БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкентте қала күніне орай «Мүмкіндіктер алаңы» деп аталатын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Онда жұмыс беруші 100 мекеме қатысып, 5000-ға жуық вакансия ұсынды.Оның ішінде медициналық, техникалық және педагогикалық мамандықтары бойынша тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары бар. Атап айтқанда, «Арт-құрылыс», «Каз Транс Аймақ», «Halyk Bank» АҚ, «Magnum Cash Carry» ЖШС, «Назар Текстиль» ЖШС және т.б қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар мен мектеп, бала-бақшалар өздеріндегі бос жұмыс орындарына жұмысқа шақырды.

Шара барысында қала тұрғындарына, халықтың осал топтарына да 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», және өзге де жобалар бойынша жұмыс орындары ұсынылды.

Сондай-ақ, жәрмеңке кезінде келушілерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс іздеушілерге қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, онда жас мамандарға түйіндеме толтыру, психологиялық көмек, және өзге мәселелер бойынша кеңес берілді.

Шымкентте жұмыссыз борышкерлерді еңбекке тарту шаралары да жолға қойылды. Қалалық жеке сот орындаушылар палатасының қызметкерлері бұл жәрмеңкеге алименттен берешегі бар борышкерлерді де қатыстырды. Жәрмеңкеге келген 50-ден астам борышкердің 12-сі жұмысқа жолдама алды. Айта кетейік,осыған дейінгі ұйымдастырылған осындай алаңда алименттен қарызы бар 30 азамат жұмыспен қамтылған болатын.

Жәрмеңкеде сонымен қатар, Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша әр өңірдің өкілдері қала азаматтарымен кездесіп, қолдау шаралары жайлы айтып түсіндіріп берді.

Жалпы, жыл басынан бері Ұлттық жоба шеңберінде 7 мыңнан астам шымкенттіктер жұмыспен қамту шараларына қатысты. Оның ішінде 991 азамат «Жастар практикасымен», ал 160 азамат «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысып, жұмысқа орналасқан. 100-ден аса азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жайғасты. Мұнан бөлек 226 шымкенттік жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.