ЕҢБЕКШІДЕ ИГІ ІС КӨП

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты  6 елді мекенге биыл ауыз су жүйесі тартылуда. Бүгінгі таңда  Қарабастау, Қаратөбе, Жұлдыз, Жыланбұзған, Айнатас және Тоғыс  ауылында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша ол келесі жылы аяқталады.  Бұл туралы бүгін   қала әкімінің есепті кездесуінде аудан басшысы Д.Есілбек баяндады.

Бүгінгі таңда Еңбекші ауданына қарасты аумақтардың 94 пайызы ауыз сумен қамтылған. Яғни 35 елді мекеннің тұрғындары таза су тұтынады. Құрылысы жаңадан басталған 6 нысандағы жұмыстар аяқталғаннан соң, яғни  келер жылы бұл көрсеткіш 98 пайызға жетпек.

Ал аудан аумағындағы кәріз жүйесіне қосылған тұрғын үйлердің санын 59 пайызға жеткізу үшін  биыл  «Мирас», «Шапағат-2», «Ұлағат», «Солтүстік-шығыс» шағын аудандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шаһар аумағына кейіннен енген бұл аймақтың халқы енді бұрынғыдай шайынды суын далаға төгіп, әуре болмайды.  Құрылыс  жыл соңына дейін аяқталады. Ал, Жұлдыз тұрғын алабындағы кәріз жүйесінің  құрылысы биыл басталып, келер жылы қолданысқа беріледі.

Ауданды сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге байланысты да жұмыстар атқырылуда. Қазір Абдулабад, Тоғыс, Тұрдыабад, Маятас, Оңтүстік, Айнатас елді мекендерінің жаңа құрылыс аумағында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін аудан аумағындағы барлық аймақтар сапалы электр қуатын пайдалануға қол жеткізеді.  Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өткен жылы 18 көшеге  жарық шамдар орнатылған  болса,  биыл 34 көше  түнгі уақытта самаладай жарқырап тұратын болады.

Халықтың сұранысы мен талабына сай жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірі: табиғи газ құбырларын тарту ісі.  Еңбекші ауданы аумағын табиғи газбен қамту көрсеткішін бұл жылы 90,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда Тоғыс, Елтай, Оңтүстік, Жыланбұзған, Қарабастау елді мекендеріне газ жүйесін тарту үшін жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. Құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталмақ.