БАЛАЛАР ЖЫЛЫНА ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкенттегі “Тұран” шағынауданында №79 жалпы орта мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеніне кқп бола қойған жоқ. Бүгінде білім ордасы мектеп оқушыларын жаңа оқу жылында қарсы алуға дайын отыр. Балалар 1200 орындық білім ордасында екі ауысыммен оқиды. Жаңа мектеп типтік негізде салынған, ашық спорт алаңшасы бар. Ал, бөбекжайлар мен балабақшалар мемлекеттік жан басына қаржыландыру негізінде жекеменшік нысандардың көмегімен шешіліп отыр.

Жаңа шағынауданның ажарын ашқан білім ұяларының қызметі тұрғындардың көңілінен шығуда. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан ауданда тағы да қуанышты жаңалық. Енді көп қабатты үйлердің ауласына бүлдіршіндерге арналған ойын және спорт алаңшалары салынып, бітті. Қазір, 192 орамдағы 16 көп қабатты үйдің алдына 8 кешен орналасқан. Яғни, әр 2 көп қабатты үйдің балалары өз ауласынан алыстамай, ата-анасының көз алдында ойнайды. Мұндай игі істер тізбегі жалғасып жатыр. Қаратау аудандық қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Спандияр Ораловтың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 4 ойын және спорт алаңшасы бар кешен ел игілігіне берілмек.

— Тұран күн санап түрленіп келе жатыр. Шағынауданға алғашқылардың бірі болып қоныстандық. Ол кезде жол, қоғамдық көлік сынды мәселелер шешілмеген еді. Қазіргі уақытта мұндай проблемалар шешілген. Әсіресе, балалар үшін ауламызда ойын алаңшаларының ашылып, тренажерлердің орнатылуы қуантып жатыр. Кішкентай бүлдіршіндеріміз көз алдымызда ойнап, жасөспірім ұлдарымыз бұқаралық спортпен айналысып, шынығып жүр. Осындай жайлы ортада өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз бақытты. Келешекте шағынауданда саябақ, аллея сынды демалыс орындары ашылып, мұнан да көркейе түсер деген сенімдеміз, – дейді көп балалы ана Ұ.Сыпатаева.