КӘСІПТІК ОҚЫТУЛАРҒА ЖОЛДАМА БЕРІЛУДЕ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында  Шымкент қаласы бойынша биыл  1 мың 632 азаматты оқыту жоспарлануда. Ол негізінен  жұмыс берушілердің сұрауы бойынша  жүзеге аспақ.  Сондай-ақ , «Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бойынша 760 азаматты оқыту жоспарланып отыр. Оның 220-ы жастар санатындағылар. Бұл туралы   Шымкент қаласы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту  орталығы» КММ-нің  директоры  Әсет Шағдат Әсетұлы айтты.

– Жалпы кәсіптік оқытуларға шілде айының басында жолдама беру басталды. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне байланысты 3 ай мерзімге созылады.

Атап айтқанда:  қызмет көрсету саласында 12 мамандық бойынша 795 адам, ауыл шаруашылығы саласында 3 мамандық бойынша 75 адам, өндіріс саласында 7 мамандық бойынша 1310 адам, құрылыс саласындағы 9 мамандық бойынша 320 адам арнайы білім алып, сертификатқа ие болған,-деді ол.

Мегаполисте 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының І-бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2 мың 500 азамат жолданды. Оларды 25 білім беру мекемесі 31 мамандық бойынша оқытып шығарған.

Мұнан бөлек, Шымкент қаласы бойынша  биыл 1 мың 976 азаматты skills.enbek.kz онлайн режимде оқыту көзделіп отыр. Олардың 998-ы жастар.

Биылғы жылы 74 жұмыс берушіден 29 мамандық бойынша кәсіптік оқыту сұранысы түскен.   Мұндай талапкерлерге ай сайын шәкіртақы төленеді. Биыл  оқуға жолданғандар  20 мың 948 теңге шәкіртақы алады.  Сондай-ақ, 6 126 теңге болатын бір реттік материалдық көмек те  беріледі.

Биылғы жылдың 9 наурызынан бастап Шымкентте кәсіптік оқыту платформасы оңтайландырылды және жаңа сервистер іске қосылды. Қазақстандықтарға кәсіби өсу және дағдыларды арттыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін платформада курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы құрылды. Жастардың  оқыту процесін қадағалау және курс авторларымен жылдам өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі жасалды.