«БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯ» ОРТАЛЫҒЫ КӘСІПКЕ БАУЛИДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Ана мен бала амандығы, оларға рухани-материалдық тұрғыдан жәрдем беру мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Республика көлемінде жүргізіліп келе жатқан «Бақытты отбасы» бағдарламасы талай жанға шарапат шуағын шашып келеді. Шымкент қаласындағы  «Бақытты жанұя» орталығында Абай аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Оған көп балалы аналар мен зиялы қауым өкілдері әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қатысып өз мәселелерін ортаға салды.

«Бақытты жанұя» орталығына бүгінгі таңда 55 мың ана тіркелген. Оның 20 мыңға жуығына түрлі сала бойынша көмек көрсетіліп келеді. Мәселен орталық әлеуметтік әл-ау­қа­ты төмен отбасылардың балала­рын балабақша кезегіне тұрғызу, атау­лы әлеуметтік көмекке тіркеу, жеке куәліктерін қалпына келтіру, «Отбасы» банкіне арналған құ­жат­тарды жинау мәселелері мен заң­дық және психологиялық тұрғыдан туындаған сұрақтар бойынша жәрдем береді. Тек қана бұл көмектермен шектеліп қалмаймыз, дейді орталық басшысы.

Күрмеулі мәселелерді  ашық алаңда бәріміз жиылып, шешуге тырысамыз. Оның бәрі ақысыз атқарылады. Бізде аналарға арналған 8 түрлі курс бар. Онда оқыған қыз-келіншектерге арнайы сертификат беріледі. Олардың кейіннен үй жағдайында, балаларының қасында отырып, жұмыс істеуіне жағдай жасалады,-деді «Бақытты жанұя» орталығы КММ басшысы Абибулла Қалымбет.

Шымкентте өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары 13 мыңға жуық болатын. Қазіргі таңда ол көрсеткіш 4 мыңға азайған. Яғни «Бақытты жанұя» орталығы көпбалалы аналардың АӘК-ке тәуелді болмай кәсіптік тұрғыдан дамуына мүмкіндік берді.  Тегін курстар мен бизнес бастау үшін қаржылай грант ұтып алу мүмкіндігі талай жанға үміт сыйлаған. Орталықта тегін білім алып, алғашқы қолдаудың нәти­­жесінде өз кәсібін өрге дөңге­ле­т­­кендер аз емес.

Қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан жоба талай жанның жүзіне шуақ сый­ла­ғаны қуантады. Алдағы уақытта мұн­дай нағыз қажетті бағдарламаның ауқы­мы кеңейтіліп, шалғай аймақ­тар­да­ғы кәсіби мамандардың кеңесіне зәру болып отырған жандарға да қамқорлық көрсетілсе нұр үстіне нұр болмақ.