БИЫЛ 57 МЫҢ АЗАМАТ ЕҢБЕККЕ АРАЛАСЫП, ТАБЫС ТАБАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы бойынша биыл 57 мың 500  адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі таңға дейін оның үштен бірі өз мамандығы бойынша немесе өзіне ыңғайлы жұмыс орнына жайғасып үлгерген.  Жұмыс орындарын жасақтауда әсіресе ұлттық жобалар және жеке бастамалардың үлес салмағы басым.

Бұл бағыт бойынша жыл соңына дейін 24 мың азамат жұмыс істеп, табыс табатын болады. Сондай-ақ биыл еңбекке араласатын азаматтардың 1 мыңнан астамы  мемлекеттен қаржылай грант алып, жеке кәсіп бастамақ. Оған қоса 5 мыңға жуық адам уақытша жұмыспен қамтылады. Осылайша мегаполисте экономикалық жағынан белсенді халық саны 450 мыңнан асқалы отыр.

         – Биылғы жылға 23 мың 230 адамды бос және жаңа жұмыс орындарымен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 6 мың адам жайғасты. Жұмыссыздық деңгейі Шымкент қаласында 5,1 пайыз болса, жыл соңына дейін оны 5 пайызға түсіру туралы нақты жоспарымыз бар,-деді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова бүгін  ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде.

Сонымен қатар, ұлттық жоба шеңберінде 1 мың 632 жұмыссыз азамат жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес білім беру ұйымдарында  қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолдануда. Азаматтар бұл жерде үш ай бойына ақысыз оқытылады.

– Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша ағымдағы жылы 1 150 адамға өтеусіз негізде мемлекеттік грант берілу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 226 азаматқа 400 АЕК көлемінде грант берілді. Ал, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 4 819 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетіледі,-деді басқарма басшысы

Бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы бойынша  123 азамат   әлеуметтік жұмыс орындарына,  1 мың 295 жас маман «Жастар практикасына» бағдарламасы бойынша, 2 мың 221 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға  214 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша, 6 азамат «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы аясында, 7 адам  «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасқан.