«АЗАТТЫҚТАР» ОТЫН ЖАРЫП, КҮЛ ТАСУДЫҢ АЗАБЫНАН ҚҰТЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты «Азат» шағын ауданына табиғи газ барды. Аймаққа жалпы ұзындығы 9 шақырымға жуық газ құбыры тартылып, нәтижесінде 519 абонент  көгілдір отын тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Шағын аудан тұрғындарының қуанышына қала әкімі М.Әйтенов пен бірге халық қалаулылары, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент филиалының директоры С.Исмайлов және халық қалаулылары, «Қоғамдық кеңес» төрағасы Б.Әлтеев пен жергілікті тұрғындар, сондай-ақ, БАҚ өкілдері  қатысты.

Көгілдір отын жағып, тұрмысы жайлана түскендердің қатарында  Севара Чуманованың да  шаңырағы бар. Табиғи газдың  келуі көпбалалы әрі қонақжай отбасының тірлігін шуақты ете түсті. Үйі жылы, қазаны қайнаулы.

– От жағып, күл шығару қиындығы артта қалды,  қолымыз ұзаратын болды.  Осы кезге дейін көмір жағып келдік. Оның қаншалықты азап екенін өздеріңіз жақсы білесіз. Оның үстіне бағасы да қымбат. Бір қыстан шығу үшін қаншама ақша қажет. Ал табиғи газдың ақысын  тұтынған көлеміңе қарай ай сайын шетінен төлеп тұрасың. Ең бастысы, өміріміз үшін қауіптенбейтін болдық. Бұрындары балаларымыз иіс тиіп уланып қала ма деп, үрейленіп жүретінбіз,-дейді ол.

Қазір «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-нің өкілдері «Азат» мөлтек ауданында абоненттеу жұмысын жүргізуде. Олар жылыту маусымы басталғанға дейін ішкі желілерді тұтастай магистральды жүйеге қосып үлгеретін болады.

Шымкент қаласының  2025 жылға дейінгі даму жоспарына сай биыл жылдың соңына дейін тағы 7 елді мекенге газ беріледі. Осылайша 2023 жылы Шымкент тұрғындарының көгілдір отынмен қамтылу көрсеткішін  90 пайызға жеткізу жоспары бар. Ал, 2025 жылы  Шымкент қаласы тұрғындарының барлығы көгілдір отынның игілігін көрмек.

Сондай-ақ биылғы жылдың сәуір айында  Шымкент қаласында үшінші газ тарату станциясы да іске қосылды. Мегаполистің үлкеюіне байланысты, бұған дейін екі станция өз мүмкіндігінен артық жұмыс істеп келді. Енді жаңа нысаның іске қосылуы нәтижесінде станциялар шаһар аумағына сағатына 250 мың текше метр газды қиналмай жеткізуге қауқарлы.