КОНСТИТУЦИЯ БЕЙБІТ ӨМІР МЕН БЕРЕКЕЛІ ТІРЛІКТІҢ ТІРЕГІНЕ АЙНАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Елдігімізге тұғыр болған Ата Заңның қабылданған күнін Шымкент қаласының жұртшылығы  қызу мерекеледі. Халық саны  миллионнан асып, дербес қала мәртбесіне ие болған шаһар қоғам дамуына кепіл болған Конституцияның арқасында өркендеп келеді.

Мегаполис атанған 4 жылдың ішінде шаһардың өнеркәсіп әлеуеті 60 пайызға артып, халық саны 120 мың тұрынға көбейген. Қалада кәсіпкерлік субьектілерінің саны 30 пайызға артқан болса, олардың шығарған өнімдері биыл 1 триллион теңгеден асып жығылған. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жұртшылықты мерекемен құттықтап,  Ата заңымыздың қалыптасу тарихына, елімізді өркендетудегі роліне тоқталды.

         –  27 жыл қолданыста болған Ата заңымыз мемлекетімізді биік белестерге жеткізіп, елімізді беделді әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналдырды. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді республикалық референдумда азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум нәтижесі саяси жаңғыру символына айналып, Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміздің бекем екенін көрсетті. Жаңарған Конституция негізінде елімізде жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды орнатуға бағыт алды. Конституциямыз биліктің барлық институттары қызметінің мейілінше тиімді моделін қалыптастырып, халық пен  билікті одан әрі жақындата түсетін болады,-деді қала әкімі.

Ата Заңды ұлықтау салтанатына  зиялы қауым, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестік мүшелері, жастар мен мәдениет майталмандары қатысты. Түркістан сарайының сахнасында Дала заңына бағынған көшпенділер бейнесі, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің әділ шешім орнатқан дәуірі көрсетілді. Көк туымыз желбіреп, Елтаңба ардақталды, Әнұран шырқалды.

Мерекелік жиында қоғамның әр саласында ерен еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтар марапатталды.  Шара соңында «Алашұлы» тобы, «Қаратау» фольклорлық ансамблі, опера және балет театрынаң симфониялық оркестрі және «Қазына» би ансамблі өнер көрсетті.