«ДОСТЫҚ» ШАҒЫНАУДАНЫНА САПАЛЫ ЖАРЫҚ БЕРІЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы, Қаратау ауданына қарасты Достық шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамту мегаполис үшін өзекті мәселелердің бірі болатын. Жыл соңына дейін осы мәселенің түпкілікті шешілетін сыңайы бар.

Бүгінде аталған елдімекенде электр тарату бекетіне керекті жабдықтар орнату жұмыстары аяқталды. Қазір желілерді жалғап қосу, қосылу көзіне кабель желісін жалғау және 13 электр трансформаторын орнату, 7 шақырым 10 кВ кабель желісін тарту жұмыстары қызу жүргізілуде.

Мердігер компаниялар  құрылыс жұмыстарының 83%-н аяқтады. Қараша айында абоненттеу жұмыстары жүргіземіз деп отыр.

Қаланы сапалы электр қуатымен қамту үшін 8 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынмен жалғасып жатыр.

Жыл соңына дейін шымкенттіктердің 99%-ы сапалы электр қуатын тұтынатын болады деп хабарлайды Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осы орайда ескерте кететін бір жәйт, қазіргі уақытта электр қуатын үнемдеу жаһандық мәселеге айналды. Электр қуатын шектемей тұтыну оны өндіруге жұмсалатын шикізат көздеріне ғана емес, жаһандық экологияға да айтарлықтай залалын келтіруде. Сондықтан адамзат болашағы үшін алаңдайтын әрбір азамат электр қуатын күнделікті тұрмыста үнемдей алудың алғышарттарын білуі қажет.

Қалалықтар тарапынан жарықтың желді күндері жиі сөнетіні туралы хабарламалар түсіп жатады. Бұл көп жағдайда электр энергиясын шамадан тыс қолданғанда орын алады.

Осы орайда, Қазақстанда қуат көзін үнемдейтін шамдардың пайдалануын арттыру үшін қызумен жарық шығаратын шамдарды пайдалану және өзге елдерден импорттауға тыйым салынғанын еске саламыз. Қолданыстан шыға қоймаған осы шамдардың орнына электр тогын аз тұтынатын шамдарды тұтынған жөн. Ондай шамдар қызу лампасынан 5-6 есе аз энергия жұмсайды. Тағы бір пайдалысы ол шамдардың ғұмыры кәдімгі лампадан қарағанда 8 есе ұзақ.