ЖӘРМЕҢКЕДЕ ЖЕҢІЛДІККЕ ИЕ БОЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Қазір үй сатып алудың жолдары көбейді. Қолыңызда өзіңізге ұнаған үй құнының бір бөлігі болса, баспаналы болуға мүмкіндік зор. Әсіресе, жаңадан салынған үйлерді мемлекеттік бағдарламалар, ипотека арқылы алуға болады. Тек ол үшін көбірек іздену керек. Өйткені, құрылыс компанияларының үй сату  тәсілдері әрқалай.

Ол үшін құрылыс компанияларының кеңселерінен, банк бөлімшелеріне барып  консультация алу керек. Оған бірнеше күн уақытыңыз кетеді. Осыны ескере отырып, Шымкентте жылжымайтын мүліктер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған Шымкент қаласындағы «Арбатта» өткен жәрмеңкеде 12 құрылыс компаниясының өкілдері келіп,  тұрғын үй ұсыныстарымен таныстырды. Сондай-ақ, қалалықтар  «Отбасы банкінен» консультация алу мүмкіндігін иеленді.

Іс-шараның кешкі уақытта өткені де  тұрғындар үшін ыңғайлы болды. Жұмыс уақыты аяқталған соң алаңсыз  шаһарда тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан оннан астам компанияның жобаларымен танысты.

Біздің кейіпкеріміз Ұлжан Досболова көпбалалы ана. Ол соңғы 3 жылдан бері 3 бөлмелі пәтер алуды жоспарлап жүр екен. Жаңадан салынған үйлерден пәтерлі болсам дейді. Құрылыс компаниялар салып жатқан үйлердің бағасын біліп, «Отбасы банк» қызметкерлеріне табысын есептетіп, қандай бағдарламамен, қайсы компаниядан үй алу тиімді екенін аз уақыт ішінде біліп шыққанына қуанышты.

– Шынында, мен үшін  мүмкіндіктер алаңы болды.  Осыған дейін қолым қалт етсе салынып жатқан үйдің құрылыс алаңына барып көріп келемін де, бірақ оны сатып  алу жолдарын қарастыру үшін банкке баруға уақыт таба алмайтын едім. Бүгін 12 компанияның салған үйлерінде қай пәтер бос, қайсысы маған ыңғайлы, қайсысына қаражатым жетеді осы сұрақтардың бәріне жауап алдым, -дейді ол.

Осылайша, шымкенттіктер жәрмеңкеде мердігерден жаңа тұрғын үй кешені жайлы ақпарат алып қана қоймай, Отбасы банкінің мамандарының кеңесіне жүгініп, есептеу жүргізіп, өзіне ыңғайлы ипотека бағдарламасын таңдап, тіпті 3 миллион теңге жеңілдікке де ие болды. Жеңілдік дәл сол жерде несиеге алдын ала мақұлдау алған шымкенттіктерге берілді.

– Біздің банк қазір қалада тұрғын үй салып жатқан бес құрылыс компаниясымен тығыз жұмыс жүргізуде. Олардың арасында «BI Group» сияқты алпауыттармен бірге жас мекемелер де бар. Арадағы келісімшарт аясында пәтер сатып алушының алғашқы жарнасы 50 пайыздан 30 пайызға төмендеп отыр. Бұл азаматтар үшін үлкен жеңілдік. Сондай-ақ, бүгінгі жәрмеңкеде үй салушылар клиенттерге 2 пайыздан 5 пайызға дейін жеңілдік жасады. Қазір құрылыс компанияларының арасындағы бәсекелестіктің жоғарылауы құрылыс сапасының артуына да сеп болып отыр, – дейді «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Отбасы банк» Шымкент қаласы  бойынша 2 мың несие мақұлдаған. Бұл күн сайын 10-15 азамат ипотекалық қарыз рәсімдеп, қоныс тойын тойлайды деген сөз. Бұған қоса тұрғындар баспаналы болу үшін 18 мың жаңа салым ашқан.

Жәрмеңкеде  «Отбасы банк» пен жеке құрылыс компаниялар («BI Group», «OKS Development», «Otau Group», «Батсу», «Конфарсити»)  ипотекалық кредиттерді рәсімдеудің жаңа жағдайлары бойынша өзара келісімшарт жасасты. Онда сатып алушы пәтердің жалпы сомасының 30 пайызын төлей отырып «Отбасы банк» арқылы ипотекалық кредит рәсімдей алады.