ҚАЛАНДАР-СОПЫЛАРДЫҢ ШАПАНЫ ШЫМКЕНТКЕ ОРАЛДЫ
КӨНЕ ШАҺАРДЫҢ ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ АЛУАН ТҮРЛІ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КЕСКІНІНЕН БІР ХАБАР Шымкентке қайта оралған сопы-қаландарлардың шапаны мен қалпағы Биыл ЮНЕСКО «Әлем мұрасы» комитетінің Ұлан-Батырда (Моңғолия) өткен 10-шы отырысында «Түркістан альбомы (1871-1872)» деп аталатын еңбек арнайы номинациямен «Әлем мұрасы» тізіліміне ендірілді, Азия және Тынық мұхит аймағының құнды тарихи мұрасының бір бөлшегі деп танылды. Бұл номинацияға «Түркістан альбомын […]
КӨНЕ ШАҺАРДЫҢ ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ АЛУАН ТҮРЛІ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КЕСКІНІНЕН БІР ХАБАР
Шымкентке қайта оралған сопы-қаландарлардың шапаны мен қалпағы
Биыл ЮНЕСКО «Әлем мұрасы» комитетінің Ұлан-Батырда (Моңғолия) өткен 10-шы отырысында «Түркістан альбомы (1871-1872)» деп аталатын еңбек арнайы номинациямен «Әлем мұрасы» тізіліміне ендірілді, Азия және Тынық мұхит аймағының құнды тарихи мұрасының бір бөлшегі деп танылды. Бұл номинацияға «Түркістан альбомын (1871-1872)» Өзбекстан тарапы ұсынған. Осылайша, Түркістан өңірінің ХІХ ғасырдың соңындағы тарихын көз алдыңа келтіретін тарихи фотосуреттер әлемдік мұра санатына енді.
Бұл альбомның құндылығы неде? Алдымен түсінікті болу үшін альбом атында тұрған «Түркістан» деген атауға кішігірім анықтама берген жөн болар. Қазіргі кезде қолданыстағы Орта Азия және Орталық Азия дейтін географиялық атау ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында бір ғана сөз «Түркістан» деп аталатын тарихи-географиялық атаумен берілетін. Былайша, Түркістан деген атау бүгінгі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Ауғанстанның солтүстік бөлігі мен Қытайдың батыс шетін біріктіре атайтын аумақтық географиялық атау-тын. Соңғы кездері бірқатар басылымдар мен ресми өкілдіктер бұл атауды қайта қалпына келтіріп, өз бетінше қайта тірілтіп жатыр. Мысалы, 2018 жылдан ресейлік Regnum ақпарат агенттігі, биылдан бастап Өзбекстан ақпарат құралдары «Түркістан» дейтін географиялық аймақ атын Орта Азия дейтін атаудың орнына пайдалана бастағанын бөлісті.
Дәруіштер мерекелік киіммен. Түркістан альбомынан
Генерал-губернатор К.П. фон-Кауфманның тапсырысымен дайындалған «Түркістан альбомы (1871-1872)» деп аталған еңбекте автор Түркістан өңірін, (оның ішінде Қазақстанның оңтүстік аймақтарын да) мекен еткен халықтардың этнографиялық ерекшеліктері мен сол кездегі ірі елді мекендердің тарихи келбетін айқын көрсетеді. Түрлі ұлттар мен этникалық топтардың антропологиялық кескіндері, өмір сүру салты, киім киісі, тағамдары, қару-жарақтары, тұтыну бұйымдары, қоныстары, тіпті нені ермек ететіні секілді детальдерге дейін ұқыппен бейнеленген. Орта Азия елдерінің этнографиясы мен тарихын зерттеген қай зерттеушінің еңбегін қарасаң, осы бір қүнды еңбекке сілтеме бермеген ғалымды таппайсың. Өте құнды еңбек екенін ЮНЕСКО деңгейінде дәріптеліп отырғанынан байқай беріңіз.
«ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕР 10 ЖЫЛ БОЙЫ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙДІҢ ЭКСПОЗИЯЦИЯ ЗАЛЫНДА ТҰРДЫ»
Осы «Түркістан альбомы» еңбегінде ерекше тоқталып, суреттері берілген топ қатарында – сопы, дәруіш, қаландар (қалендар), ишан-пірлер бар. Бұл топты құрылымы мен идеялық жағынан молда, қалпе, имам, қари, мүпти секілді дінге қатысы бар топтан гөрі, өмір сүру салты мен бейіміне қарай арнайы әлеуметтік-этникалық топқа жатқызатын зерттеушілер көп. Олай деп қарауына олардың өмір сүру үшін ешбір талғауды қажет етпейтін аскеттік өмір салтын құп көруі себеп болса керек. Енді ол жағын зерттеуді дінтанушылар мен этнографтарға қалдырып, өзіміз сөз еткелі отырған жәдігер жайына келелік.
Сонымен, негізгі сөз еткелі отырған тақырыбымызға келу үшін арыдан, бір-бірімен кірігіп жатқан ғылымдар арқылы түсініктеме беріп шығуымызға тура келді. Биыл жыл басынан бастап Шымкенттің ескі тарихы мен этнографиясына қатысты жылы жаңалықтан басталған-тын. Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейге 2014 жылы Шымкенттегі «Сайрам музейінен» кеткен «Қаландар шапаны мен бөркі» деп аталатын құнды жәдігер қайта оралған. Былайша айтқанда, көне Сайрам мен Шымкенттің маңындағы аймақты мекен еткен пірадарлардың көзіндей болған мүкәммал дүния оралып отыр.
Шапан мен бөрікке қоса, тағы бірнеше құнды жәдігерлер: «Шархи Вақая» (хадис және сүрелер туралы араб тілінен парсы тіліне аударылып тісініктеме берілген жинақ), «Хидая» (Ислам қағидалары туралы арабшадан парсы тіліне аударылған түсініктеме), «Жами ар-Рамуз» (жақсылық, ар-намыс, әдептілік туралы арабша кітап), белгілі ақын Беділдің парсыша жазылған өлеңдері (2 кітап) қайтып отыр. Әдетте, музейшілер арасында «Ұлттық музей сұратқан экспонат қайта оралмайды» дейтін сөз жиі айтылады. Ал, шымкенттік музейшілер араға 10 жыл салып көне жәдігерін кері қайтарып алып отыр.
Бұл туралы «Шым қала» тарихи-мәдени кешені Қор сақтау бөлімінің қызметкері Н.Медетбекова ханым былай дейді:
– Бұл жәдігерлер 2014 жылы ҚР Ұлттық музей қазақ тарихын толыққанды көрсетуге арналған көрмеге уақытша алған екен. Көрме өткеннен соң аталған экспонаттарды қайтару жөнінде бірнеше хат жолданғанмен, осы уақытқа дейін қайтару туралы сөз қозғалмаған. Қазіргі директор Ж.Құрбан қызметіне келгелі музей жәдігерлерін қайта топтау туралы тапсырма беріп, Ұлттық музейден қайтару ісі қолға алынған еді.
Астана қаласына жәдігерлерді алып қайтуға мен бардым. Музей қызметкерлерінің айтуынша, біздің жәдігерлеріміз Ұлттық музейдің көрме залында экспозицияда тұрған жерінен алынып, сұранысқа сай қайтару туралы акт жасапты.
Қаландар шапаны мен қалпағы – өте құнды жәдігер. Бірақ, қай ғасырдың заты екені нақты жазылмаған. Әулеттен-әулетке мұра болып қалып отырған. Соған қарағанда, шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың жәдігері болса керек деп отырмыз.
Ал, «Сайрам музейінің» қызметкері Ф.Эрметова:
– Бұл шапан мен қалпақты 1992 жылы сол кездегі музей басшысы болған тарихшы, журналист М.Мирхалдаров деген кісі музей қорына алған екен. Қай ғасырға тиесілі екені нақты белгілі емес. Тек, жәдігерді тіркеу туралы жазбада «Тураханов Қадырхан ата киген» деп тіркелген екен. Шапанның арқасында, жауырын тұсында және қалпағында арабша қаріппен жазылған жазулар бар,-дейді.
Дәруіш қалпағындағы арабша жазу
«ИШАНДАР МҮРИТТЕРІНЕ АРНАЙЫЛАП БАТА БЕРІП, КОНУС ПІШІНДІ ҚАЛПАҚ КИГІЗГЕН»
Жәдігердің тіркеу журналына жазылған мәліметтеріне көз салдық. Экспонатты Сайрам кентінің тұрғыны М.Әріпханұлы 1992 жылы музейге тапсырыпты. Шапан – сопы-қаландарлардың үстіне жамылған, қара қой жүнінен тоқылған, астары сәтін матадан. Өңіріндегі, жеңі мен етек жағындағы жиекті өрнектері гүл секілді оюлармен әрленген. Өрнек жібі ақ, қызыл, қоңыр, көк түсті жібек материалдан тігілген. Арқа тұсында арабша қаріппен жазылған жазулар бар. Шапанның қалған бөліктері жол-жол секілденген жолақты болып келеді. Ал, қалпағы коңыр түсті «шайтан тері» деп аталатын кездемеден тігілген. Қалпақтың негізгі бөлігін конус тәрізді етіп, төрт бөлік кездемені қара жібек жіппен біріктіре тіккен. Төрт бөлікте де әрлеу үшін жібек жіппен екі қайтара өрнектер салынған. Араб әріптерімен жазылған жазу мұнда да бар. жазуларды оқығанда «Ла Фатан илла Әли» («Әлиден асқан мықты жігіт жоқ») дейтін секілді транскрипцияда оқыған. Шапан да, қалпақ та сопы-қаландарлардың сардары болған Қадырхан Қадырхановқа тиесілі болғаны тіркеліпті.
Ертедегі сопы-қаландар тобы киген шошақ төбелі бөрік секілді қалпақтардың қасиеті туралы интернет бетінде орысша жазылған түсініктемелер көп. Дегенмен, архив ақтарып жүрген көзі ашық қазақтың жігіттерінен жөн сұрғанды құп көрдік.
Көпшілік архивші, шежіреші, генеалог ретінде танитын Нұржан Сәдірбекұлы біздің сауалға бүй деп жауап қатты:
– «Ишандар институтына» қатысты көптеген тарихи құжаттар архивтерде сақталған. Ондай құжаттар қатарында патшалы Ресейдің жергілікті әкімшілігі жасаған әр-түрлі есептер, марапаттар дегендей мәліметтер мол. Соның ішінде маңызды құжат – «Капитан Лыкошиннің жазбалары» («Записьки помощника Шымкентского уезда капитана Лыкошина») деген құжат бар. Сол құжатта Шымкент аймағындағы ишан, молдалардың бәріне сипаттама берген.
Сол кезеңдегі деректерде ишан-пірлер халықтың ортасына келіп, дінге үйретіп, үгіт-насихат жүргізеді. Ишан-пірлер сол кездегі Түркістан аймағының ірі қалаларында, Ферғана, Тәшкен, Бұқара, Қаршы шаһарларын мекен еткен. Бірақ, олар үлкен қалаларда тұрғанмен, қазақ ауылдарына келіп, уағызын айтып, намазы мен зікірін үйретіп, зекет, ұшыр секілді алымдарын алып кететінін жазған. Оған қоса, ишан-пірлер тұрғындарға, мүриттеріне ішіне дұғалар жазылған тұмарларын таратады екен. Жазба ішінде тіркеліп қалған тағы бір қызық дерек, ишандар өзінің соңынан ерген мүриттеріне арнайылап бата беріп, конус пішінді қалпақ кигізген екен.
Ишан кигізген тақиялар сопы-мүриттердің арнайы статусын білдірумен қатар, оны киген кісінің бас ауруынан сауықтыратын қасиеті бар дейтін түсінік те болған. Мұндай шапан мен қалпақ кигізген ишан-піріне әлгі мүрит те өз кезегінде жақсылап қонақ етіп, ат мінгізіп, шапан жауып, алдына қой салып беруге тырысады екен.
Мұндай шапан мен қалпақ мүриттің жаңа рухани дәрежеге көтерілгенін көрсеткен. Былайша айтқанда, қазіргі таңдағы бакалавр, магистр, докторлық дәреже алатын кездегі мантия секілді өзіндік титул секілді нәрсе. Сопы-қаландарлық тариқаттардың орыс деректерінде «суфийский орден» деп жазылатын себебі де сол.
Дәруіш, диуана деген сөздер бүгінде қаңғыбас, бейшара, үйсіз, күйсіз дейтін мағынаға жақын сөз ретінде пайдаланылады. Дегенмен, бұл сөздің о бастағы мағынасы ислам дінін насихаттаушы, монах, аскеттік өмір салтын ұстанған сопы-қаландарлардың өмір салтымен байланысты болған. Дәруіштер өздерінің шайқысына қол беріп, солардың басшылығымен ханака, текке (текие) секілді баспаналарда күн кешіп, пірлерінің тапсырмасымен түрлі жақтарға дін насихаты үшін қаңғырып кете барады. Олар үшін материалдық құндылықтың түк те мәні жоқ. Тіпті, өзінің аяғына ілген шәркейінің өзін «менікі» деп қарамайды, барлық нәрсе құдайдікі дейді. Күнін де, түнін де жылап отырып, зікір етіп, құдайға құлшылықпен өткізуге бар.
Қаландар-сопылар. Туркестанский край, 1871—1872. Түркістан альбомынан
Орыстар Түркістан өңіріне келгенде қалаларды мекен ететін осы бір сопы-қаландар дәруіштердің өмір салты қатты қызықтырады. «Түркістан альбомы. 1871-72 ж.ж.» секілді деректерде арнайы суреттеулер жасалған. Өздерінің өмірі қандай мүшкіл болғанмен, ел ішінде сопылық тариқаттың басында тұрған ишан-пірлердің ықпалы өте зор болғанын таңдана жазады. Оған мысал Н.Сәдірбекұлы сілтеме жасап отырған «Капитан Лыкошиннің жазбалары».
Оңтүстік өңірдің қазақтары сопы пірлеріне қол беріп, Ясауия, Нақышпандия секілді тариқаттардың ықпалында болғаны белгілі. Міне, бүгінде Шымкентке қайта оралып отырған Қаландар шапаны мен қалпағының да рухани, мәдени, тарихи жағынан өз салмағы бар. Осындай құнды жәдігерлер Шымкентке қайтарылып отыр. Мәніне тереңірек үңілсеңіз, жұртқа сүйіншілеп, жар сала жариялайтын әжептеуір мәнге ие жаңалық, бірақ назардан тыс қалып тұр.
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Шымкент қаласы