«АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС ОРНЫ» – ЖҰМЫССЫЗДАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

 Шымкент қаласында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы  сәтті жүзеге асырылуда.  Мемлекет қолдауының арқасында мегаполисте жоғары оқу орнын және орта арнаулы білім ұяларын тәмамдаған жас мамандар жұмыс іздеп  сабылмай,  еңбекке  араласуда.  Жыл басынан бері осы мүмкіндікті пайдаланған  272 жас маман тұрақты жұмысқа орналасты.  Осылайша,  Шымкент қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының  жоспарлаған меже  119,8 %   орындалып отыр.

Жас мамандар университетті немесе колледжді бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмай бос жүріп қалатыны белгілі. Өйткені, жұмыс берушілер әдетте тәжірибесі бар кадрларға басымдық береді. Осы орайда, оқу орны түлектерін қолдау мақсатында Қазақстанда 2020 жылдан бастап нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Алғашқы жұмыс орны” жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Шахрух Рашитов – механик мамандығында оқып, диплом алған білімді жас. Жас маман бірнеше ай бойы жұмыс іздеп, мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаған-ды. Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты тиді. Бүгінгі таңда «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен детализация орталығында жұмыс істеуде. Автомобильге қатысты жұмыстарды бес саусағындай білетін ол, өз қызметін заман талабына сай деп санайды. Алдағы уақытта тәжірибе жинап, мықты маман болатынына сенімді.

Бүгінгі таңда Шахрух секілді тағы 271 жас маман «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары бойынша еңбекке араласты.

«Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы»  КММ директор орынбасары  Бекзат Толыбаевтың айтуынша, «Алғашқы жұмыс орны» жобасының талабына сәйкес, жұмыс беруші, сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығы жас маманды кем дегенде 2 жылға тұрақты жұмысқа қалдыру жөнінде келісім жасайды.

– Сонымен қатар, жұмыс істеген бірінші жылы мемлекет қызметкердің ай сайынғы жалақысына 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде субсидия береді. Бұл мерзім жас маманның қызмет атқару барысында жетілікті тәжірибе жинауына  мүмкіндік береді. Әрі тұрақты еңбекақы алатын болады,-дейді  орталық директорының орынбасары