ИНФРАҚҰРЫЛЫМ БАСТЫ БАҒЫТ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» нақтыланып, бекітілген. Жұмыс та жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек айтты.  

—   Аудан аумағындағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтсақ, ауыз сумен 94,5 %, электр жарығымен 96,5 %, табиғи газбен 90,7 %, кәріз жүйесімен 57 % және асфальт жолмен 71,5 % қамтамасыз етілген.

Қалаға қосылған 6 елді мекеннің жаңақұрылыс аумақтарын (Қарабастау, Жұлдыз, Қаратөбе, Тоғыс, Жыланбұзған, Айнатас) ауыз сумен қамту бойынша «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.
Ауданда шағынаудан мен тұрғын алаптарды электр жүйесімен қамтуда жекеменшік жүйенің үлесі 2,5%, қамтылмағаны 1%, ол – жаңақұрылыс учаскелері. Жекеменшік жүйедегі 10 тұрғын алапта және жарықпен қамтылмаған елді мекендерде мердігер «А Мерей и К» ЖШС-і электр жүйелерінің құрылысын атқаруда. Қазіргі таңда Абдулабад тұрғын алабында жұмыстар аяқталу сатысында, Тұрдыабад елдімекенінде және «Оңтүстік» шағынауданында құрылыс қарқын алған, дейді аудан басшысы.

Жыл қорытындысымен ауданда сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін 100 %-ға жеткізу жоспарда бар екен.
-Ал, табиғи газ жүйесімен қамтылмаған аумақтарды (9,3 %) мемлекеттік жүйемен қамту 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарға енгізіліп отыр. Қазіргі уақытта 5 елді мекеннің (Қарабастау, Тоғыс, Елтай, Жыланбұзған, Оңтүстік) жаңақұрылыс аумағына ЖСҚ әзірленуде. Жалпы аудан бойынша 2025 жылы табиғи газбен қамту мәселесі толық шешімін табады.
Ауданның кәріз жүйесімен қамтылу жағдайы – 57%. Ұлағат, Солтүстік-шығыс шағынауданында кәріз жүйесінің құрылысын 2022 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Мирас, Шапағат шағынаудандарында құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.
Сонымен қатар, жол инфрақұрылымын дамыту – алдымызда тұрған басым бағыттардың бірі. Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға көңіл бөлініп келеді. Мәселен былтыр 4 магистралдық және 53 қалаішілік көшелерге асфальт төселсе, биылғы жоспар ауқымды. Жалпы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көше жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде, 99 көшеге асфальт қабаты төселіп, пайдалануға берілді. 33 көшеде жұмыс жалғасып жатыр деген әкім:
2021 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында 18 көшенің 20,9 шақырымы жарықтандырылды. 2022 жылы 34 көшені (51,1 шақырым) жарықтандыру жоспарда. Бүгінде 18 көшеде бұл жұмыстар толық орындалды.
Сондай-ақ, аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын салдарынан су басудың алдын алу мақсатында өткен жылы 14 мекенжайда 3,3 шақырым ирригациялық арықтар орнатылғанын айтты.

Биыл Шымкентке жауын-шашын шамадан тыс түскені белгілі. Аудан аумағында  52 мекенжайда су көлдеу жағдайы анықталған. Қазір әкімдік су басудың алдын алу бойынша бірінші кезекте 7,3 шақырымды 21 мекенжайға ирригациялық арықтар орнатуды жоспарлап, бюджеттен қаржы бөлген. Мердігер мекеме «Профиленд» ЖШС-і Қызғалдақ көшесінде жұмыстар атқарып жатыр.