БИЫЛ 50 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында 2022 жылы жалпы құны 159,7 миллиард теңге болатын  50 инвестициялық жоба іске асады. Соның нәтижесінде 2 мың 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы инвестицияларды тарту бөлімінің басшысы Ермек Тұрматов мәлімдеді.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында биыл қала аумағында 52,8 миллиард теңгеге  16 жоба іске асуда. Межеленген іс толық орындалса тағы 1 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасады деп жоспарланған.   Бүгінге  соның  3 инвестициялық жобасы іске қосылды.   215 адам жұмыссыздық қамытынан құтылып, айлық табыс алатын болды.

Шымкент қаласының экономикасына инвестиция тарту мәселесі басым бағыттардың бірі. Жергілікті әкімдік осы салаға ерекше мән беріп, бұл бағытта алға қарай дамудың нақты қадамдарын үйлестіріп отыр.  Бұл мақсатта Шымкентте инвестициялық штаб жұмыс істейді. Штабтың әрбір отырысында қаланың экономикасына қаржы құя алатын қалталы азаматтардың мүмкіндіктері сараланып,  олардың ісінде кездескен кедергілерді жою мәселесі  талқыланады.

Бизнес өкілдерін қаланың өндірісіне, инфрақұрылымына тарту үшін оларға мұнан өзге де қолайлы жағдайлар жасалуда. Мұндай жеңілдіктерді  «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-кеңсесі арқылы пайдалануға болады.  «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін бұл мекемеде кеңестер беріледі және құжат рәсімдеу бойынша қызметтер көрсетіліп, әкімшілік кедергілерді жою, сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін түрлі жұмыстар атқарылады.

Жалпы, жыл басынан бері шаһар экономикасына 131,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың  осы мерзімімен салыстырғанда 29,9 пайызға көп. Шымкентте 2022-2025 жылдар аралығында 242 инвестициялық жобаны іске қосу көзделіп отыр.  Соның нәтижесінде алдағы үш жылда  шаһарда 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады.

Былтыр жүзеге асқан 15 жобаның ішіндегі  ең ауқымдысына «Алюминий банкілерінің өндірісін» жатқызуға болады. Ол Орталық Азияда теңдесі жоқ саналады. Шығарылған тауар келешекте елімізге келетін осы өнімнің импорттық баламасының 60 пайызын алмастырады. Сондай-ақ қала экономикасы үшін маңызды жобалардың бірі – «Standard Steel KZ». Осы жобаның арқасында бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы өндірістік қалдықтар тазартылып, қаланың экологиясын жақсара түспек.

Көрнекі фотосурет ашық көздерден