ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНА ЖАҚЫНДАҒАН АЗАМАТТАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында жасы зейнеткерлікке таяп қалған азаматтар ешбір кедергісіз жұмысқа орналасуда.  Бүгінде шаһарда «Күміс жас» жобасы аясында 15 азамат өзіне ыңғайлы  жұмыс тауып, еңбекке араласты. Жыл соңына дейін егде жастағы  тағы  30  азамат жұмысқа орналасатын болады.

«Күміс жас» – мемлекеттік бағдарлама тұрақты жұмысы жоқ, зейнет жасына жақындаған азаматтарға арналған. 60 жасқа таяған қазақстандықтардың жұмысқа орналасуы аса қиын екенін ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл арнайы жобаны әзірлеген еді. Биыл елімізде зейнет жасына жеткен шақта жұмыссыз қалған 5 мың адам жұмысқа орналасады. “Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы” КММ директор орынбасары Бекзат Толыбаевтың айтуынша  жыл соңына дейін  Шымкент қаласы бойынша «Күміс жас» жобасы арқылы 30 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгіннің өзінде зейнет жасына жақындаған 15 адам мамандығы бойынша жұмыспен қамтылыпты. Солардың бірі 62 жастағы Күмісбек Мейірәлиев.   Ол бұған дейін аграном  болып жұмыс істеген.  Кейіннен жұмыс орнында  қысқартуға ілініп жұмыссыз қалады. Жасы егде тартқанымен әлі еңбектен қол үзе қоймаған азамат  «Күміс жас» жобасын   естіп, өткен айдың қараша айында жұмыспен қамту орталығына  өтінім қалдырған. Орталық мамандарының көмегімен Күмісбек Мейірәлиев қала аумағындағы жеміс бағына биылғы жылдың  маусым айында мамандығы бойынша қызметке тұрды.

– Өз мамандығым бойынша жұмыс тапқаныма қуаныштымын. Өзім қыр-сырын жетік білетін іс. Бауымыз тамшылатып суарылады. Арам шөбін тазалаймыз. Ағаштардың артық өсікіндерін кесемін. Ай сайын алатын жалақым да жаман емес,-дейді бағбан.

Жұмыс берушілердің қызметкерлерге төлейтін жалақысының бір бөлігі бюджет есебінен субсидияланады. «Күміс жас» жобасына қатысу үшін әуелі жұмыспен қамту орталықтарында «жұмыссыз» ретінде тіркелу қажет. Содан кейін Еnbek электрондық порталында өтініш қалдырсаңыз болғаны. Жаңа жоба 2025 жылға дейін жоспарланған.