«ДОСТЫҚҚА» ГАЗ БЕРІЛІП ЖАТЫР

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының  Қаратау ауданына қарасты «Достық» шағын ауданының халқы алдағы қыста көмір тасып от жақпаймыз деп қуанып отыр. 2000 жылдардың басында әлеуметтік мәселесі шиеленісіп кеткен бұл елді мекенде бүгінде түйіткілді мәселелердің бәрі рет-ретімен шешілуде.

Шағынауданның табиғи  көгілдір отынмен толық қамтылатыны туралы ақжолтай хабарды газбен қамту жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп барған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті халықпен кездесуде жеткізді. Бұл кездесуге аудан тұрғындарымен бірге, қоғам белсенділері, ауыл билері мен Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов мырза да қатысты.

–        2021 жылдың желтоқсан айында 46,06 шақырымға газ жүйесі тартылған болатын. Көгілдір отынмен қамтуда АГРС-3 нысанының іске қосылуын күттік. Енді міне, көптен күткен жұмыс толық аяқталып, сіздерге газ беріліп жатыр. Құжаттары дайын үйлер газға қосылды. Енді қалғандарыңыз да күз басталмай құжаттарыңызды әзірлеп үлгеріңіздер,-деді шаһар басшысы.

Жалпы, «Достық» шағын ауданында 2686 үй, нақты 15 750 тұрғын бар. Абонемент саны: 2 625. Мердігер мекеме «ГХ Шымкентгаз» ЖШС-гі жобаны 957,838 миллион теңгеге атқарып, жұмысты мерзімінде аяқтады.

Ал, тиісті басқарманың өкілдерінің айтуынша «2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, Шымшаһарда жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылмақшы.

Айта кетейік, аталған жұмыстардың барлығы 2015-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес жүзеге асып жатыр. 2014 жылы қабылданған бұл бас схема  Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету басымдығының стратегиялық бағыттарын көздейтін кешенді құжат болып табылады.