденнің мұны істеуге саяси ерік-жігері жоқ деп санаған.
Дегенмен бұл жерде сарапшы пікірімен келіспеуге болады. Лидер Ә.Хаменейдің бастапқыда «басқа-басқа, нақ Д.Трамппен келіссөз жүргізбейміз» дегені керісінше көңіл-күйді көрсетеді. Демек, Тегеран келіссөзге амалсыз барып отыр.
ИИР Лидері кезінде атом бомбасын жасауға қарсы бәтуа бергені белгілі. Соған қарамастан, Батыстың қысымы толастамады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, «ядролық бағдарлама» ісінің түпкі мақсаты – ИИР-дің қазіргі билік жүйесін әлсірету, мүмкін болса, құлату.
Бұған дейінгі ЖҚБІЖ-ді қалпына келтіру жөніндегі келіссөздерде келісімге қол жеткен жағдайда Тегеран Вашингтоннан АҚШ-тың одан шықпайтыны жөнінде кепілдік беруін талап еткен еді. Алайда кезінде ядролық қаруынан бас тартып, алпауыт елдердің кепілдігін алған Украинаның бүгінгі ахуалы кім-кімді де, әсіресе ирандықтарды ойлантпай қоймайды. Бұл алпауыт елдер кепілдігінің айтарлықтай маңызы мен күші жоқ екенін көрсетеді. Егер Тегеран өзінің ядролық бағдарламасынан толықтай бас тартқанның өзінде Батыс «адам құқығы» немесе өзге бір «сылтау» тауып, тұқырту саясатын одан әрі жалғастыруы ықтимал.
ИИР Лидерінің қауіпсіздік мәселелері жөніндегі өкілі Ә.Шамхани ирандық «Кейһан» газетінде «сенбідегі келіссөз алдыңғы келіссөздердегідей нәтижесіз аяқталатынын» айтты. Сондай-ақ ирандық сарапшылардың көпшілігі келіссөздің нәтижелі болатынына күмәнмен қарағанын атап өткен жөн.
Тараптар арасында терең сенімсіздік бар болғандықтан, Иран мен АҚШ арасындағы келісімге қол жеткізу оңай болмақ емес. Тегеран ИИР әскерінің «Әл-Құдс» күштерінің бұрынғы қолбасшысы генерал Қ.Сүлейманиды өлтіруге бұйрық берген, ЖҚБІЖ-ден шыққан адаммен келіссөз жүргізуі керек болды. Бұл әсіресе Иранның діни қайраткерлеріне, консерваторларға ұнай қоймағаны айқын. Дегенмен барлық сын-қатерлерге және алда болуы ықтимал түйткілдерге қарамастан, кейбір сарапшылардың пікірінше, дипломатияға деген көзқарас соңғы жылдары мұншалықты перспективалы болған емес.
Иранның «ядролық мәселесін» АҚШ-тың көтеруі Израильдың мүддесі тұрғысынан жүзеге асып отырғаны мәлім. «Израильдың Палестинадағы басқыншылық, геноцидтік саясаты» жөнінде Тегеранның ұдайы сөз қозғауы және ИИР прокси-күштерінің шабуылдары Тель-Авивтің бас ауруына айналды. Осыған қарсы іс-қимылда АҚШ пен Израиль соңғы кезде мынадай айтарлықтай «нәтижелерге» қол жеткізуде:
1. Тегеранның өңірдегі стратегиялық одақтасы болып отырған Б.Асадтың биліктен кетуіне күш салып, ақыры діттегеніне жетті. Иранның бір қапталы ойсырап қалды.
2. Газа секторын тынбай шабуылдап, тұрғындарды қырғынға ұшыратып, өте қиын жағдайда қалдырды. Шабуыл әлі жалғасуда.
3. Ливандағы «Хезболлаһ»-қа аяусыз соққы берді, көшбасшысын өлтірді.
4. Тегеран қолдап отырған хуситтерге шабуылды үдетуде.
5. ИИР аумағында әскери операциялар ұйымдастырып келеді. 2024 жылы Иран мен Израильдың соққы алмасуы екі жақтың әлеуетін біршама ашқандай болды. Екі тарап та өз соққыларының нәтижелі болғанын, ал қарсы жақтың шабуылы нәтижесіз аяқталғанын мәлімдеді.
Әскери сарапшылардың пікірінше, соңғы кезде Иран өз зымырандарын, ұшқышсыз ұшатын аппараттарын және басқа да техникасын жетілдіріп, әскери қуатын арттырған. Бірақ олардың ойынша, ИИР қорғанысында алдымен мынадай кілтипандар байқалады: 1) әскери ұшақтары тым көне; 2) әскери теңіз күштері мен қару-жарақтары да Израильдағыдай қазіргі заманғы талаптарға сай келмейді; 3) санкцияларға байланысты жоғары технология өнімдеріне қол жеткізе алмай отыр. Бұл факторлар алдағы уақытта соғыс болған жағдайда елеулі қиындықтар тудырмақ.
Өңір елдері, соның ішінде Қазақстан, келіссөздің өтуіне, оның сәтті аяқталуына, жалпы Иран елінде әрдайым тыныштық орнауына мүдделі болмағы кәміл. Егер белгілі бір нәтижеге қол жетпей, санкция одан бетер қатаңдаса, Орталық Азия, Каспий маңы елдері үшін Парсы шығанағына Иран аумағы арқылы тауар тасымалдау қиындай түседі. Ал егер жағдай ушығып, соғыс болған күнде тауар тасымалы жөнінде сөз қозғаудың өзі мұңға айналмақ. Өңірдегі бейберекеттік дамуды мүлде тежеп, тұрақсыздық тудырып, босқындар санын арттырады. Көмірсутек экспортын әртараптандыру аясы тарылып, осы салада Мәскеуге тәуелділік арта түспек.
Ол соғысқа Ресей араласа қоймайды, себебі: 1) РФ Украинадағы соғыспен әуре. Әскери ұшақтар мен соғыс техникаларын Иранға дәл қазір бере алмайды. 2) жақында екі ел басшылары қол қойған ИИР мен РФ арасындағы Жан-жақты қамтылған стратегиялық әріптестік туралы шартта соғыс жағдайында өзара көмек көрсету жөнінде міндеттеме жоқ, тек олардың «агрессорға көмек көрсетпейтіндігі» атап өтіледі (Тегеран Украина соғысына тікелей араласқысы келмеді). Ондай міндеттеме болғанның өзінде РФ ИИР-ді жанын салып қорғауы екіталай. Өйткені Ресейде йаһуди лоббиі елеулі рөл атқарады. Аталған міндеттеме Қытаймен арада да байқалмады. 3) АҚШ пен РФ басшылығының соғысты жүргізуге қатысты өзара ымыраға келу ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Соңғы уақыттағы АҚШ пен РФ арасында Украинаға қатысты өткен келіссөз осыны қуаттай түседі.
Бұл жағдайлар да Тегеранның келіссөз жолын таңдауына түрткі болды. Тікелей емес форматта өткен бұл келіссөзде ИИР делегациясына ИИР Сыртқы істер министрі А.Арақчи, ал АҚШ делегациясына осы ел Президентінің арнайы уәкілі С.Уиткофф басшылық етті. Тараптар өз ұстанымдарын ортаға салды.
Делдалдық еткен Оман Сыртқы істер министрі Б.Әл-Бусади келіссөздің достық ахуалда өрбігенін хабарлады. А.Арақччи да ИИР ядролық бағдарламасы және санкцияларды алып тастау жөніндегі тараптардың ұстанымдармен алмасуы өзара құрмет негізінде орын алғанын мәлімдеді. Ақ үй келіссөз сындарлы және оң сипатта өтті деп бағалады. Д.Трамп та Иранмен келіссөз жақсы жүріп жатқанын атап өтті. Тараптар келіссөздің екінші кезеңін 19 сәуірде жалғастыруға уағдаласты.
Келіссөзге қатысты ИИР Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасы М.Ғалибаф, ИИР Президентінің атқару жөніндегі орынбасары М.Ғайем Пәнаһ, ИИР Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комиссиясының (комитетінің) төрағасы Е.Әзизи және өзге де саясаткерлер, сондай-ақ БАҚ-тардың көпшілігі оң пікір білдірді. Келіссөз Иран нарығына жағымды әсер тигізіп, ұлттық валютаны едәуір нығайтты.
Жалпы, бұл келіссөз Вашингтон мен Тегеранның өзара келісімге келуге
ілгерілеген қадам болды әрі оның жасалу ықтималдығына қатысты үмітті жандандыра түсті.
Дәуірбек ДҮЙСЕБАЙ,
Шығыстанушы, ғылым кандидаты