БЕСІНШІ АУДАНҒА «ТҰРАН» АТАУЫ БЕРІЛМЕК

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы жаңадан құрылатын бесінші ауданға «Тұран» атауы берілетін болды. Бұл атауды  Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары бір ауыздан қолдап үкімет қарауына ұсынды.

Шымкент қаласындағы бесінші ауданға атау беру туралы бұған дейін  қоғамдық тыңдау өткізілді. Алқалы жиында оны «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық»  деп атау немесе  ұлт мақтаныштары Шәмші Қалдаяқов, Асанбай.Асқаров, ЖұмабайТәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс пікірлер айтылған болатын. Жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым өкілдерінің  ұсынымдары  негізінде «Тұран» атауын көпшілік қолдады.

Шымкент қаласы мәслихатының сессия отырысында ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары да бір ауыздан қолдады. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36,3 мың гектар (қала аумағының 32% алып жатыр), ал халық саны 220,7 мың адам болмақ. Қаланың бас жоспарына сәйкес аудан аумағында, 2035 жылға дейін 1 мың 175 гектар жерге 2 мың 325 шаршы метр жаңа көпқабатты тұрғын үй  салу жоспарлануда. Осы орайда, сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов бесінші аудан құру – уақыт талабы екенін жеткізді.

Жаңа әкімшілік бөлініске мегаполистегі демографиялық өсім негіз болып отыр.  Ресми статистика бойынша шаһар тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға көбеюде. Оның үстіне  Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында аумағының кеңдігі жағынан бірінші орынға ие. Жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізетін болады.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласының құрамында 81 елді мекен бар.  Оның 41-і шаһар құрамына кейіннен қосылған ауылдар. Сондықтан оларды дамыту кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.