КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ БОЛМАЙДЫ ДЕЙДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елдімекендері ауыз суды кестемен тұтынады. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр.  Олар:  Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Нұртас ВС, Текесу е/м, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ е/м. Ал, Сайрам елді мекенінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда Құрсай елді мекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның 80 пайыздан астам құрылыс жұмыстары аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2023 жылға өтпелі.

Осы жылдың қорытындысымен  Құрсай,  Асар-2, Текесу елдімекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99%-ға жетеді. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады.

Сондай-ақ, Шымкент қаласын электр қуатымен қамту көрсеткішін биыл 98 пайызға жеткізу жоспарға қойылған. Жоспар бойынша 5 елдімекен – Жаңаталап, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле шағын ауданында және Бозарықта 1 қосалқы станция, «Ақжар» 110 кВ қосалқы станцияларында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал, Ынтымақтағы қосалқы станция, Нұрсат, Қайнарбұлақ, Батыс, Солтүстік саяжай шағын аудандарында құрылыс жүруде, келер жылы аяқталады. Нәтижесінде 2023 жылы қаланың электр қуатымен қамтылу деңгейі 100 пайыздық көрсеткішке жетеді.

Алғашқы жарты жылдықтағы жұмыстар нәтижесінде – Ақжардағы қосалқы станциясы жұмысы 97 %, Сәуле 97 %, Cолтүстік саяжай 88 %, Достық 80 %, Жаңаталап 67 %, Тұран 2-3 64%, Батыс 56 %, Нұртас 50%, Қайнарбұлақ 45 %, Бозарық 45 %, Нұрсат 33% орындалған.