АЛАШТЫҢ  АРДАҚТЫСЫ АСАНБАЙ АСҚАРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, ел басқару ісінде айырықша қолтаңба қалдырған Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Шымкент қаласында тау тұлғаны еске алу және ұлықтау шаралары өтті.

Асанбай Асқаров Оңтүстікті өркендетіп, Шымкенттің шырайын ашқан  іскер басшы. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында өңірде 180-ге жуық өнеркәсіп орны жұмыс істеді. Көпқабатты тұрғын үйлер бой түзеп, Одақ көлемінде теңдесі жоқ дендросаябақ  салынды. Зообақ, балалар темір жолы, атшабар секілді әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді. Алаш рухты азаматпен қызметтес болғандар оның іскерлік қасиетімен бірге адами болмысының да биік болғанын айтады.

         – Бұл кісі өз ісінің білгірі. Қай салаға барса да сол саланың майталманы сиқяты әңгіме өрбітіп, мәселені жіті пайымдайтын. Асекеңнің өзі керек кезінде экономист те, мәдениет пен руханият саласының жанашыры да, педагог ұстаз да, тарихтың терең білгірі де болатын. Менің байқайтыным, өз еліне деген сүйіспеншілігі алабөтен еді, ел дамуы жолындағы барлық тірлікті  жан дүниесімен беріліп атқаратынын сезетінмін,-дейді Асанбай Асқаровтың Шымкент облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары көмекші қызметін атқарған Жеңісбек Мәуленқұлов. 

         Мерейтойға орай бүгін Шымкент қаласындағы Асанбай Асқаров есімімен аталатын №77 орта мектепте ашық тәрбие сағаттары өтті. Шәкірттер асқақ тұлға жайлы шығармаларды оқып, сахналық қойылым қойды.

 Бүгінде Шымкент қаласындағы орталық көшелердің бірі және дендросаябақ Асанбай Асқаров есімімен аталады. Ескерткіші мен мұражайы бар.  Ақиқатшыл  адалдығымен, биік пайым парсатымен ел есінде қалған тұлғаны ұлықтау әрі қарай да жалғасын таппақ. Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Мұрат Әйтенов:

         –Асанбай Асқарұлы саналы ғұмырын туған халқына қызмет етуге арнаған іскер ұйымдастырушы, іскер басшы әрі ұйымдастырушы. Шымкент қаласында қазан айында Асқаровтың мұрасы мен тарихи тұлғасын тануға арналған республикалық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз,-деді.

         Шымкент – бүгінде зообағы бар елдіміздегі санаулы қалалардың бірі. Көлемі бойынша ең үлкені. Ал 140 гектар дендросаябақта Европа, Америка, Орталық және шығыс Азияда сирек кездесетін ағаш түрлері жайқалып өсіп тұр. Бүгінгі мереге орай шаһар тұрғындары мен қонақтары бұл орындарды тегін тамашалады.