«ЖАС КӨШБАСШЫЛАР АКАДЕМИЯСЫ» АШЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы алғаш рет ұлттық педагогикаға негізделген, жас көшбасшылар академиясы ашылды. Бастауыш сыныптарға арналған мектеп 300 оқушыға лайықталған. Мұнда бүлдіршіндерге қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Тіпті, түстен кейін баланы осында қалдырамын десеңіз, арнайы демалатын төсек-орын да бар. 

Академияның басты мақсаты – ұлттық педагогикаға негізделген. Яғни, қазақи дүниетаным, тәрбиемен білім беретін мектеп болмақ. Әр сыныпта 12-13 бала оқиды. Мұндай жағдайда мұғалімнің баламен жұмыс жүргізуіне, сапалы білім беруіне мүмкіндігі көп болады. Бұл іске жұмылдырылған ұстаздары да осал емес. Кем дегенде еңбек өтілі 20 жылдан астам. Педагогикалық ұжым өзін дәлелдеген, білім мен тәрбие ісінде әбден шыңдалған мамандардан жасқаталып отыр.

Академия ұлттық құндылық пен ұлттық тәрбиеге негізделген. Алматыдағы білім беру институтымен бірлесе отырып, концепциясын жасадық. Мектеп тек оқу бағдарламасына сай білім берумен  шектелмейді. Сонымен бірге балалар кәсіптік ой, сөз өнері, робототехника және тоғызқұмалқпен шұғылданады, –дейді «Жас көшбасшылар академиясының» директоры Малика Абдалиева.

«Жас көшбасшылар академиясының» басты бағыты сөз өнері. Ұстаздар балаларды шешендік пен кәсіптік ойлауға да баулиды.  Сонымен қатар ең бастысы балалар Латвия әдістемесі бойынша робототехниканы оқиды. Механика мен құрастырудың негіздерін қызықты түрде үйреніп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытады.

– Ұлы ғұлама Әл-Фраби бабамыз  «тәрбие адам баласына сөз өнері арқылы дариды» деген. Онан бөлек, ата-бабамыздан бері жілісін үзбей келе жатқан елмен елді татуластыру, дипломатиялық істердің барлығы да билер институты кезінен шешендік өнер арқылы шешімін тауып келеді. Бұл адам бойында  ойлау, парасаттылық, әділеттілік, жомарттық қасиеттерін дарытады. Біз, міне, осыларды дәріптейміз,-дейді идея авторы Ерұлан Жиенбаев.

Қазір мектепке оқушы қабылдау жүріп жатыр. Егер бала, академияда түске дейін пән сабақтарын оқыса, жан басына қаржыландыру бағдарламасына сай тегін білім алады. Ал, қосымша үйірме мен пән үйірмелеріне қатысатын болса бұл ақылы түрде жүзеге асады.